Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еуропа лигасы: Ширек финалға шыққан барлық команда анықталды

Еуропа лигасы: Ширек финалға шыққан барлық команда анықталды

UEFA Еуропа лигасы ширек финалына жолдама алған барлық команда белгілі болды, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.
Бүгін Еуропа лигасы 1/8 финалының соңғы екі кездесуі өткізілді. Онда «Вулвергемптон Уондерерс» (Англия) және «Олимпиакос Пирей» (Грекия), «Базель» (Швейцария) және «Айнтрахт Франкфурт» (Германия) командалары шеберлік байқасты. «Вулвергемптон Уондерерс» және «Олимпиакос Пирей» жұбының алғашқы кездесуінде жеңімпаз анықталған жоқ. Грекияда өткен ойында қос команда 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты. Бүгін ағылшындық клуб сапынан Рауль Хименес 8-минутта есеп ашты. Осылайша ағылшын клубы 1:0 есебімен жеңіске жетіп, жарысты жалғастыратын болды.
Ал «Базель» және «Айнтрахт Франкфурт» жұбының алғашқы кездесуінде швейцариялық команда сырт алаңда ойнағанына қарамастан 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сондықтан олардың жарысты жалғастыру мүмкіндігі артты. Бұл жолы да «Базель» жеңіске жету жолын тапты. Олар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Енді ширек финалда «Манчестер Юнайтед» пен «Копенгаген», «Интер» мен «Байер», «Шахтер Донецк» мен «Базель», «Севилья» мен «Вулвергемптон Уондерерс» кездеседі.
Жарыстың ширек және жартылай финал ойындары Германияның Гельзенкирхен, Дуйсбург, Дюссельдорф, Кёльн қалаларында өткізіледі. Ал финал 21 тамызда Кёльн қаласындағы «Рейн Энерги» стадионында болады.

07 тамыз 2020 ж. 671 0