Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейжіңде – ХХІV Олимпиада

Бейжіңде – ХХІV Олимпиада

Биыл қысқы олимпиада алауы Қытай астанасы Пекин қаласында жағылады. Бұл жарысты өткізу құқығын Бейжің 2015 жылғы 31 шілдеде алған болатын. Әлем тарихында қос Олимпиаданы қатар өткізген алғашқы қала атанатын Қытай елі  дүбірлі доданы өткізуге қызу дайындық үстінде екен. Олимпиада 4 ақпанда басталып, 20 ақпанға дейін созылады.

Дүние жүзі бойынша қысқы Олимпиада ойындары сонау 1924 жылдан бері өткізіліп келеді. Ресми мәліметтер бойынша, бұл ойындарға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жарыс бағдарламасына биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, коньки спортының түрлері (коньки жарысы, мәнер­леп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спортының түрлері (тау-шаңғы жарысы, шаңғы қос­сайысы, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд), шана спорты, шайбалы хоккей енген.

Тартысты бәсеке Бейжің мен оның қасындағы Яньцинь және Чжанцзякоу қалаларында өтеді. 2008 жылғы жазғы Олимпиадаға арнап салынған спорт нысандарында керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр жарыстары, Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 шақы­рым жерде орналасқан Яньцинде шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортының жүлделері сарапқа салынады. Ал Бейжіңнің солтүстік-батысындағы көршілес Хэбэй провинциясына жақын орналасқан Чжанцзякоу қаласында сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлон жарыстары өтеді.
Бұл жарысқа Қазақстаннан  34 спортшы қатысады. Саңлақтар спорттың 8 түрінен 87 лицензия жеңіп алған. Спортшыларымыз шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, шаңғы скандинавикалық аралас, фристайл, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жүгіру сияқты спорт түрлерінен сайысқа түседі. Лицензиялардың басым бөлігі шаңғышылар (35) мен конькимен жүгірушілер (12) және биатлоншылардың (12) үлесінде.
Олимпиада «Ортақ болашақ үшін бірге» ұранымен өтетін болады. Осы  жарыстан кейін Паралимпиада ойындары өткізіледі. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдап, спортшыларға байрақты бәсекеде жеңіспен оралуына тілектестігін білдіріп,  еліміз үшін бұл сайыстың маңызы зор екендігін атап өтті. Аталған Олимпиадада Қазақстан командасының Туын ұстау мәртебесі шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдоваға бұйырды.
Сонымен бірге  дүбірлі додаға Қазақстан тарихында алғаш рет олимпиадалық құраманың формасы «QAZAQSTAN» деген қазақша атаумен шығады. Айта кетерлігі, Халықаралық Олимпиада комитеті 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында коронавирус індетіне байланысты қауіпсіздік шаралары сақталып, спортшылардың денсаулығы қатаң бақылауда болатынын  мәлімдеді.

К. МАХСҰТ 
29 қаңтар 2022 ж. 956 0