«Adidas» & «Puma»: брендтер бәсекесі
Спорттық киімдер туралы тақырып қозғала қалса, «Adidas» пен «Puma» алдымен ауызға ілігетіні сөзсіз. Аяқ киімді де, үстіге ілетінді де сапалы деп аталған екі брендтің бірінен алуға тырысады жастар. Әрине қалта көтерсе. Себебі сапа бар жерде, бағаның да жоғары болатыны белгілі. Аты жаһанға жайылған осы екі компанияның бүгінде тұтынушысы әлемнің кез келген елінен табылады десек, өтірік болмас. Алайда осы спорттық киімдер фабрикасының тарихы жайлы білеміз бе? Бұл екі брендтің арасын жалғап, әрі бөліп тұрған оқиғалар жайлы тізбектейміз бүгін.
Шағын шеберханадан алып компанияға дейін
Алып кәсіпорындардың күш алып, тез танымалдыққа ие болуында тынымсыз еңбекпен бірге бәсекелестік жатыр. Бәсекелестік болғанда да жай ғана екі компанияның бизнестегі бақталастығы емес, ағайынды қос жігіттің бірбірінен асып түсуге ұмтылған бірбеткейлігі еді. Ади мен Руди атты ағайынды Дасслер алғашында бір кәсіпті бастады. Ол – аяқ киім тігу. Осылайша 1920 жылы ағайынды жігіт жеке кәсіпке күш салды. Бір қызығы, екі бауыр бала кездерінен-ақ бір-бірінен асып түсуге ұмтылып, спорт арқылы күш сынасқанды, бір-бірімен бәсекеге түсуді жақсы көрген. Ади футболды, ал Руди боксты ұнатқан. Бала шағынан басталған олардың спортқа деген махаббаты дүние жүзіндегі ең үздік екі брендтің жарық көруіне түрткі болды. Олар 1924 жылы Германияның Херцегенораух қаласында (Бавария) шағын компанияларын ашады. Компания атауы «Херцегенораухтағы Дасслер ағайындыларының аяқ киім фабрикасы» деген атпен тіркеледі. Қай істе болмасын жетістікке жетпей тынбайтын жігіттер алғашқы кроссовкаларын өндіре бастады. Олардың өздерінің жеке міндеттері бар еді. Адольф аяқ киімнің дизайнын жасаумен айналысса, інісі жарнамалаудың шебері болды. Шеберханадағы тынымсыз жұмыс олардың атын шығара бастады. Елдің аузынан түспейтін екеудің шаруасы одан сайын кеңейе түсті, тапсырыс артты. Арада 4 жыл өткеннен кейін, Рудольфтің арқасында бастапқыда спортсмендердің, кейіннен қарапайым халықтың арасында үлкен сұранысқа ие болды. Атақты спорттық шараларда ағайынды жігіттің қолынан шыққан аяқ киімді тұтынған спортшылар фабриканың даңқын шығара берді. Мәселен, жеңіл атлет Артур Йонат Dassler кроссвокаларының көмегімен Лос Анджелес қаласында өткен жарыста қола медальды жеңіп алған. Ал 1936 жылы Берлинде өткен олимпиадалық ойындарда Dassler кроссовкаларын киген жеңіл атлет Джесси Оуэнс 100 және 200 метрге жүгіру жарысында жеңіске жеткеннен кейін, Адольф пен Рудольфтің ісі алға басты. Даудың басы
Adidas пен Puma арасындағы дауға басты себеп – екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы. Деректерде екеуінің нацист болғаны айтылады. Адольф пен Рудольф соғыс басталғанға дейін саясатқа бірдей көзқараспен қараған. Алайда соғыс оларды Үшінші рейх (нацистік Германия) үшін аяқ киімдер өндіруге мәжбүрлеген соң, жаппай мобилизацияның салдарынан Рудольф Дасслерге майданға аттануға тура келеді. Тек ол соғыс алаңында ұзақ жүрмеген. Ақшам соқыр ауруын сылтауратып, машинамен басу бюросында жұмыс істеуге қалады. 1945 жылы жақындап келе жатқан Қызыл Армия әскерлерінің шабуылынан қашқан оны гестапо (құпия мемлекеттік полиция) тұтқындайды. Тұтқындалу кезінде Руди туған бауыры Адольфтің полицияға ұстап бергенін біледі. Ағасына өкпелеген Рудольф, америкалық билікке Үшінші рейхке аяқ киім тігу тікелей Адольфтің шешімі болғанын айтады. Осыдан соң, америкалық билік Дасслер фабрикасын өз қарамағына алып, кроссовкалардың орнына коньки өндіріп, оны АҚШ-қа экспорттаумен айналысты. Тек 1946 жылы ғана Ади мен Руди кәсіпті қайтадан бастауға мүмкіндік алады. Ал 1948 жылы әкелері дүниеден озғаннан кейін, екеуі кәсіпті ары қарай бірге жүргізуден бас тартып, Adidas және Rudi атты жеке фабрикаларды ашқан. Ади мен Руди арасында туған дау қала тұрғындарына да әсер етті. Херцегенораухтағы адамдардың бірі Адиді, екіншісі Рудиді қолдап, тіпті қала екіге бөлінді. Аспанға секірген мысық Бірнеше айдан кейін Руди өз атын марка атауы ретінде пайдаланудан бас тартып, брендтің атын Puma деп өзгертті. Пума – мысық тұқымдасына жататын сүт қоректі жануар. Ағайындылардың бір-бірінен асып түсуге деген құштарлығы тек Германияда шығатын аяқ киімдерді биік дәрежеге көтеріп қана қоймай, әлемдегі спорттық киім шығаратын фабрикалардың да сапасын арттырды десек болады. 