Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт саласы әрдайым басты назарда

Спорт саласы әрдайым басты назарда

Бүгінгі түрлі сала дамыған заманда қай ұлт болмасын уақыт талабына сай білімді де, білікті де, жан-жақты дамыған болуы қажет. Осы тұрғыда бәсекеге қабілетті ұлт қатарында болу үшін саламатты өмір салтының, яғни спорт саласының орны ерекше. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» – дегендей, осы спорт саласы халқымыздың денсаулығын сақтау тұрғысында үлкен маңызға ие болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз»- деп Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін де айтып өтті.
Президенттің осы тапсырмасына сай «Дене шынықтыру мен бұқа-ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке¬шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау¬лысымен бекітілді. Осы жос¬парға сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріп¬тестігі аясында балалар мен жасөс-пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
Расымен де, бұқаралық спортты дамыту мақсатында еліміздің көк байрағын желбіретіп, түрлі додаларда намысты қолдан бермей, дүйім дүниеге танылып жүрген спортшыларымыздың рөлі зор. Аудан абыройын асқақтатып, спорт саласына үлкен үлес қосып жүрген спортшы қыз-жігіттеріміз баршылық. Жалпы аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 31 228 адам шұғылданады екен. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының ресми чемпионаттары мен біріншіліктері жарыстарында аудан спортшылары 44 медальға ие болған. Оның 18-і – алтын, 12-сі – күміс, 14-і – қола.
–Бүгінде спорт саласы қарқынды дамып келеді. Ұлт денсаулығын жақсарту мақсатында түрлі спорт түрлерінен арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен бірге қазіргі балалардың ұялы телефонға телміріп отыратындары жасырын емес. Тынымсыз тіршілік қамымен жүрген кей ата-аналар да баласының ұялы телефонда шектен тыс отыратынын аңғармай жатады. Осы тұста балаларды өздері қалайтын спорт түріне берсе, баланың бос уақыты тиімді пайдаланылып, денсаулығына да біршама пайда әкелер еді. Мүмкін келешек сол бала еліміздің атын шығаратын мықты спортшы болатын да шығар. Сол себептен баланың уақытын құр өткізбей, өзіне пайдалы іспен айналысуға үйрету қажет. Тағы бір айта кетерлігі, түрлі додаларда еліміздің атын шығарып жүрген жас спортшыларымыз да жетерлік. Мұндай жеңіске барша қазақ елі болып қуанып жатамыз. Әрине, бұл үлкен жетістік, үлкен қуаныш. Дегенмен өз ісінің маманы болған кей спортшыларымыз танылмай, жоғары деңгейдегі жарыстардан шеттетіліп қалатыны көңілге қаяу салады. Сол үшін спорт саласына деген қызығушылығы жоғары, талабы бар балаға қолдау көрсетіп, үміт сыйлаған да жөн,–дейді қала тұрғыны Алашбай Елеев.
Әр адам спортты әр қалай түсінетіні анық. Бірі күнделікті жаттығу ретінде шынықса, енді бірі сүйікті ісінің бірі ретінде қарайды. «Спорт – денсаулық кепілі»-демекші, қандай салада қызмет етсек те, спортпен айналысуды да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Ал өскелең ұрпаққа да спорттың адам денсаулығына қаншалықты маңызды екендігін үлгі ете білгеніміз де дұрыс.
А. НҰРЛАНОВА
28 тамыз 2023 ж. 671 0