Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "ТОБЫЛ" - КУБОК ИЕГЕРІ

"ТОБЫЛ" - КУБОК ИЕГЕРІ

Бүгін Қызылорданың сол жағалауында 11 мың орындық жаңа стадион ашылып, футболдан  Қазақстан Республикасы Кубогының финалдық ойыны өтті.
Оған ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров,  Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Финалдық кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «Тобыл» командалары бақ сынасты. Ойын өте тартысты әрі қызықты өтті. Бірінші таймда «Тобыл» командасы қарсылас қақпасына екі дәл соққы жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Бірінші голды Николай Сигневич, ал екінші голды Ислам Чесноков салды.
Жаңа стадион ауласында жанкүйерлерге үлкен LED экран қойылып, ойынды қолайлы жағдайда тамашалауға мүмкіндік жасалған.
Айта кетейік, бұл финал «Ордабасы» мен «Тобыл» үшін бесінші шешуші бәсеке болды. Екі клуб та осыған дейін екі рет жеңіске жетіп, екі мәрте финалда ұтылған. Қазақстан Кубогы тарихында қос ұжым бес мәрте кездескен, оның үшеуінде қостанайлықтар, екеуінде шымкенттіктер басым түскен. Бұған дейін финалда үш рет жолығып, екі рет «Тобыл», бір рет «Ордабасы» кубок иегері атанған. Бүгін олардың төртінші финалдық кездесуі болды.
Осылайша, қостанайлық «Тобыл» командасы қарсыласынан басым түсіп, Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанды. Жанкүйерлер командаға қошемет көрсетіп, жаңа стадиондағы алғашқы финалдық матч тарихта қалатын ерекше сәт болды.
Жеңімпаз «Тобыл» командасын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров марапаттап, кубок пен медальдарды табыс етті.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
05 қазан 2025 ж. 59 0