1948 жылы Руди ATOM деген алғашқы бутсыны шығарып, оны сатумен айналысты. Рудольфтің компаниясына танымалдықты спортшы Ханц Фютерер сыйлады. Ол 1952 жылы Хельсинки қаласында өткен олимпиадалық ойындарда 1,5 шақырым жүгіріп, бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ ол Йокогамдағы чемпионатта жеңіске жеткен соң және жеңіл атлет Армин Хари 100 метрге жүгіру сайысында алтын медальды алғаннан кейін брендтің танымалдығы өзінің шарықтау шегіне жетеді. Жеңіл атлеттердің осы жетістіктерінен кейін Руди компанияның логотипі ретінде ауада секірген пуманың бейнесін таңдайды. Логотипті карикатурашы Лютс Бакенс жасаған. 1968 жыл «Puma» үшін айрықша жыл еді. Себебі компания танымал баскетболшы Уолтер Фрейзермен келісімшартқа отырып, спортшыға арнайы сериямен дара өнімдерді дайындайды. «Puma» аяқ киімдерін киген спортшылар Мехикода өткен Олимпиада ойындарында 4 алтын медальды жеңіп алады. Пеле мен «Puma»
Арадағы өкпе-ренішке қарамастан, Адольф пен Рудольфтің ұлдары Армин мен Хорст жарнамаға қомақты қаржы жұмсамас үшін, танымал футбол жұлдыздарымен келісімшартқа отырмауға уәделескен. Алайда уәдені бәрі бірдей орындай бермейді. Екі бренд те Оңтүстік Америкада үлкен сұранысқа ие болатын. 1970 жылы футболдан кезекті әлем чемпионаты басталарда Армин Дасслердің Рио-де-Жанейродағы агенті оңтүстік америкалық футболистермен жақынырақ танысып, «Puma» кроссовкаларында футбол ойнау екі есе оңай екенін дәлелдейді. Нәтижесінде, футболшылар алаңға «Puma» аяқ киімдерін киіп шығуға келісті. «Puma» брендін жақсы білетін Пеле компания өкілдерінің бірден өзіне емес, басқа футболистермен келіссөз жүргізгеніне наразылық танытады. Puma агенті футболшының өкпесін естіп, тәуекелге бел буып, Пеленің қолы қойылған келісімшартты Армин Дасслерге жеткізеді. Осылай Адольф пен Рудольфтің тұсында басталған бауырлар арасындағы өшпендік балалары Армин мен Хорсттың арасында да жалғасын тапты. Бір қызығы, компания Пелеге футбол тарихындағы маңызды матч басталмас бұрын тура орталық айналымда тұрып, аяқ киімдерінің бауын байлағаны үшін қомақты қаржы төлеген екен. «Puma» Джил Сандер, Ясухиро Михара сынды дарынды дизайнерлермен бірігіп жұмыс істеп, аяқ киімнен бөлек, сәнді әрі саны шектеулі киімдер мен бұйымдарды шығарумен айналысты. Алғашқы кезде компания жалпы алғанда спорттық киімдерді шығарумен айналысса, 1990 жылдардан бастап спорттың түрлеріне қарай бір-бірінен ерекшеленетін киімдерді тіге бастады. Сонымен қатар кішкентай балаларға да аяқ киім шығаруды ұйғарды. 1991 жылы компания былғары өндіруден үздік саналатын ұлыбританиялық «Pitta» компаниясымен келісімшартқа отырып, cуға төзімді Puma Soccer 2000 атты былғарының жаңа түрін ойлап табады. Бәсеке соңы
Рудольф Дасслер 1974 жылы 76 жасында өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болды. Адольф дін қызметкерлеріне телефон арқылы ағасын кешіретінін айтқанымен, жерлеу рәсіміне келмеді. Өзі төрт жылдан кейін өмірден өтті. Алайда компаниялар арасындағы қақтығыстар жалғаса берді. Қақтығыстар Адольф Дасслердің мұрагерлері бір-бірімен жанжалдасып, жарты миллиард доллардан астам жылдық айналымы бар Adidas-ты 390 миллион долларға сатқанға дейін аяқталмады. 2009 жылы, 60 жылдық бөліністен кейін, компаниялар татуласу матчын өткізді. Олар мұны халықаралық бейбітшілік күні — 21 қыркүйек күні жасаған. «Біз спорт адамдарды жақындастыра алатынына сенеміз», – деді «Аdidas» басқарма төрағасы Герберт Гайнер. Оны «Puma» басшысы Босс Йохен Цайтц: «Бұл біздің компаниялар үшін маңызды күн», — деп қолдады. Алайда бұған қарамастан компаниялар спорт тауарлары өндірісінде әлі де бәсекелес. Дайындаған М. ЖАСҰЛАН