Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп құралына қанша жұмсайсыз?

Мектеп құралына қанша жұмсайсыз?

   Жаңа оқу жылына да санаулы күндер қалды. Ата-аналар ұл-қыздарына мектепке қажеттісін алып, сапалы білім алуына жағдай жасайтыны белгілі. Осындай қауырт шақта базар бағасын барынша құбылтатыны рас. Бұл жыл сайын қаз-қалпында қайталанатын жағдай. Сонымен бір балаға мектепке бару үшін қанша қаражат жұмасалады? Қарапайым отбасы үшін бұл қаншалықты тиімді? Осы орайда баланы мектепке даярлауға қанша қаражат жұмсалатынына зерттеу жасадық. 
   Әр жылы қыркүйек таяғанда базар сөре­лерінде мектеп формасының түр-түрі самсап тұрады. Ең бірінші ата-ананың қалтасын жұқар­татын дүние – мектеп формасы. Әрбір ата-ана қалтасының қалыңдығына қарай таңдай алады. Қыз бала үшін бантик – 1000, кофта – 2000, белдемше – 2500 теңге. Классикалық аяқ киімдер орташа есеппен  3000 теңге тұра­ды. Спортқа арналған киім құны 6000 теңге болса, спорттық аяқ киімді 3000-5000 теңгеге ала аласыз.
   Мектепке қажетті басты «аксессуардың» бірі – сөмке. Ол да ерекше талғамды қажет етеді. Төменгі сыныптың оқушыларына көбіне арқаға асып алатын сөмке алады. Оның да арқаны ауыртпайтын (ортопедиялық), баланың арқасына ыңғайлы етіп жасалғаны болып бөлінеді. Сөмкенің де материалына қарап алғаны абзал. Мектепке баратын баланың күнделікті таситын мектеп құралдарын көтере алатындай етіп таңдамаса, ақша үнемдеп, арзанын аламын деп бір оқу маусымында екі сөмке сатып алып жүрмеңіз. Оқу құралдарын салатын сөмкелер де жас ерекшелігіне қарай 2500-ден бастап, 8000 теңгеге дейінгі бағада. Қыз баланың алатыны көп, дегенмен ер бала үшін де аз қаражат кетпейтіні рас. Мәселен, балалардың костюм-шалбары 10 000 теңгеден арзан болмайды. Орташа бағадағы форма қалтаңыздан 15 000 сұрамай-ақ суырады. Бұлардан бөлек спорттық киімдер, галстук, белбеулерің тағы бар.
   Киім-кешегін түгендеп, аяқ киімін алдық делік. Енді екінші өзекті мәселе – оқу-құрал­дары. Білетінім, оқу-құралдарына аз қаражат жұмса­майды екенбіз. Сауда сөресін­дегі ең керекті дүниенің құнына көз жүгіртсек, қа­лам­сап­тың бағасы 40 теңгеден басталады. Жазуын құртпайтын таза, сиясы ақпайтынын алғыңыз келсе, 90 теңгеден жоғары бағадағы гельді қаламсап ала аласыз.  Басында өшіргіші бар жай қаламның бағасы – 30 теңге, түрлі-түсті қарындаш (12 дана) 600 теңгеден басталады. Дәптер – 15 теңге, қалың дәптер 50-150 теңге, ал пәндік дәптер – 800 теңге. Сабаққа қажетті маңызды құралдардың бірі – күнделік. Бағалары да 250 теңгеден жоға­ры. Кітап қаптарыңыз тағы бар. Барлығы оқу-құрал­дарының өзіне әр балаңызға  5000 теңгені жұм­сайсыз. Ал осыған бір үйде бірнеше баласы мек­тепке баратын отбасының шығынын қоса беріңіз.  
   Айгүл Сәтембаева, үш баланың анасы:
  – Биыл бірінші сыныпқа кіші балам барады. Соған мектеп формасын 20 000 теңгеге алдым. Оған костюм мен шалбар ғана кірді. Жейдесі, аяқ киімі, сөмкесі, галстук, тағы басқа ұсақ-түйектің бәріне 10 000 теңге кетті. Енді оқу-құралдары бар алынатын. Базар бағасы шарықтап тұр, амал нешік, алуға тура келеді.
   Осылайша бір баланы сабаққа дайындау үшін кем дегенде 25-30 мың теңге жұмсалады. Бүгінде пейілі кең азаматтардың саны артып келеді. Еске сала кетсек, жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек күндер аралығында Қазақстанда «Мектепке жол» акциясы жүр­гізіледі. Акция аясында елімізде аз қам­тылған және көпбалалы отбасыларда тәр­бие­леніп жатқан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Ақтоты Шынықұл
20 тамыз 2019 ж. 1 048 0