Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенаторлар халықпен кездесулерде өңір проблемаларын талқылауда

Сенаторлар халықпен кездесулерде өңір проблемаларын талқылауда

«Алтыншы шақырылған ҚР Парламентінің сессиясы жабылғаннан бері 10 күн өтті. Сенат депутаттары осы уақыт ішінде қалалар мен ауылдарда болды, жұртшылықпен жүздесті, халықаралық кездесулерге қатысты. Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери және өрт сөндіру бөлімдерінде болды. Онда ол өрт сөндіруге арналған жаңа техникамен және өрт сөндіру бөлімінің жабдықталуымен танысып, өрт сөндірушілермен және құтқарушылармен кездесті. Әңгіме барысында қауіпсіздік, әлеуметтік нысандарды сақтандыру, халықты төтенше жағдай кезінде дұрыс іс-қимыл жасауға үйрету бойынша талаптарды күшейту туралы сөз болды. Ол сондай-ақ 5573 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесті», - деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысында болды. Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында, Сәтбаев, Қаражал, Жезқазған қалаларында болған кезде азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Тұрғындар түрлі мәселелерді көтерді, соның ішінде азаматтық алу, Сәтбаев қаласына қоныс аудару, мүгедектікті ресімдеу, көп балалы отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек алу, пәтер, елді мекендерді абаттандыру мәселелері болды.
Сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев пен Серік Бектұрғанов Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мәселелерін талқылады. Олар сондай-ақ Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Азамат Тұрсыновпен әңгімелесті. Бірқатар проблемалық мәселелерді бақылауға алу, депутаттық сауалдарды дайындау кезінде айтылған мәселелерді ескеру туралы шешім қабылданды.
Сенатор Динар Нөкетаева Арыстан келген балалар тобын қарсы алды. Олар Алматы қаласының маңында орналасқан «Өрнек» жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Динар Нөкетаева жас меймандармен әңгімелесіп, бәріне демалыстарының жақсы өтуіне тілектестігін білдірді. Сенатор сондай-ақ «Спутник» балалар сауықтыру орталығы мен «Сәлем» сауықтыру лагерінде болды. Осындай орталықтарда патриоттық, тарихи, танымдық тақырыптарға арналған іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сенат депутаты сауықтыру орталықтарында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде бірқатар ескерту айтты, оларды қысқа мерзімде түзетуді тапсырды. Жұмыс сапары барысында сенатор киім тігетін және аяқ киім шығаратын «Қазлегпром-Алматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Ол кәсіпорын ұжымына жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған алдағы заңнамалық бастамалар туралы әңгімеледі.

17 шілде 2019 ж. 926 0