Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Парламент каникулға шықты

Парламент каникулға шықты

Мәжілісте Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Палаталар сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті бірінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселелерді қарады.

Бірлескен отырыста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов баяндама жасады.

Былтыр Қазақстан халқы Бүкілхалықтық референдумда Президент реформаларын қолдады. Еліміздің жаңарған Конституциясы бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашты. Суперпрезидентітк жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік. Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді. Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті, - деді Мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, азаматтардың құқығын қорғаудың Конституциялық тетіктері нығайтылды. Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші күшіне айналды.

Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды, Сенаттың құрылымы өзгерді, ҚХА Сенатта өз мандаттарын алды. Сонымен қатар Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды.

Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болып отыр. Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты, - деді Қошанов.

Сонымен қатар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді. Сегізінші сайланымды басқа шақырылымдарға қарағанда ең жас Парламент деп айтуға болады. Жасы әлі 35-ке толмаған 13 депутат Қазақстан жастары атынан өкілдік етіп жатыр. Бүгінгі таңда жаңарған Парламент саяси мәдениеті жоғары, беделді халық қалаулыларынан құралған.

Отырыстың соңында депутаттар сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті бірінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы қаулыны қабылдады.
30 маусым 2023 ж. 1 344 0