Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас гимнасттар жанашыры

Жас гимнасттар жанашыры

Бүгінгі таңда жетістікке жетудің түрлі жолы бар. Мейлі қай салада болса да тынымсыз еңбек пен төккен тер нәтижеге жетелейді десек те, сол жолда табысты қызмет етудің бірден-бір жолы жаңалық ашу, жаңашылдыққа ұмтылу екендігін жасырмау керек. Бүгінгі қоғамның басты талабы да сол.
Расында ауданда осы уақытқа дейін көркем гимнастика үйірмесі жайлы бұрын-соңды есітеген емес едім. Көркем гимнастика тіпті облысымызда да кенже дамыған спорт десек болады. Аймақта ашылғанына 10 жылдан жаңа асқан бұл спорттың Аралдағы әлеуеті тіпті жоғары. Бұлай айтуға себеп бар. Жақында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде Арал көркем гимнастика мектебінің І ашық турнирі өткізілді. Мұндай ауқымды шара бұрын-соңды аудан көлемінде өтпегенін айтар болсақ, көркем гимнастиканың қазіргі жұмысы қай деңгейде екенін жазбай танимыз.
Алғаш рет ұйымдастырылған ашық турнирде өнер көрсетушілердің де белсенділігі өте жоғары болды. Жарысқа Қызылорда облысы және Арал қаласынан жалпы 40 жас гимнастшылар қатысуға ниет білдірді. Жансая Бисембаеваның жетекшілігімен өткен бұл шара расында бас бармақпен баға берерліктей болды деп айтсақ қателеспейміз.
Бұл шара жайлы аудандағы көркем гимнастиканың жетекшісі Ж.Бисембаева:
– Кез келген шараны өткізу оңай іс емес. Оның үстіне бұрын-соңды өтпеген, бір ізге қойылып, дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын турнир емес. Сондықтан баста жүрексіндім. «Қатысушылардың қызығушылығы қалай болады?» деген де сауал тұрды. Бірақ қолдаушыларымның арқасында барлығы сәтті шықты. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы екен. Сонымен қатар еңбек етсең, жетістікке жетудің жолын тапсаң, халықтың да сенімі арта түсетініне тағы бір мәрте көзім жетті. Олай дейтінім, қазірде бірнеше бала көркем гимнастикаға қатысып, менен сабақ алуда. Жеңістеріміз, нәтижелеріміз жайлы жақсы білесіздер. Ол жайлы айта бергім келмейді. Бірақ сол көрсеткіш бүгінде алдымнан жақсылығымен шықты. Сол балалардың ата-аналары турнирдің өтуіне қолдау білдіріп, демеушілік те жасады. Оларға да алғысымды айтамын. Сенімін алдағы уақытта да ақтап, аудан спортшыларының атын танымал ету жолында еңбек ететін боламын, – дейді.
Шынымен солай. Арал көркем гимнастика мектебінің алғашқы ашық турнирі ата-аналар мен меценаттардың қаражатына өтті. Арал мен Қызылорданың 40 жас гимнастшысы қатысқан турнирде қатысушылар екі жас тобында бақ сынасты. Балалар доппен және шеңбермен жаттығуға қатысты.
Иә, расында Жансая Бисембаеваның еңбекқорлығын атап өту керек. Мектепті бітіргеннен кейін ол Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжіне «хореограф» мамандығы бойынша оқуға түсіп, Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде осы мамандық бойынша жоғары білім алды. Оқу бітірген соң Аралда туған жеріне қызмет етуді ұйғарды. Осылайша ауданға жаңалық алып келіп, олимпиадалық спорттың бір түрі саналатын көркем гимнастиканы қолға алды.
– Көркем гимнастикамен айналысу үшін «Айбар» фитнес-орталығында залды жалға алдым. Шынымды айтсам, басында секцияға үлкен қызығушылық болады деп күткен жоқпын. Қазір менде 60-тан астам қыз бар. Қатысамын деп ниет білдірушілердің қарасы әлі де көп. Арал қаласында қыздарын көркем гимнастикада көргісі келетін ата-аналар көбейіп келеді. Бірақ көп жағдайда уақыттың жоқтығы олардың барлығын бірдей қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей тұр. Жаттығулар күніне екі рет өтеді. Жүктемені азайту үшін тағы бір жаттықтырушыны шақыруды жоспарлап отырмын. Қазір аудандық мәдениет және спорт бөлімімен бірге көркем гимнастика бойынша маман іздестірудеміз. Ақтаудан үміткер бар, тұрғын үй, жалақы және басқа да ұйымдастыру мәселелерін талқылаймыз, – дейді.
Сонымен қатар, Арал қыздары жылына екі рет Шымкентке оқу-жаттығу жиынына барады, оны балалар үшін арнайы атақты спортшы, Қазақстан федерациясының президенті және көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлия Юсупова өткізеді.
Иә, қашанда төккен тер зая кеткен емес. Оған Жансаяның да, біздің де  көзіміз жетіп отыр. Болашақ спорт жұлдыздарының шеберлігін арттыру мақсатында жасаған жұмысы жемісті болған кейіпкеріміз бүгінде жас гимнасттардың жетістіктерімен мақтана алады. Мысалы, 11 жасар Айзере Темірханқызы, 9 жасар Томирис Жолдасбай, 8 жасар Амина Теміржанқызы, Сайда Нұртай және Сара Матығұлға үлкен үміт артып отыр. Олар республикалық жарыстардың тұрақты қатысушылары, бірнеше рет түрлі турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Бірнеше жылдан кейін Арал өңірінен шыққан жұлдыздар көркем гимнастиканың әлемдік аспанында жарқырап жануы әбден мүмкін.
О.ЖОЛДАСОВ

20 тамыз 2023 ж. 227 0