Аймақ мерейін үстем етті

Мәселен жақында облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен футзалдан 9-11-сынып оқушылары арасында өткізілген «Ұлттық мектеп лигасының» облыстық кезеңі өтті. Тартысты өткен ала доп додасында Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінің №177 орта мектебі командасы І орын иеленді. Жеті аудан және Қызылорда қаласының командалары қатысқан облыстық додада аудан намысын қорғаған өрендер енді республикада өнер көрсетеді деп күтілуде.
Айта кетейік, осыған дейін №177 орта мектептің жас футболшылары 2 жыл қатарынан финалға шығып, ақтық ойында есе жіберіп ІІ орынмен оралған еді. Міне үшінші жыл тағы да финалда өнер көрсетіп, бұл жолы ешқандай қарсыласты шыдатпады. Облыстан олжалы оралған оқушыларды мектеп ұжымы қуанышпен қарсы алып, жеңістерімен құттықтады. Жас аяқдопшыларды жарыс жолына дайындаған жетекшілері – дене шынықтыру пәні мұғалімдері Ержан Есжанов, Қанат Баешов, Дидар Асарбековтердің бүгінде мерейі үстем. Өйткені еткен еңбек еш кетпеді, үміт алға озып, оқушылар командасы бұл жолы ешкімге есе жібермеді. Енді алда үлкен сайыс бар. Сол тартыста топ жарса, Аралдың мерейі үстем болғалы тұр. Сәттілік!
А.БИСЕНОВ