Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйірме - таланттыларды шыңдайтын орта

Үйірме - таланттыларды шыңдайтын орта

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығының кепілі болған бұқаралық спортты дамытуға жиі көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты Ел президенті өз жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша көңіл бөлуді талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» деп айтып өткен болатын.
Спорт жетістіктері – ауданның даму үдерісін бағамдайтын бірден бір көрсеткіш. Бұл жолда жас шәкірттерді дайындап, олардың аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда өнер көрсетуіне баптап жүрген жетекшілер де аз емес. Солардың бірі – Досбол Ильясов.
1993 жылы айдынды Арал қаласында дүниеге келген Досбол Ильясов аудандағы №260 мектептің түлегі. Оқушы кезінен спортқа жаны жақын Досбол №19 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін «Баскетбол» ойыны бойынша тәмамдайды. Кейін бұл жолды тастамай, Қызылорда облысындағы "Болашақ" университетінен «Дене шынықтыру және Спорт» мамандығын бітіреді. Бүгінде 2017 жылдан бастап №83 мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімі болып қызмет жасайды.
Жалпы баскетбол ойыны дене күшінің дамуына әсер ететін спорт түрі. Өткір лақтыру, секіру, жүгіру қимылдарының адам бойындағы тыныс алу, жүйке жүйесі тамырларына пайдасы мол. Дене белсенділігі қимылынан адамның үйлестіру қызметі жақсы дамиды.
Досбол Ильясов бұл ойынның қаттысы мен тәттісіне жастайынан қанып өскен. Сондықтан өзі жұмыс жасайтын мектепте үйірме ашуды жөн санап, ойын іске асырады. Бүгінде жас жеткіншектердің жеткен жетістіктері де аз емес. Оның ішінде Қызылорда обылысының білім басқармасының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен ұлттық мектеп лигасының аудандық кезеңінде баскетболдан «Алтын доп» сайысының ұлдар арасында өткізілген кезеңінде 9-11сыныптың оқушылары III орын иеленсе, 5-6 сыныптың қыздар командасы I орын иеленіп, мектеп абыройын асқақтатты. Ал осы «Алтын доп» сайысының 5-6 сынып ер балалар арасында өткізілген облыстық іріктеу жарысының «Үздік ойыншы» номинациясын 6 «Ә» сынып оқушысы Нартаев сырым жеңіп алды.
Сонымен қатар ұлттық ойын түрлері де Досбол мырзаның назарынан тыс қалған емес. Соның нәтижесінде мектеп оқушылары арасында «Ұлттық ойындар рухани байлығымыз» атты ұлттық ойын түрлерінен өткізілген аудандық спартакиада бағдарламасының «Шоқпарласу» сайысында I орын иеленгені үшін мектеп командасы марапатталады. Бұл да Досбол Ильясовтың жан-жақты білімді, танымы кең мұғалім екенінің бір дәлелі.
Мектеп жетістіктері барысында қызметкерлердің де спорттан алшақ емес екенін көруге болады. Себебі осыдан біраз бұрын өткізілген Қызылорда облысының білім басқармасының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің білім қызметкерлері арасындағы дәстүрлі аудандық спартакидасында «Баскетбол 3х3» ойыны бойынша ерлер арасында №83 мектеп командасы жүлделі ІІ орынмен марапатталған болатын.
Тағы бір айта кететін жайт, жақында болған Қызылорда облысының білім басқармасының Ұлттық мектеп лигасының баскетболдан «Алтын доп» 5-6 сынып ер балалар арасында өткізілген облыстық іріктеу жарысында I орын иеленгені үшін №83 орта мектеп командасының 6 сынып оқушылары республикалық кезеңіне жолдама алған болатын. Жас спортшыларымыздың дайындығына сәттілік тілей отырып, республикадан жүлделі орынмен оралуына тілектестік білдіреміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
17 сәуір 2024 ж. 308 0