Абыройы асқақ Абылай

Бір қуанарлығы, жақсы қасиетті жанына серік еткен жастар мен балалардың қарасы өте көп болуы. Балғын шақтан бастап белгілі бір спорттың бағытына бет алып, сол жолда шынығып, дамып келе жатқан олардан біздің күтеріміз мол. Ертеңгі күні елдің атын шығарып, көк туымызды көкте желбірететін болашақ жарық жұлдыздар өсіп келе жатыр деп айта аламыз.
Міне, солардың бірі балғын боксшы – Абылай Азаматұлы. Сегіз жасар былғары қолғапты жанына серік еткен Абылайдың шаршы алаңдағы қимылынан, жекпе-жек кезіндегі шапшаңдығынан оның болашағын анық аңғаруға болады. Бапкері РамазанЖамешовтің қол астында тәлім алып, бокстың алғашқы әліппесін үйрене бастаған ол бүгінде түрлі деңгейдегі жарыстардың тұрақты қатысушысы.
Өткен 2023 жылдың өзінде үш бірдей жүлдені қанжығасына байлаған. Алдымен аудандық жарыста мойнына алтыннан алқа таққан Абылай, облыстық жарыста да атой салып өз мықтылығын дәлелдеді. Тек финалдық бәсекеде ғана қарсыласына есе жіберіп қойған балғын боксшы күміс медаль иесі атанса, өткен жылдың соңында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған "Alliance boxing"клубының ашық біріншілігінде 26 кг салмақ дәрежесінде жүлделі ІІІ орынды иеленіп келді.
Балғын боксшы жайлы бапкері Р.Жамешов:
– Абылай – болашағынан зор үміт күттіретін спортшы. Бізге қатысқанына да көп уақыт болмады. Бірақ өзінің қызығушылығы мен тынымсыз дайындығы оның бүгінгідей дәрежеге өсуіне себепші болып отыр. Аз уақыт дайындықпен бір жыл ішінде үш жүлдені жеңіп алу оңай жұмыс емес. Соңғы Ақтөбе қаласындағы турнирге барған 6 баланың екеуі күміс алса, 4 спортшы қола алған болатын. Бірақ Абылайды әлсіз болды деуге келмейді. Тек қарсыластарының тәжірибесі көп болды. Алдағы уақытта әлі талай биіктерді бағындыратынына сенемін, – дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