Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайсар» – «Қайрат»: 3:0

«Қайсар» – «Қайрат»: 3:0

Үздіктер сапына үміт бар
Қызылордалық «Қайсар» оныншы турда Алматыда «Қайратты» 3:0 есебімен ұтты. Жанкүйерлерін ерекше қуантты. Нәтижесінде біріншіліктегі азулы команданың бірінен жеңісті жұлып алып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты. Осылайша көш басында келе жатқан үздіктерді өкшелей түсті. Демек, «Қайсардың» осы қарқыны сақталса, жүлделі орындарға таласуға әбден болады.

Алматылық клуб әрине, осал қарсылас емес. Команда негізінен өз түлектерінен құралған. Арасында тәжірибелі ойыншылар бар. Биыл біріншілікте тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп келеді. Қазірге дейін бес мәрте жеңіске жетсе, үш мәрте тең түсіп, бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Ал кейінгі бес ойында үш рет жеңіп, екі тең нәтижеге қанағат білдірді. Сонан да қызылордалық жанкүйерлер үшін «Алматыдағы кездесу қалай болар екен?» деген ой көкейде тұрған еді.

Мына бір дерекке көз сала кеткеніміз артық емес. Осы кезге дейін екі команда 64 мәрте кездессе, соның 36-ы «Қайраттың» басымдығымен аяқталған. Ал 13 кездесуде «Қайсар» жеңсе, 15-де тең нәтиже тіркелген.

Сондай-ақ, бұған дейін жерлестеріміз осы қарсыласын оңтүстік астанада 2006 жылдың 25 қазанында 3:2 есебімен жеңген екен. Содан бері 16 жылдан астам уақыттағы 15 кездесудің 11-де алматылық ұжымның мерейі үстем болып, қалғанында тең түскен.

Өткен жексенбіде болған ойында «Қайсар» футболшылары алғашқы минуттан алға ұмтылды. Нәтижесінде 10-минутта қызылордалық команда қорғаушысы Жоао Педро қақпаны дәл көздеді. Енді алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойлаған мақсатына жете алған жоқ. Есесіне өз айып алаңында 24, 45-минутта тәртіп бұзды. Төрешілер белгілеген пенальтиден «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Дмитрий Бородин мүлт кеткен жоқ.

Екінші кезеңде алматылық клуб гол соғуға тырысты. Оған қызылордалық футболшылар лайықты төтеп бере білді. Осылайша «Қайсар» қарсыласын тізе бүктіріп, үш ұпай олжалап қайтты. Турнир кестесінде 16 ұпаймен жетінші орынға жайғасты. Үшінші орында тұрған «Қызылжардан» небәрі алты ұпайға қалып тұр. Алдағы ойындарда жеңіске жетсе, оны қуып жетуі әбден мүмкін.

Енді бірінші айналымның аяқталуына небәрі үш ойын қалды. Оның екеуін өз алаңында өткізеді. Алдымен 28 мамырда «Ақтөбені», 4 маусымда «Мақтаралды» қабылдаса, 24 маусымда сырт алаңда «Оқжетпеспен» күш сынасады.

«Қайратпен» кездесуден кейін «Қайсардың» бас бапкері Виктор Кумыков «Жоспар бойынша ұпай алу негізгі міндетіміз болды. Екі команда да алаңда жақсы ойын көрсетті. «Қайсар» ойыншылары негізінен жасанды алаңда доп тебуге бейімделген. Сондықтан табиғи көгалда біршама қиындық туындайтыны рас. Дегенмен ол көп кедергісін келтірген жоқ. Әрине, көпшілік күтпеген есеп тіркелді. Футбол болғандықтан мұндай сәттер орын алып тұрады» деді.

Оныншы турға шолу жасаған республикалық сайттың бірінде қызылордалық клубтың сәтті ойын көрсеткені айтылған. Бұл орайда қызылордалық қорғаушылардың сауатты ойын көрсете білгенін атап өту керек.

Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
23 мамыр 2023 ж. 786 0