Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мен Аралдан шыққан Айымбетовпін»

«Мен Аралдан шыққан Айымбетовпін»

Қазақстан футболы қайта түлеп келе жатқан сияқты. Соңғы кездері Ұлттар лигасындағы ойын көңіл көншітіп келеді. Тіл-көзіміз тасқа, өз тобында ұлттық құрама 10 ұпаймен бірінші орында тұр. Бұл әрине отандық футболдың қолдаушылары үшін жақсы жаңалық. Десе де топтық ойында дараланатын үздіктер болады. Футболда да сондай үздіктер ел назарына ілігіп, қазіргі таңда спорттағы жұлдызы жанып келеді. Ұлттық құрамада доп тебетін сондай үздік ойыншылардың бірі Абат Айымбетов Аралдан шыққан десем сенесіз бе? Ала доп бәсекесінде асығы алшысынан түскен аралдық Абатты жұрт әлемнің үздік ойыншылары Роналду, Бенземаларға теңейді. Жақсы ырым. Ал отандық спорт сарапшыларының пікірінше, ұлттық құрамада Абаттың орнын басатын шабуылшы жоқтың қасы. Мұндай пікірді Қазақстан мен Словакия арасындағы ойында спорт комментаторының өз аузынан да естіген болатынбыз. Айтпақшы, бұл ойында да ел сенім артқан жігіттер жақсы ойын көрсетіп, көпшілік фаворит деп пайымдаған Словакияны 2:1 есебімен жеңді.
Бұл ойындардың алдында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Ұлттар лигасы аясында Словакиямен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысқан болатын. Көп уақыт өтпей сол сұхбаттың қысқаша нұсқасы жарық көрді.
ҚФФ баспасөз мәслихаты кезінде Абат Айымбетовке «Үш күн сайын матч өткізу ойыншыларға қалай әсер етуде?» деген сұрақ қойылған. Оған Абат «Қиынға соғуда. Бірақ амалымыз қанша, шыдауға тура келеді. Ендігі болатын ойынға деген дайындық жақсы. Соңғы матчты жеңіспен аяқтауға тырысамыз» деп жауап қатты.
Сол жерде журналистер тарапынан «Соққан голдарыңыздан кейін жанкүйерлер сізді Роналдуға теңеуде» деген пікір айтылған. Оған «Әрине, Бензема, Роналду секілді ойыншылармен салыстырғаны жақсы әсер сыйлайды. Бірақ мен Аралдан шыққан Айымбетовпін. Бір күні сондай футболшы боламын деген үміттемін» деп жауап берген Айымбетов бұл сөзі арқылы Аралдан шыққанын айқын аңғартып тұр емес пе?!
Иә, Аралдан шыққан Абат ұлттық құрамада доп тебеді. Бұл аудан абыройы емес пе?! Өзінің өмірлік бағытын спорт саласына бағыттаған Айымбетов осы кезге дейін Астана клубында доп теуіп келеді. Бала кезде жанұясымен Ақтөбе облысына қоныс аударған ол футболдағы карьерасын 2012 жылы «Ақтөбе» клубынан бастайды. 2013 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Осы маусымның соңғы турында «Ордабасы» қақпасына бір гол соқты, осы гол клубқа чемпион атануына тікелей көмектесті. 2013-2014 жылғы УЕФА Еуропа лигасының іріктеуіне қатысты. 2020 жылы «Қайратқа» ауысады. Қазір «Астана» клубында доп тебеді. Командадағы шабуылшы қызметін мінсіз атқарып жүрген Абатқа қазіргі уақытта өзге клубтардың да көзі түсіп жүргені белгілі. Жұлдызы жанған футболшы осы аптада жанындағы екі әріптесімен бірге ұлттық арнадағы «1001 түн» бағдарламасында қонақ болды. Сөз кезегінде «Халықтың ыстық ықыласы біз үшін баға жетпес марапат» деген А.Айымбетов қазақ футболының қайта түлеуі біріншіден ұлттық құрамадағы бапкер Магомед Адиевтің еңбегі екенін жеткізді.
– Жаңа бапкердің келуімен осындай өзгерістер болды. Біздің жеңіске деген сенімділігімізді арттырды. Біз өзімізге сене бастадық. Осындай құлшыныспен бірінші ойыннан кейін күш алып, әр ойын сайын жақсы ойын өрнегін көрсеттік деп ойлаймын. Осылайша қазақ елін қуанттық. Енді тоқтамаймыз. Алға қойған мақсатқа жету жолында финалға жетуге бар күш-жігерімізді саламыз,– деді аралдық А.Айымбетов.
Иә, ұлт намысы таласқа түскен сәттерде спорттың қай түрінде болмасын бар өнерін көрсете білетін спортшылардың еңбегі ескеруге әбден лайық. Футболда да солай. Ұлттық құраманы жеңіске жетелеп, жақсы көрсеткіштер үшін бар өнерін көрсетіп жүрген біздің жігіттер намысты қолдан бермейді деп сенеміз. Бұл бәсекеде айрықша өнерімен көзге түсіп жүрген Абаттың басқалардан бәсі биік деп білеміз.
А. БИСЕНОВ
18 маусым 2022 ж. 1 033 0