Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еуропа лигасы: «Интер» финалға жолдама алды

Еуропа лигасы: «Интер» финалға жолдама алды

Бүгін UEFA Еуропа лигасында финалға шыққан екінші команда белгілі болды, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.
Жартылай финалдың екінші кездесуінде Италияның «Интер» және Украинаның «Шахтер» командалары шеберлік байқасты. Ойын тартысты өтті деуге негіз бар. Екеуі де шабуылға көбірек шығып, қызу ойын өткізді.
Десе де бірінші кезеңде «Интер» командасының жолы болды. Ойынның 19-минутында Лаутаро Мартинес украин қорғаушыларының қателігін шебер пайдаланып кетті. Бұдан кейін қос команда тарапынан да есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік кездесті. Алайда таблодағы есеп сол күйінше өзгеріссіз қалды. Екінші кезеңде «Шахтердің» қақпасына тағы да төрт гол соғылды. Оны Данило Д'Амброзио 64, Лаутаро Мартинес 74, Ромелу Лукаку 78, 83-минуттарда қақпаға енгізді. Осылайша «Интер» 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұдан бұрын финалға Испанияның «Севилья» командасы жолдама алған болатын. Ол 16 тамызда Англияның «Манчестер Юнайтед» командасынан 2:1 есебімен басым түскен болатын. Финал 21 тамызда Кёльн қаласындағы «Рейн Энерги» стадионында болады.
18 тамыз 2020 ж. 320 0