Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан бокстан ӘЧ-ның медаль есебінде Өзбекстанды басып озып, екінші орын алды

Қазақстан бокстан ӘЧ-ның медаль есебінде Өзбекстанды басып озып, екінші орын алды

Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстан құрамасы бокстан Дубайда (БАӘ) өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының медаль есебінде екінші орын алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алты жүлде мен үш әлем чемпионы

Қазақстан құрамасы турнирде алты медаль алды: 3 алтын, 1 күміс және 2 қола.

Әлем чемпионы атанғандар:

  • Сәкен Бибосынов (54 кг),
  • Оразбек Асылқұлов (57 кг),
  • Абылайхан Жүсіпов (71 кг).
  • Күміс жүлдені Сабыржан Аққалықов (75 кг) иеленді,
  • ал қола медальдар Теміртас Жүсіповтің (48 кг) және Ертуған Зейноллиновтың (63,5 кг) еншісінде.

Дубайдағы IBA әлем чемпионатының медальдар есебіндегі көшбасшылар

  • Ресей - 7 алтын, 5 күміс, 1 қола.
  • Қазақстан - 3 алтын, 1 күміс, 2 қола.
  • Өзбекстан - 2 алтын, 4 күміс, 3 қола.
Еске салайық, бокстан әлем чемпионаты Дубайда 4–13 желтоқсан аралығында өтті. Жеңімпаздарға 300 мың доллар, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллар, қола жүлдегерлерге 75 мың доллар, ал ширек финалға шыққандарға 10 мың доллар беріледі.
Айта кетейік, бұл турнирде Қазақстан құрамасы өз көшбасшыларынсыз өнер көрсетті - World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпиондары Ливерпульде 4 алтын медаль жеңіп алған еді.

Неліктен бокста екі әлем чемпионаты өткізіледі?

Еске салайық, 2025 жылы IBA мен World Boxing бір-бірінен тәуелсіз әлем чемпионаттарын өткізеді және онда бір спортшы екі турнирге де қатыса алады.
Мәселен, Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева бір жыл ішінде екі мәрте әлем чемпионы атанды: наурызда IBA турнирінде, ал қыркүйекте World Boxing турнирінде жеңіске жетті.
Бұл жағдай Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) IBA ұйымынан Олимпиадаға іріктеу жарыстарын өткізуге берілген аккредитацияны кері қайтарып алғаннан кейін пайда болды. IBA-ның орнына World Boxing ұйымы құрылды.
Қазір ұйымдар спортшылардың басқа ұйым аясындағы жарыстарға қатысуына тыйым салмайды. Соның нәтижесінде: наурызда IBA әйелдер арасындағы әлем чемпионатын өткізді, қыркүйекте World Boxing біріккен турнир ұйымдастырды, ал желтоқсанда IBA ерлер арасындағы әлем чемпионатын өткізеді.
14 желтоқсан 2025 ж. 92 0