Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үгіт-насихат жүргізді: Елімізде президенттікке үміткерлер халыққа қандай уәде беруде

Үгіт-насихат жүргізді: Елімізде президенттікке үміткерлер халыққа қандай уәде беруде

Президент сайлауы жақындаған сайын кандидаттардың үгіт-насихат шаралары да үдей түскен. Биылғы науқанның бір ерекшелігі үміткерлердің сенімді өкілдері әлеуметтік желінің мүмкіндігін кеңінен қолдануда.

Коммунистік халық партиясының Алматы қалалық сайлауалды штабының белсенділері Лениннің ескерткіші орналасқан саябақ аумағында тазалық акциясын ұйымдастырды. Шарада олар кандидат Жамбыл Ахметбековтің әрбір тұрғынды қоғамдық мәдениетті сақтауға, қаланы таза ұстау шақыратынын атап өтті.  
ЛЕЙЛА ТӨЛЕУҒАЛИЕВА  ҚКХП АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
"Кандидатымыздың бағдарламасында айтылғандай біз Батыстың жалған құндылықтарынан бас тартып, өзіміздің менталитетімізге, мәдениетімізге сай қоғам қалыптастыру керек деп есептейміз. Ал бүгінгі акция арқылы тұрғындарды белсенді болуға және уақытын тиімді өткізуге шақырамыз".  
Ал "Ақ жол" партиясының Шымкент қалалық филиалы үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Олар Дәния Еспаеваның бағдарламасын халыққа жете түсіндіру мақсатында әлеуметтік желінің де мүмкіндігін кеңінен қолдану үстінде. Әсіресе, тұрғындарға кәсіпкерлікті дамыту жайын кеңінен айтуда.       
"Кәсіпкерлік дамыса, жұмыссыздық жойылады. Сондықтан, қолдауымыз керек. Банкілердің кәсіпкерлерге беретін несиесін төмендету керек. Сол кезде халықтың әл-ауқаты жақсарады", - деді "Ақ жол" ДП қалалық филиалының төрағасы Әлімжан Әбжанов. 
Келесі үміткер Әміржан Қосановтың шығыстағы штабтары ашық есік акциясын ұйымдастырып, келушілерге кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Тұрғындардың да ұсынысын тыңдады. Сондай-ақ, Ақмола облысы штабындағы үгіт-насихат жұмыстарына жастар жағы белсенділік танытуда.   
"Біз бұл балаларға көше-көшелерді бөліп бергенбіз. Сол көше бойынша жапсырады. Сайлау біткенше сол көшелер бойынша түскенін жапсырып, жоғалғанын қайтып орнына келтіріп отырады. Бұл балалардың міндеті өте зор, жауапты. Бұл балалар сенімнен шығады деген үміттеміз. Сеніп отырмыз", - деді Әміржан Қосановтың облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Дархан Шөкшір. 
Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың штабы осы күнге дейін еліміздің түкпір-түкпірінде 300-ге жуық шара өткізді. Кандидаттың өзі Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесіп, өзекті деген мәселелерді талқылады. Ал, оның сенімді өкілдері ауыл-ауылды аралауды жалғастыруда. 
"Ауыл" ХДПП үгіт-насихат жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Әрине, бірінші аптаға қарағанда қарқыны күнннен-күнге күшейіп, күннен-күнге үдеп келе жатыр. Оның себебі де жоқ емес. Қазірге дейін біздің облыстық-қоғамдық штабтар тарапынан, аудандық штабтар татапынан және жергілікті жерлердегі еріктілердіңқатысуымен "Ауыл" партиясы Рақымбековты қолдау акциясы негізінде 300-ге тарта шара өткізілді", - деді Төлеутай Рақымбеков республикалық қоғамдық штабы төрағасының орынбасары. 
Ал Аманкелді Таспихов кейбір алыс  ауылдарда еңбек ететін ұстаздардың мемлекеттен берілетін жеңілдіктерге әлі қол жеткізе алмай отырғанын көтеруде. Тіпті ұстаздар жыл сайынғы міндетті медициналық тексеруден өту үшін өз қалталарынан қаражат төлеген. Кандидат  осы мәселеге байланысты билікке өз үндеуін жеткізді. 
"Сөзге келгенде ылғи мұғалімдердің мәртебесі дейміз. Олар туралы заң шағарамыз дейміз. Іс жүзінде тіпті заңда мемлекеттің тарапынан көрестілетін көмектің өзін көрсетпей отырмыз. Сондықтан ісіміз бен сөзіміз сәйкес келмей отыр. Соны сәйкестендіріңдер деп үкіметке өзімінің  хатымды жолдадым", - деді Аманкелді Таспихов. .
Келесі кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы Жаңаөзен қаласында сайлауалды бағдарламаны кеңінен таныстырды. Үміткердің негізгі жоспарларын айта келе, шағын және орта бизнестен алынатын корпоративті табыс салығын республикалық бюджеттен алып, өңірлерді дамытуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. 
"Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сайлауалды бағдарламасында әсіресе халықпен билік ортасындағы қарым-қатынасты нығайтуды көздеп отыр. Ол не деген сөз, қарапайым халықтың көтерген мұң-мұқтажын дұрыс тыңдап соған құлақ асып, соны шешуге ат салысу деген сөз. Әсіресе аймақтардың дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше назар аударып отыр", - деді Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшесі Нұртай Сабильянов. 
Президенттікке үміткер Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері Семей өңіріне барып, сайлауалды бағдарламаны таныстыруда. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұрпақ тәрбиесіне ден қою тақырыбы "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан түскен кандидат осы мәселеге басымдық беруде. 
"Сәдібек ар-ождан полициясын құрамын деді. Ар-ождан полициясын құру 95-96 жылдары Алматыда болғанда үлкен мынадай программа жасады. Қазақ қайда барамыз деген. 95-96 жылдары оны ойландырған мәселелер бүгін оның ең негізгі жүрегінен шығып отырған, 4 негізгі мәселе содан шығып отыр деп ойлаймын", - деді Сәдібек Түгелдің сенімді өкілі Салтанат Құмарова. 
Айта кетейік, Қазақстан президенттігіне кандидаттардың сайлауалды үгіт насихат шаралары 7 маусым күні кешкісін аяқталады.
28 мамыр 2019 ж. 1 196 0