5 МАМЫРДА ГОЛОВКИНГЕ КІМДЕР ҚАРСЫЛАС БОЛА АЛАДЫ

Ирландық Гэри О'Салливан (27-2, 19 КО) потенциалды үміткер деп есептелген еді, алайда бұл айқастың болмайтыны белгілі болды: «Спайктың» қызығушылығын ұсынатын Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы гонорар мен жекпе-жекке дейін уақыттың аз болуына байланысты бас тартқан.
Қазіргі таңда үш үміткер бар. Бірінші - IBF желісі бойынша міндетті үміткер Сергей Деревянченко (12-0, 10 КО). Екінші үміткер - Ванес Мартиросян (36-3-1, 21 КО), ол Головкинмен жұдырықтасуға дайын, бірақ бұл жекпе-жекті IBF қаламайды. Басқа да бокс ұйымдары мен Калифорния штатының Атлетикалық комиссиясы (айқас Карсонда, StubHub аренасында өтуі мүмкін) Мартиросянның үміткерлігін мақұлдады. Үшінші үміткер - бразилиялық Ямагучи Фалькао (15-0, 7 КО), оның да ісін Golden Boy жүргізіп жатыр, бұл нұсқаны О'Салливанның орнына ұсынған болатын.
5 мамыр күні айқас мүлдем болмауы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармау керек. Алайда, Головкин таяуда берген сұхбатында дәл осы күні рингке шыққысы келетінін айтты.