Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Саяси бәсекеде сыналған сайлау жүйесі

Саяси бәсекеде сыналған сайлау жүйесі

Астанада Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай «Конститу­циялық реформа және сайлау жүйесі» атты екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Халықаралық нормалармен сәйкестік

Іс-шараға 16 шет мемлекеттің орталық сайлау органының және 6 беделді халық­ара­лық ұйымың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Дүниежүзілік сайлау орган­дары­ның қауымдастығы, ЕҚЫҰ, ТМД Атқару комитеті, Парламентаралық одақ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі делегаттары келді.

Конференцияға сондай-ақ республи­ка­ның бірқатар мемлекеттік органының басшылары, Парламент депутаттары, ОСК жанындағы Сарапшылық кеңес­тің, Мүгедектігі бар адамдардың сай­лау құқықтарын қамтамасыз ету жө­нін­дегі жұмыс тобының, Жас сайлау­шылар клубының, аумақтық сайлау ко­мис­сия­ларының мүшелері, саяси пар­тия­лардың, ғылым, білім, қоғамдық ұйым­дардың, масс-медианың өкілдері қатысты.

Іс-шараның бірінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференцияға қатысушыларға арналған құттықтау хатын Президенттің кеңесшісі Ернар Баспаев оқып берді.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында еліміздің сайлау органдары дәйекті даму жолынан өтіп, мемлекеттік биліктің аса маңызды институттарын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Бұл органдар сайлау құқығына қатысты әлемдік деңгейдегі жоғары талап­тарды әрдайым сақтай білді. Сон­дай-ақ халықаралық серіктестермен ынты­мақтастықты нығайтып, қоғаммен ашық диалог орнатты. Мысалы, шетел­дің озық тәжірибесін ескере отырып, аумақтық комиссиялардың кәсіби дең­гейін көтеру, жұмысын жақсарту және оның әрбір мүшесінің мәртебесін ай­қындау үшін нақты шаралар қабылданды.

«Қазақстанда жан-жақты өзгерістер кезеңінде сайлау заңнамасын үнемі жетілдіріп отыруға баса мән беріледі. Осы күрделі әрі жауапты міндетті орындау үшін сарапшылар қауымымен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Бүгінгі басқосуда бұл саланы дамытуға қатысты салмақты ой-пікірлер айтылып, тың тәсілдер ұсынылады деп сенемін», деді Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде және конференция қатысушыларына жемісті жұмыс тіледі.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов құттықтау хаттарын жолдады. Конференция қатысушыларына арна­ған сөзінде ТМД Атқару комитеті деле­гациясының басшысы – ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов Қазақстанда халықаралық нормаларға сай келетін сайлау жүйесі құрыл­ғанын, ол елдің әрбір азаматына өз еркін білдіруге, сайлауға және сайлануға, осылайша мемлекетті басқаруға қатысуға құқық беретінін атап өтті.

«Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ТМД кеңістігіндегі сайлау қыз­метінде шын мәнінде флагмандардың біріне айналды», деді Л.Анфимов.

Парламентаралық одақтың құрметті Президенті Дуарте Пашеко 2022 жыл­ғы ре­ферендумда халық қолдаған консти­туциялық реформа Қазақстанның демо­кра­тиялық қағидаттарға қызы­ғу­шы­лы­ғымызды арттырып, сайлау жүйе­мізді же­тіл­діріп жатқанымыздың дәлелі екенін атап өтті.

Конференция барысында Дүние­жүзілік сайлау органдары қауым­дастығының Бас хатшысы док­тор Ин-сик Джангтың, Түркі мем­ле­кет­тері ұйымының Бас хатшысы Ку­банычбек Омуралиевтің және ТМД Пар­ламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкийдің бей­неқұттықтаулары көрсетілді.

 

Ынтымақтастыққа бағытталған құжаттар

Сайлау тарихы туралы және Қазақ­станның кейінгі 30 жылдағы сайлау жүйе­сін дамытудың барлық кезеңін қам­титын көрме үлкен қызығушылық ту­дырды. Көрме материалдары конс­титу­ция­лық реформаның, сайлау заң­намасын жаңартудың негізгі эле­мент­терін көрсетеді, сондай-ақ миссия, пайым,­ құндылықтар, қағидаттар, мақсат, басымдықтар сияқты ОСК одан әрі дамуының стратегиялық негіздеріне назар аударады.

