Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үстел теннисінің шебері

Үстел теннисінің шебері

Әлем бойынша жас спорт түрінің бірі – үстел теннисі. Қырағылық пен шапшаңдықты аса қажет ететін бұл спорт түрі 1988 жылы Сеулде өткен олимпиадада тұңғыш рет бағдарламаға енген екен. Ал 1993 жылдан бастап елімізде бұл спорт түрінен Қазақстан Республикасының чемпионаты үздіксіз өткізілуде. Сонымен бірге абыройын асқақтатып жүрген теннисші жастарымыздың саны күн санап артуда. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Ендігі кезекте бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған "Арал Спорт клуб" үстел теннисі бөлімшесінің жаттықтырушысы, жас үстел теннисшісі Нұрталап Маратұлы.
Жалпы Нұрталаптың үстел теннисі спортына деген қызығушылығы 6 сыныптан басталған. Оған себеп әкесі болған. Яғни, әкесі Марат Нұрталаптың бұл спорт түріне қызығцшылығын аңғарған екен.
– Әкем менің туған күніме су жаңа теннис ракеткасын сыйлаған болатын. Ол кәсіпқой ракетка болмаса да, мен үшін спортқа өте бағалы деген бағымды ашып, үстел теннисіне қызықтыратын ракетка болды,–деп бастады Нұрталап бұл спорт түріне келу жолын.
– Өзім аудан орталығынан 150 км шалғай орналасқан Жіңішкеқұм ауылында туып өскенмін. Ауданнан біршама алыс болған соң жарыстарға шығуға көп мүмкіндік бола бермейтін. Сонымен бірге бізде ауылда үстел теннисі және оған қажетті заттар да жетіспейтін. Содан соң Арал қаласына қарай шығатын көліктерге осы тенниске қажетті дүниелерді әкеп беруін тапсыратынбыз. Оның кейбірі әкеліп берсе, енді бірінде мүмкіндік бола бермейтін. Бірақ анам кей кездері облысқа жұмыс барысымен шыққанын пайдаланып, тапсырып жіберетінмін. Міне, сол кісі маған қолдау білдіріп, сөзімді тастамай әкеп беретін. Дегенмен балалық арманым осы үстел теннисінен жаттықтырушы болуды қалатын. Қазір міне осы арманым бойынша қызмет етіп жүрмін,–деді Нұрталап.
Нұрталап Қуаныш облыс атынан жарыстарға қатысқан. Ол Шымкент қаласында ІІ орын, Түркістан қаласында ІІІ орын, Қызылорда қаласында ІІ орын және Маңғыстау қаласында өткен жарыстарда "Үздік ойыншы" және қола медальға ие болған.
Білгеніңді өзіңнен кейінгі жастарға үйрету үлгілі іс екені анық. Бүгінде Нұрталап бала арманы бойынша 20-дан астам оқушыны үстел теннисіне дайындайды. Енді үйреніп келе жатқан спортшыға алдымен қимыл қозғалысын дұрыстап қойып алу керек. Оңнан солға, солдан оңға қарай соққы жасағанда өзін қалай ұстау керектігін әбден түсініп алған дұрыс. Осы жаттығуларды жиі қайталай берсе, санасында сақталып қалады да, екі-үш аптадан соң, қарсыласпен алғашқы ойынды өткізуге болатындығын да айтып өтті жас теннисші.
– Жалпы өзімнен кейінгілерге бұл спорт түрін үйретудегі мақсатым ауданның үстел теннисі спортын дамыту. Сонымен бірге Арал ауданының құрамасын жасақтау болып отыр. Қазіргі кезде Арал ауданы құрамасының ойыншылары облыс құрамасының үздіктері қатарынан табылып отыр. Атап өтер болсам, Нұрбақыт Қуаныш Қазақстан Республикасы оқушылар чемпионатында қос қола медаль еншіледі. Әрине, бұл ауданымыз үшін үлкен жетістік. Жұптық сайыста ІІІ орын және командалық сайыста ІІІ орын иелендік. Ал 1-ші маусым күні өткен қала әкімінің кубогында Нұрбақыт Қуаныш І орын, Мағжан Сәбитұлы 2 орын иеленді,–деді Нұрталап Қуаныш.
Сергек болу үшін кез келген спорт түрімен айналысуға болады. Ал жылдам шешім қабылдауды үйренуге үстел теннисінің тигізер пайдасы көп. Жасыңыз ұлғайса да, қартайдым деп қаймықпай, ауруға шалдықпай жүрудің тиімді жолы спорт. Ептілік пен шапшаңдықты қажет ететін үстел теннисін кішкентай баладан еңкейген қарияға дейін ойнауға болады. Тұрақты түрде шұғылданған адам буын ауруларының алдын алады екен. Сонымен бірге қан қысымын да қалыпта ұстайды. Үстел теннисі – ең қауіпсіз спорт түрі. Бұл спорт түрі әсіресе білек пен иық бұлшық еттерін шынықтырады. Сонымен қатар, тірек-қимыл жүйесіне жағымды әсер етеді. Қолжетімді спорт болғандықтан, салауатты өмір салтын ұстанатындарға нағыз керек ойын түрі деп айтуға болады мыс.
– Жарыс болғаннан кейін жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні белгілі нәрсе. Дегенмен жеңілістің ащы дәмін көрмей, жеңістің тәтті дәмін көрмейді екенсің. Сол секілді осыдан 2-3 жыл бұрын Түркістандық баламен жарысқан болатынмын. Қарсыласыма деген менсінбеушілік болған секілді менде сол уақытта. 2-0 есебімен ұтып тұрып, сол сәтте 3-2 есебімен ұтылып қалдым. Міне, осы сәтте "неге бірден ұтып тастамадым екен?" деген ой болды. Осы кезде қарсыласымды менсінбей, ұтатыныма өте сенімді болғаным үшін сәл өкініп қалған едім,–деді Нұрталап.
Айсауле НҰРЛАНОВА
23 шілде 2024 ж. 334 0