Балғын спортшыларды біріктірген біріншілік
Көктем – қуанышқа толы мезгіл. Табиғат қайта түлеп, қуаныштың салтанат құратын мерзімінде Аралда айтулы шара болып өтті. Бір ерекшелігі бұл шара балғын шақтан спортқа қызығушылық танытып, өзгеше өнерді бойына сіңірген кішкентай арулардың арасында өтті.Бұлай айтуымызға себеп бар. Өйткені елімізде кенже дамыған көркем гимнастиканы көңіліне жақын санаған қыздар өзара сынға түсті. Арал көркем гимнастика мектебі ұйымдастырған «Nauryz Cup–2026» турнирі аймақтағы үш бірдей ауданның өрендерін қаладағы Arsen спорт кешенінде жинап, біліктілігі мен шеберліктерін паш етуге мүмкіндік берді.
Айта кету керек, Арал көркем гимнастика мектебі 2021 жылдың тамыз айында құрылған. Мектептің негізін қалаушы Жансая Бисембаева 5 жылға жуық уақыттың ішінде көптеген гимнастшыларды тәрбиелеп, еліміздің түкпір-түкпірінде, одан қалды шет мемлекеттерде де өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағынып, күміспен күптелуіне себепші болған білікті бапкер.
Жансая Басбайқызы:
– Қазіргі таңда мектебімізде 80-ге жуық жас спортшы тәрбиеленіп, 3 білікті жаттықтырушы олардың биіктен көрінуі үшін тынымсыз еңбек етуде. Ауданымызда көркем гимнастика спортын кеңінен дамыту мақсатында түрлі турнирлер ұйымдастырылып келеді. Облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлдесіз қайтқан кезіміз жоқ. Бұл біздің мектебіміздің ұйымшыл ұжымнан, үздік спортшылардан және қолдаушы ата-аналардан құралғанының жарқын көрінісі, – дейді.
Шараның ашылуында Аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Толыбай Әлжанов сөз сөйлеп, аталған біріншіліктің маңыздылығына тоқталды. Санаулы жылдар ішінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, түрлі жарыстарда жүлде салған Арал көркем гимнастика мектебінің жүйелі жұмысына жоғары баға беріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Арал көркем гимнастика мектебінің ашық біріншілігіне жергілікті гимнасттардан бөлек көршілес Қазалы және Қармақшы аудандарынан жалпы саны 95 жас спортшы қатысты. Қатысушылар 2013-2020 жылдары туған балалар арасында А, Б, С категориялары бойынша және бірінші старт бағдарламасында өз өнерлерін көрсетті. Бір-бірінен басым түсуге талпынған балғын спортшылар жарыстың көркін қыздарды. Ырғақты әуен мен үйлесімді қимылдары спорт кешеніне жиналған жұртшылықтың жанарын жаулап, ерекше көңіл күй сыйлады.
Қызылорда обылысы 1 мамандандырылған балалар спорт мектебінің көркем гимнастикадан жатықтырыушысы Айсұлу Мәдиева, Қызылорда обылысы 1 мамандандырылған спорт мектебінің көркем гимнастикадан тренер-хорегрофы Данияр Джапбасов, Қызылорада «Қаблан» спорт мектебінің көркем гимнастикадан жаттықтырушысы Әсел Маратованың әділ қазылығымен үздік шыққан спортшылар І, ІІ, ІІІ орындармен марапатталып, медальдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Өңірдегі көркем гимнастика спортын дамытып, балаларды салауатты өмір салтына баулу және жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасауды мақсат еткен біріншілік өте жоғары дәрежеде өтті. Бұл жарыста да болашақ чемпиондардың мекені саналатын Арал көркем гимнастика мектебінің нәтижесіне қанық болып, болашақ Олимп шыңын бағындыратын балғындардың дәл осы жерде тәрбиеленіп жатқанына көз жеткіздік.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