Конференция аясында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Өзбекстан Республикасы ОСК төрағасы З.Низамходжаев, Армения Республикасы ОСК төрағасы В.Овакимян, Түркия Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы А.Йенермен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Меморандумдарға қол қою сайлау жүйелері мен сайлау үдерісін дамытудағы елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Конференция шеңберінде «Конститу­циялық реформа мәнмәтініндегі сайлау заңнамасының эволюциясы» және «Сайлау жүйелерін дамытудың өзекті трендтері» атты екі тақырыптық сессия жұмыс істеді, іс-шаралар барысында қатысушылар мен қонақтар баяндамалар жасап, аталған тақырыпта пікір алмасты. Атап айтқанда, мемлекеттердің қазіргі заманғы сайлау жүйелерінің алдында тұрған талаптары талқыланды, электрондық дауыс беру және басқа да заманауи сайлау технологиялары мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жүзеге асырылды. Шетелдік әріптестер Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізілген Қазақстанның саяси реформаларына оң баға берді.

Сессияларда Әділет министрі А.Ес­қараев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Д.Қадыров, Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ә.Тұ­рысов, Грузия ОСК төрағасы Г.Калан­даришвили, Беларусь Республикасы ОСК төрағасының орынбасары В.Ипатов, Қырғыз Республикасының Сайлау және ре­ферендум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Н.Шайл­дабекова, Өзбекстан Республикасы ОСК төрағасы З.Низамходжаев, Мол­дова Рес­публикасы ОСК хатшысы А.Бер­лин­ский, Ресей Федерациясы ОСК мү­шесі К.Мазуревский, Иордания ОСК мүшесі доктор Раед Әл-Адван, арнайы шақырылған ЕҚЫҰ сарапшысы Д.Дуэнас-Сид, Эстония Ұлттық сайлау комитетінің мүшесі Д.Нахкур-Таммиксаар, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығының басшысы Ж.Буқанова баяндама жасады.

Нұрлан Әбдіров өз сөзінде Орталық сайлау комиссиясы сайлау органдарының бірыңғай жүйесін басқара отырып, жал­пымемлекеттік деңгейде сайлау үдерісін басқару саласындағы алғашқы арнайы орган болғанын атап өтті. ОСК құрылған сәттен бастап мемлекеттік би­ліктің заңды институттарын қалып­тастыруға тікелей қатыса отырып, Қа­зақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты.

Көптеген беделді халықаралық ұйым­ның белсенді мүшесі бола отырып, Қазақстан еркін және бәсекелі сайлау өткізу бойынша өзіне қабылдаған барлық міндеттемені ұстанады. Еліміздегі барлық сайлау науқаны ұлттық заңнамаға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (1948 жыл), ЕҚЫҰ Копенгаген кеңесінің құжатында (1990 жыл) қамтылған демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына сәйкес өтеді.

«2022 жылғы 5 маусымда өткен респуб­ликалық референдумда жалпыхалықтық қолдау тапқан Президенттің конститу­циялық реформасына тікелей байланысты сайлау заңнамасының іргелі жа­ңашылдықтары саяси жүйенің бүкіл конфигурациясын өзгертіп, сайлау кеңістігіне трансформациялық әсер ете отырып, қо­ғамдық қатынастардың жаңа дәуірі үшін жол ашты. Сайлау үдерістері арқылы аза­маттардың мемлекетті басқаруға қаты­суын кеңейтуге баса назар аударылды», деді ОСК басшысы.

Ол сондай-ақ комиссияның одан әрі дамуының стратегиялық перспективаларына және оның көзқарасы, миссиясы, құндылықтары, қағидаттары, мақсаттары, басымдықтары сияқты элементтерін анықтауға баса назар аударды. «Ал бұл элементтердің барлығы Сайлау туралы Конституциялық заңда айқындалған комиссияның мандатынан туындайды: ОСК – референдумдар мен сайлауды да­йын­дау және өткізу жөніндегі мемлекеттік сайлау органы», деді Н.Әбдіров.

