Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектепке қанша жастан бару керек? Депутаттар 12 жылдық мектептің құрылымын анықтауды сұрады

Мектепке қанша жастан бару керек? Депутаттар 12 жылдық мектептің құрылымын анықтауды сұрады

Парламент мәжілісінің депутаты Жәмилә Нұрманбетова білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиновадан 12 жылдық мектептің құрылымын анықтауды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Оның сөзінше, 2003-2014 жылдар аралығында республикада 12 жылдық білім беру құрылымының 4+6+2, 5+5+2 нұсқалары қабылданды. Алайда бүгінде орта білім беруде білім беру туралы қолданыстағы заңға қайшы келетін – 0 +11 құрылымы бойынша жаңартылған оқу мазмұны енгізілген.
"Онда нөлінші сыныптың мәртебесі жоқ. Егер нөлінші сыныпты мектеп алды даярлық сыныбы десек, онда ол бастауыш білім беру деңгейіне емес, мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру деңгейіне кіреді. Соған сай 12 жылдық мектепке баланы қабылдау қанша жастан басталады деген сұрақ туындайды. Бес жастан ба (мектеп алды), әлде алты жастан ба (1-сынып)?" - деп сұрады депутат.
Нұрманбетованың айтуынша, мектеп алды даярлық есебінен білім беру ұзақтығын арттыру 12 жылдық білім берудің басты міндеті – қазақстандық орта білім беруді әлемнің мойындау мәселесін шешпейтінін айтты. 
Ал қазіргі 11 жылдық мектеп түлектерге білім берудің халықаралық стандартты классификациясының үшінші деңгейіне шығуға ғана мүмкіндік береді. 
Депутат жоғарыдағыларды айта келе, БҒМ басшысынан 12 жылдық мектептің нақты құрылымын, сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларын бейіналды және бейіндік даярлауды ұйымдастыру жолдарын анықтауды сұрады.
http://stan.kz
22 мамыр 2019 ж. 1 452 0