Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайдың ескі зауыттары Қазақстанға көшіріле ме - министрлік жауап берді

Қытайдың ескі зауыттары Қазақстанға көшіріле ме - министрлік жауап берді

  Сыртқы істер министрлігі Қытайдың ескі зауыттары Қазақстанға көшіріледі деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
   Сыртқы істер вице-министрі Ермек Көшербаев әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпаратты жоққа шығарып отыр. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға ескі зауыттар көшірілмейді.
  "Менің естуімше, блогерлер тарататын және WhatApp-та жүрген роликтерде "Қазақстанға 55 ескі зауыт көшіріледі" деген әңгіме бар. Ондай бағдарлама жоқ. Ескі зауыттарды ешкім әкелмейді. Ондай ой болса да, біздің комиссия оған жол бермейді. Себебі барлық жобаны біз өзіміз таңдаймыз, тиісті мемлекеттік сараптамадан да өткізіп тұрамыз", - деп атап көрсетті Көшербаев.
   Екі елдің бірлескен 55 жобасына бірнеше министрлік жауапты. Олар – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (27 жоба), ауыл шаруашылығы министрлігі (7 жоба), энергетика министрлігі (20 жоба). Сондай-ақ, бір жоба "Астана" халықаралық қаржы орталығына тиесілі.
   Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың айтуынша, барлық жоба Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы келісімнің негізінде қолға алынып отыр. Осы уақытқа дейін 8 жоба іске қосылды.
   "Мәселен, биыл үлкен диаметрлі болат құбырларын шығаратын кәсіпорын пайдалануға беріледі. Сол жерде 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, осы жобалардың аясында жергілікті мамандарды оқыту, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу және қазақстандық жұмысшылардың біліктілігін арттыру жоспарланған. Соның нәтижесінде шетелдік жұмыс күші айтарлықтай азаяды", - деді Ержанов бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, әрбір жобаның құрылысына және ол пайдалануға берілген алғашқы кезеңде шетелдік мамандар тартылады. Артынан жергілікті мамандарды оқыту арқылы шетелдік қызметкерлерді алмастыру жоспарланған.
https://sputniknews.kz/economy/20190902/11423432/Kytay-eski-zauyttar.html
03 қыркүйек 2019 ж. 1 030 0