 

Озық тәжірибе, ортақ мүдде

Түркия мысалында сайлау саласын­дағы озық тәжірибелер туралы А.Йенер айтып берді. «2023 жылғы 3 қарашада Қазақстанның төрағалығымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х самми­тінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мем­лекеттерінің сайлау саласындағы ынты­мақ­тастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, ТМҰ-ға мүше елдердің Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруды ұсынды. Ол бұл бастама жүзеге асырылатынына және біздің демократиялық басқаруды нығайтуға деген ұжымдық міндеттемемізді прак­тика­лық деңгейге көтеретініне сенім білдірді», деді А.Йенер.

Ал Г.Каландаришвили Грузияның сайлау жүйесін дамытудың негізгі жолдары және қазіргі заманғы сын-қатерлер туралы баяндама жасады. «Өткен жылы өткізілген референдум және Конституцияға ен­гізілген өзгерістер жақсы тәжірибе болды, бұл елдің демократиялық дамуын жаңа жолға ауыстырды және референдум нәтижесінде көп ұзамай сайлау­шы­лар референдумға қатысу және тиіс­ті шешімді жақтау арқылы қолдаған жаңа мандаты мен құзыреті бар елдің Пре­зиденті мен Парламенті сайланды. Сондықтан комиссия таңдаған конференция тақырыбы оқиғалардың одан әрі дамуын талқылау үшін өте уақтылы», деді Г.Каландаришвили.

«Қазақстанның ұлттық сайлау жүйесі 30 жыл ішінде үлкен жолды өтті және бұл үдеріс Қазақстанның дамуымен, мемлекеттілікті және демократиялық негіздерді нығайтумен, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтама­сыз етумен тығыз байланысты. Демо­кра­тиялық сайлау өткізу, маңызды мем­лекеттік міндеттерді шешу, сіздің елі­ңіздің болашағы ОСК мүшелерінің құзыреттілігіне, кәсібилігіне және жауап­кершілігіне байланысты», деді Өзбекстан ОСК төрағасы З.Низамходжаев.

Сессия барысында Қырғыз Респуб­лика­сының сайлау және референ­дум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Н.Шайлдабекова сайлау жүйе­сін дамыту туралы өз көзқарасымен бөлісті.

«Осы кезеңде ОСК үлкен жолды өтті және бүгінде біз органның өз миссиясын, азаматтардың сайлау құқықтарын лайықты жүзеге асыратын, қолайлы орта құрып, құқықты да, тәжірибені де үнемі жетілдіріп отыратын тұрақты мемлекеттік институт екендігіне куә болдық. ҚР ОСК құқықтық тұрғыда барлық өзгерістердің белсенді қатысушысы. Біз Қырғызстанда Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген тиімді шешімдерге назар аударамыз», деді шетелдік спикер.

Ресей Федерациясы ОСК төрағасы Э.Памфилова, Мажарстан Ұлттық сайлау комиссиясының төрағасы А.Надь, Сербия Республикасы Республикалық сайлау комиссиясының төрағасы В.Димитриевич, Үндістан ОСК төрағасы Р.Кумар, Түрік­менстанда сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссияның төрағасы Г.Мурадов бейнесөздерін жолдады, ТМД ПАА Демократияны дамуының мониторингі халықаралық институтының директоры И.Мушкет онлайн режімде сөз сөйледі.

 

Сайлау жүйесінің трансформациясы

Екінші күн аясында цифрлық үкімет офисінде Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері шетелдік қонақтар үшін Қазақстан цифрлық үкіметінің тұжырымдамасы мен функционалымен таныстырып, жұмысын көрсетіп, елдегі цифрлық экожүйенің трансформациясы туралы айтып берді. ОСК бастамасымен жарияланған сайлау тақырыбындағы ғылыми басылымдар шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырып жоғары бағаға ие болды.

ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі С.Сейдуманов институт ғалымдарының ауқымды ғылыми еңбегі – мемлекеттің сайлау жүйесін дамыту туралы «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін трансформациялау» монографиясымен қонақтарды таныстырды. Жұмыста Орталық сайлау комиссиясының құрылуы мен жұмыс істеуіне, елдің сайлау жүйесін жаңғыртуға және қазақстандық қоғамды демократияландыру үдерісіне сайлаудың ықпалы талданған.

