Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҚАЙСАРДЫҢ» ЖАНКҮЙЕРІ

«ҚАЙСАРДЫҢ» ЖАНКҮЙЕРІ

Қазақ ежелден өнер мен спорттың жанашыр жанкүйері. Қанында тектілігі тулап тұратын қызба халық. Намысын нанға, арын ақшаға айырбастамайтын марғасқа мінезді. Әлемде қаншама спорт түрі болса, соның арасында футбол ойынының бәсі биік. Осы спортқа 60 жылдан астам уақыттан бері қолдау көрсетіп жүретін жанкүйердің бірі – аралдық Қали Рахметалиев. Жасы жетпісті таяп қалса да, әлі күнге дейін футболдың жанкүйері. Біз бүгін осы кейіпкермен жолығып, аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.
Аға, алғашқы сауалымызды сіздің футболға деген қызығушылығыңыздан бастасақ...
– Мен жас күнімнен «Қайсар» клубының жанкүйерімін және одан бөлек басқа да футбол клубтарының ойындарын үздіксіз тамашалаймын. Сыр спортының айбары мен айдарына айналған команданың алған асулары аз емес. Оның барлығы көз алдымда қалыптасқан десем, артық айтқандық емес.
– «Қайсар» клубын қай деңгейде бағалайсыз?
– Жоғары деңгейде деп толық айта аламын. Жақсы ойыншылар жеткілікті деп есептеймін. Мәселен, Елдос Ахметов, Қуаныш Қалмұратов, Бағдат Қайыров секілді ойыншылардан көп үміт күтемін. Жалпы, біздің облыс үздіктер қатарында. Алайда шабуылды жетілдіру керек деп есептеймін. Командадағы ойыншылар менің баламдай болып кеткен. Барлығын жақсы танимын. Жарыстың алдында бірге қобалжып, жеңсе қатар қуанамын.
– Клуб құрылғалы жанкүйер екенсіз. Есіңізде қалған қандай ойынды атар едіңіз?
– Расымен де, талай тартысты ойындардың куәгерімін. Жан алысып, жан беріскен жарыстарды ешқашан есімнен шығармаймын. Әсіресе өткен жылғы  Қазақстан кубогы ойынын айрықша атап өткім келеді.  Қостанайлық «Тобыл» командасымен өткен жартылай финал өте әсерлі өтті. Атырау командасымен болған ойынның жөні де, жолы да бөлек болды. Бірінші олар гол салды. Сосын ойын барысында есеп теңесті. Арада аз-кем уақыт өткенде қарсылас команданың ойыншысы қолына доп тигізіп алып, 11 метрден айып доп белгіленді. Бар үмітіміз сонда. Енді не болса да қателік жібермей, тиімді пайдалану керек. Сол кезде ортаға капитан команда Думан Нәрзілдаев шығып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Гол! Есеп: 2-1. «Қайсар» жеңімпаз. 20 жыл күткен тарихи жеңіс. 1999-2019 «Қайсар» Қазақстан кубогының иегері. Міне, бұл мен үшін де, ел үшін де ерекше ойын, айтулы жеңіс.
– Бапкерлерге бағаңыз?
– Бапкер – ойыншыны толық түсініп, тактикасын тиімді пайдалана білетін білікті маман. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің жолымыз жеңіл. Біздің бапкерлер тың тәсілдерімен клубты өрге сүйреп келеді. Қиыннан қиыстырып, жеңіс әперген сәттері көп. Ойын барысын толық бақылап отырып, шығарған шешімдері жарқын жеңіске жол ашады. Оған талай мәрте куә болғанмын.
– Футболды үйде көрген мен алаңда тамашалағанның айырмасы қандай? «Қайсар» ойынын көруге қалай уақыт табасыз?
– Қазақта «Қалауын тапсаң қар жанар» деген қанатты сөз бар. Адам қай істі болмасын алдына мақсат етіп қойса, соған жету жолында талпынады. Облыс орталығында өтетін ойындарды осы Аралдан арнайы барып тамашалаймын.  Ретін келтіремін. Жұмыста жүрген кезімде кезекшілігімді ауыстыратынмын.  Қазір енді жасымыз келді, сырт алаңда болған кездесулерді интернет арқылы тамашалаймын. Бірақ көз алдыңда ойнағанға не жетсін. Жас кезімде Алматыға дейін еріп барып, клубқа қолдау көрсететінмін. «Қайсар қайда болса, Қали сонда» деген құрдастарымның мақалы да шыққан.
– Спорт болғасын жеңіс пен жеңіліс қатар жүруі заңдылық. «Қайсар» жеңілген кездерде не істейсіз. Балаларға ұрысып, ашуланып, мінез көрсеткен кездеріңіз болды ма?
– Жасыратыны жоқ, ондай сәттерде орын алып тұрады. Сағым сынып, ренжіп қайтамын. Балаларға кейіп, кемпіріме сөйлеп аламын (күліп). Келесі ойында міндетті түрде біз жеңеміз деп өзімді іштей жігерлендіремін.
– Командаға көңіліңіз тола ма?
– Жақсы ойыншылар – қашанда клубтың айбары мен абыройы. Аз уақыттың ішінде қызылордалық жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналған жас спортшылар бар. Сондықтан алдымен команда жігіттеріне алғыс айтамын. Бір қолдың саласындай болып бірлікпен ойын өрнегін көрсете берсек, біз алмас асу жоқ.
– Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион жайлы пікіріңіз қандай?
– Орталық стадионның жағдайы жақсы заманауи тұрғыда жаңартылып жатыр. Қызылордаға келген командалардың барлығы осында ойын өткізеді. Спортшылардың алаңда алаңсыз ойнаулары үшін тиімді жағдай жасалғаны жөн.
– «Қайсар» клубының болашағын қалай елестетесіз?
– Былтыр қасқырлар Қазақстан кубогын жеңіп алғаны үлкен нәтиже. Ойыншылардың жеңісі көңіл қуантады. Сыр елі – қазақ футболына көптеген спортшылар сыйлаған өңір. Әрбір жеңістің артында өлшеусіз еңбек тұрады. Бұл маусым алдындағы оқу жаттығудың теңдессіз жемісі. Қаншама жолдастық кездесулер өткізіліп, шеберліктері шыңдалып келеді. Мұнда бапкерлердің де қолтаңбасы бар. Біздің клубтың болашағы жарқын екеніне сенімім кәміл. Алда үлкен жеңістер күтіп тұр. Биыл өздеріңізге белгілі, карантин уақытынан соң біраз тынығып, жақында ғана үлкен кездесу өткізді. Бақылап отырсаң, әрбір ойындары нәтижесіз емес.
– Жанкүйерлерге және оқырмандарға лебізіңізді білдірсеңіз...
– «Қайсар» – халықтың командасы. Олар әлі талай жанкүйерлерін қуантатын болады. Бастысы, біз оларға сенім білдіруіміз керек. Әрбір ойын алаңына шыққан сәттен тақым қысып, тілеулес болып отырамын. Жасым жетпістен асты. Менің ендігі арманым – елдің тыныштығы мен берекесі. Әлемді әбігерге салған дерт көңілімізге кірбің ұялатты. Халқымызда «Аман ердің аты шығар» деген уәлі сөз бар. Алаш баласының айы оңынан туа берсін.
Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
15 қыркүйек 2020 ж. 560 0