Толқын Арал аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Еуропа лигасы: «Манчестер Юнайтед» пен «Интер» жартылай финалға шықты

Еуропа лигасы: «Манчестер Юнайтед» пен «Интер» жартылай финалға шықты

UEFA Еуропа лигасында жартылай финалға жолдама алған алғашқы екі команда анықталды, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, Еуропа лигасы 5 тамыздан бастап қайта жалғасты. Айта кетсек, коронавирус жағдайына байланысты дүбірлі дода наурыз айында белгісіз мерзімге кейінге шегерілген болатын. Нәтижесінде ширек финалға жолдама алған командалар анықталды.
Кеше ширек финалдағы екі ойын өткізілді. Оның біреуінде «Манчестер Юнайтед» (Англия) пен «Копенгаген» (Дания) кездесті. Ойынның негізгі кезеңі 0:0 есебімен тең аяқталып, қосымша таймға ұласты. Ойынның 95-минутында «Манчестер Юнайтед» футболшысы Бруну Фернандеш пенальтиден есеп ашты. Осылайша ағылшын клубы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Енді олар 16 тамызда жартылай финалда «Севилья» (Испания) мен «Вулвергемптон Уондерерс» (Англия) жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.
Тағы бір кездесуде «Интер» мен «Байер» шеберлік байқасты. Бұл ойында «Интер» 2:1 есебімен басым түсті. Олардың қатарынан Николо Барелла 15, Ромелу Лукаку 21-минутта гол соқты. Оған «Байер» сапынан Кай Хаверц 24-минутта бір голмен жауап қайырды. Бұдан кейін есеп өзгерген жоқ. «Интер» енді 17 тамызда жартылай финалда «Шахтер Донецк» (Украина) мен «Базель» (Швейцария) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Ширек финал ойындары бүгін, 11 тамызда да өткізіледі. Бұл күні «Шахтер Донецк» мен «Базель», «Севилья» мен «Вулвергемптон Уондерерс» командалары кездеседі.
Жарыстың ширек және жартылай финал ойындары Германияның Гельзенкирхен, Дуйсбург, Дюссельдорф, Кёльн қалаларында өткізіледі. Ал финал 21 тамызда Кёльн қаласындағы «Рейн Энерги» стадионында болады.
11 тамыз 2020 ж. 110 0