С.Сейдуманов монография саяси үдерістердің жекелеген аспектілерін ғана емес, сонымен қатар кейінгі үш онжылдықтағы сайлау жүйесінің эволюциясына тұжырымдамалық көз­қарасты ұсынатынын түсіндірді. Оның ғылыми маңыздылығы – еліміздегі демо­кратиялық сайлау үдерістерін қалып­тастыруда ма­ңыз­ды рөл атқаратын ОСК басынан өт­керген трансформацияларды талдау мен түсіндіруде. Бұл  зерттеу жұмысы ғана емес. Ол саяси қарқын туралы түсінігімізді кеңейтуге және болашаққа тиімді стратегияларды қалыптастыруға үлес қосуға арналған.

Бұдан әрі заң ғылымдарының докторы, профессор М.Қоғамовтың басшылығымен құқықтанушы ғалымдар тобы дайындаған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға толық, әрбір бап бойынша түсініктеме таныстырылды. Басылым алғаш рет қазақ, сондай-ақ орыс тілдерінде жарық көрді.

Авторлық ұжымның құрамында қазақстандық көрнекті заңгер ғалымдар, заң ғылымдарының докторлары, профессорлар И.Әубәкірова, И.Борчашвили, Л.Жақаева, Л.Жанұзақова, Э.Қалиева, Э.Мұхамеджанов, Н.Түрік, заң ғылым­дары­ның кандидаттары, профессорлар А.Караев, Ж.Қалишева бар.

Профессор М.Қоғамов өз сөзінде бұл мүлдем жаңа ғылыми-тәжірибелік басылым екенін атап өтті. Еңбекте Конституциялық заңның барлық 15 тарауының 133 бабының нормалары егжей-тегжей түсіндірілді, олар Президент бастамашылық еткен және жүргізілген конституциялық реформа аясында жаңа құқықтық идеялармен толықтырылды. Оған ажырамас қосымша ретінде Консти­туциялық заңда қолданылатын 60 негізгі ұғымға анықтама беретін глоссарийді қарастыру керек.

ОСК аппараты Сайлау үдерісін ұйым­дастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қо­зыбаева 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы жаңа ақпараттық жинақты таныстырды. Бұл басылымға сондай-ақ 2018 және 2022 жылдардағы сайлау заңнамасына енгізілген жаңалықтар, мәслихаттардың шығып қалған депут­аттарының орнына, ауыл әкімдерінің, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей пилоттық сайлау туралы ақпарат енді.

Конференцияның тағы бір маңызды оқиғасы сайлау терминдерінің онлайн-сөздігінің тұсаукесері болды. Ол қазір ОСК election.gov.kz сайтында қолжетімді. Сөздіктің тұсаукесеріне түсініктеме бере отырып, профессор И.Әубәкірова бұл жай терминдер сөздігі емес екенін атап өтті. Сөздік жаңа терминдер мен ұғымдарды ескере отырып, үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады.

«Өйткені біздің ойымыз терминдер мен ұғымдардан тұрады, сондықтан терминдерді неғұрлым дұрыс түсінсек, соғұрлым дұрыс ойлаймыз. Еліміздегі сайлаудың қандай рөл атқаратынын ескерсек, бұл өте маңызды. Ол онлайн-сөздік азаматтардың, әсіресе жастардың, мәдениеті мен хабардарлығын дамытудың тағы бір көзі болады», деді баяндамашы.

Екі күндік ғылыми-практикалық конференцияны қорытындылай келе, ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров іс-шараның ақпараттық бай негіздеріне көз жүгірте отырып, әлемде қолданылатын сайлау тәжірибелерінің, технологиялар мен жүйелердің алуан түрі бар екенін атап өтті. Сайлау құқығы институтының негізінде әмбебап қағидаттар болса да, олар егеменді мемлекеттерге өздерінің конституциялық сәйкестігі мен қоғамдық дамудың қазіргі кезеңдеріне сүйене отырып, өздерінің сайлау моделін құруға жеткілікті дәліз береді.

Болашақта Қазақстанның және бас­қа елдердің сайлау жүйелері қандай болады деген сұраққа жауап іздеу үшін пі­кірлестермен кәсіби диалог, халықаралық ын­тымақтастықты кеңейту арқылы әріп­тестермен және сарапшылармен сындарлы пікір алмасу аса маңызды. Бұл тренд міндетті түрде одан әрі дамиды.

egemen.kz
Сурет: egemen.kz
11 желтоқсан 2023 ж. 6 247 0