Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Универсиада – 2023: Ел қоржынына алғашқы алтын медаль түсті

Универсиада – 2023: Ел қоржынына алғашқы алтын медаль түсті

Қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес Лэйк-Плэсид (АҚШ) қаласында өтіп жатқан қысқы универсиаданың чемпионы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиды.

Жарыс жолына 16-ыншы болып шыққан Вадим нысана көздеуден бір ғана рет (0+1+0+0) мүлт кетіп, 42:37.4 минут нәтиже көрсетті.

Норвегиялық биатлоншы Эрьян Мосенг қазақстандықтан 42,6 секундқа қалып қойып, екінші орынға ие болды. Франциялық Аксель Гарнье (+1:16.5) үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстандықтардан бүгін сондай-ақ Александр Мухин, Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбеков осы қашықтықта сынға түскенімен, олар жүлдеге іліге алмады.

Осылайша, Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде – алтын медаль түсті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қысқы универсиадада мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық жұптың 10-орын алғанын жазған болатынбыз.
15 қаңтар 2023 ж. 822 0