Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әзірбайжанда әлемді мойындатқан Аралдық гимнасттар

Әзірбайжанда әлемді мойындатқан Аралдық гимнасттар

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында "Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады" – деп атап өткен еді.
Расында бұқаралық спортты дамыту бағытындағы бастамалар бүгінде спортшы жастардың деңгейін көтеріп, айтарлықтай нәтижелер көрсетіп жүр. Солардың бірі гимнаст бүлдіршіндердің бағындырған белесі десек артық болмас.
Иә, осыдан санаулы жыл бұрын ғана ауданда көркем гимнастиканың негізі қаланды деп сүйіншілеген болатынбыз. Сол қуанышымыз ұзағынан болып отыр. Ашылған кезден көп уақыт өтпей-ақ алғашқы нәтижеге қол жеткізгендерді көрдік. Бірге қуандық, тілектес болдық. Ауданның атын шығарған спортшылардың алдағы қадамы тіпті сәтті боларына сендік. Міне, сол сенім гимнаст қыздарға да, бапкері Жансая Бисембаеваға да жігер сыйлағандай әрбір жарыс сайын қоржындары бос қайтқан емес.
Міне, қай жерде болса да жеңіске жетудің жолын таба білетін жас жерлестеріміз жақында тағы да бір биікті бағындырып, халықаралық байқаудан олжалы оралды.
Ашып айтайық. 14-16 маусым аралығы Әзірбайжанның астанасы Баку қаласы ХХІІ "Princess cup – 2024" халықаралық турнирінде Аралдық балғын спортшылар да бой көрсетті. Жерлестерімізден бөлек Кувейт, Грузия, Белоруссия, Ресей, Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласы мен Армения елдерінен жалпы саны 7 мемлекеттің спортшылары сынға түскен турнир өте тартысты өтті. Дегенмен аралдық гимнаст қыздарымыз намысты қолдан бермей, алты бірдей жүлделі орынға ие болды. 2012 жылы туғандар арасында А санаты бойынша Әмина Теміржанқызы мен Айзере Темірхан қоланы қанағат тұтса, В санаты бойынша 2014 жылғы туған Айсел Қоңырбай мен 2015 жылғы Сара Матығұл күміс медальмен марапатталды. Ал С санаты бойынша 2014 жылғы Томирис Жолдасбай мен 2015 жылғы Сайда Нұртай алтыннан алқа тағып, жеңістің биік тұғырынан көрінді.
Әрине, еткен еңбек пен төккен тер текке кетпейді. Біз осының куәсі болдық. Бұл сөзімізге жас гимнаст Айселдің анасы Динара Сұлтанованың:
– Қызымның көркем гимнастикаға деген ынтасы төрт жасынан белгілі болды. Youtube.com каналдарынан қарап, "осындай спортпtн айналысcам" деп құлшынып жүретін. Ол уақытта Аралда гимнастика деген спорт түрі әлі ашылмаған еді. Жансаяның жарнамасын көргеннен ізінен қалмай, ашылуын күн санап күттік. Осылайша баламыздың арманы орындалды, біздің үмітіміз ақталды. Алты жасынан бері қатысып келе жатырмыз. Бұл спорттың өте нәзік, элитный түрі болып есептелгендіктен, қыз балаға ең қажетті спорттың түрі деп есетеймін. Қазіргі таңда қызымның бойы сұңғақ болып өсіп, бұлшық еттері шымыр, өз-өзін көпшілік ортада ұстауы өте жоғарғы дәрежеде. Тазалыққа, ұқыптылыққа, шапшаңдыққа баулыды. Осыған қарап-ақ гимнастика тек спорт қана емес, қыз бала үшін керемет тәрбиенің бір құралы болып отыр.
Бүгінде бірнеше облыста болып, жиырмадан астам медаль алып үлгердік.
Алайда шетел спортшыларымен бірге ақ кілем үстінде өнер көрсету, олар жарыста күміс жүлдеге қол жеткізу біздің спорт сахнасы тәй-тәй басқан жас спорт мектебіміз үшін алтынға татитын жеңіс десем болады. Жансая тренерімізге көп-көп рахмет. Жаста болса осындай қиын, бәсекелестігі жоғары спорт түрін таңдап жүрексінбей, қаншама менің қызым сияқты жас спортшыларымызды тәрбиелеп Қазақстанға ғана емес, өзге елдерге де танытып жатқаны үлкен ерлік, – деген сөзі дәлел болады.
Иә, осы нәтижеден-ақ әлем спортшыларының алдында әлі талай жүлде саларына біз де сенім білдіреміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

29 маусым 2024 ж. 597 0