Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Футбол: «Қайсар» мен «Жетісу» алғашқы жеңісіне жетті

Футбол: «Қайсар» мен «Жетісу» алғашқы жеңісіне жетті

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі алғашқы туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылордада жергілікті «Қайсар» Павлодардың «Ертіс» командасымен шеберлік байқасты. Қос команданың әлеуеті бір-бірімен қарайлас. Сондықтан ойын тартысты өрбіді.
Алғашқы минуттарда жасыл алаң төрінде «Қайсардың» белсенділігі айқын аңғарылып тұрды. Нәтижесінде 11-минутта алаң иелері «Ертіс» қақпасынан саңылау тапты. Ол клубқа биыл қосылған грузиялық шабуылшы Элгуджа Лобжанидзенің еншісіне жазылды.
Ойын барысында екі команданың да есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндігі болған еді. Дегенмен оны тиімді пайдалана алған жоқ. Кездесуде «Қайсар» 1:0 есебімен басым түсті. Сондай-ақ, бүгін Ақтауда «Каспий» Талдықорғанның «Жетісу» командасынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Бұл ойында талдықорғандық клуб қатарынан Мартин Тошев 66, Егор Зубович 83-минутта мергендік танытты.
Ал 7 наурызда «Астана» «Қызылжарды» 4:0, «Қайрат» «Таразды», «Тобыл» «Шахтерді» 2:1 , «Ордабасы» «Оқжетпесті» 1:0 есебімен жеңді. Енді 11 наурызда «Астана» мен «Ордабасы» 18, «Қайрат» пен «Оқжетпес» 21 турдың ойындарын алдын-ала өткізеді.
Ал 2-тур 15 наурызда «Жетісу» мен «Тобыл», «Ертіс» пен «Қызылжар», «Каспий» мен «Астана», «Оқжетпес» пен «Қайсар», «Тараз» бен «Ордабасы», «Шахтер» мен «Қайрат» командалары кездеседі.
09 наурыз 2020 ж. 1 438 0