Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр спорты самғау үстінде

Сыр спорты самғау үстінде

Фото: Облыс әкімдігі
Спорт – тек жарыс пен жеңіс емес. Ол – ұлт денсаулығы, жас ұрпақтың жігері, елдің еңсесі мен мерейі. Сондықтан да мемлекет тарапынан бұл салаға айрықша мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі» деген сөзі осы бағыттағы жүйелі жұмыстың темірқазығына айналды.
Осы ұстаным аясында Қызылорда облысында кейінгі төрт жыл ішінде спорт саласы қарқынды дамып, Сыр спорты жаңа белеске көтерілді. Ел ішінде «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дейді. Сол жарыс жолында Сыр елінің де самғауы, ең алдымен, берік инфрақұрылым мен тұрақты қолдаудан бастау алды.
Төрт жылда облыста аймақ бас­шысының тікелей бастамасымен за­манауи үлгідегі 24 спорт нысаны салынып, ел игілігіне берілді. Сыр елінде спорт инфрақұрылымын жаң­ғырту тек санмен емес, сапамен де өлшеніп отыр. Соның жарқын мыса­лының бірі – 2024 жылы Қызыл­орданың сол жағалауында «Самұрық- Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп ашылған халықаралық талаптарға сай «Теннис орталығы». Құны 3,4 млрд теңгені құрайтын бұл заманауи кешенде бір мезетте 32 спортшы ойнайтын 16 теннис столы, 350 көрерменге арналған орын, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер қарастырылған. Бү­гінде мұнда жеті оқытушы-жат­тық­тырушы 300-ден астам спортшыны кәсіби ба­ғытта шыңдап келеді. Бұл – өңірде теннис спортының тамыры тереңдеп, тынысы кеңейіп келе жатқанын аңғартатын нақты қадам.
Спорттағы тағы бір сүбелі бастама – бұрын жеке тең­герімде болған «Тарлан» спорт ке­шенінің мемлекет мен­шігіне өтіп, Қызылорда ерлер және әйелдер бокс клубы болып ресми түрде ашылуы. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен бұл нысан демеушілер есебінен күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай толық жаңғыр­тылды. Қазіргі таңда мұнда ерлер мен әйелдерге арналған екі бокс залы, 40 орындық қонақүй, заманауи жаттығу залы мен спорт­шыларға ар­налған асхана жұ­мыс істейді.
Ал ең ауқымды жоба­лардың бірі – Қызылорданың сол жағалауында бой көтерген 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы. Құны 26,5 млрд тең­гені құрайтын бұл нысан – Сыр спор­тындағы жаңа дәуір­дің айқын бел­гісі. Жаңа ста­дион­ның жасыл алаңы халықаралық стан­дарт­тарға толық сай жаб­дық­талған. Ең бастысы, мұнда тек футболға ғана емес, олимпиа­далық спорт түрле­ріне де ерекше мән беріл­ген. Атап айтқанда, бокс, спорттық гимнас­тика, ауыр атлетика, таеквондо, күрестің үш түрі және фитнеске арналған арнайы залдар қарас­ты­рылған. «Kaysar Arena»-ның айрықша ерекшелігі – УЕФА клас­сификациясы бойынша IV санатты категорияға ие болуы. Бұл дегеніміз – халықаралық деңгейдегі ресми матч­тар мен жоғары дәрежелі спорттық додаларды өткізуге толық мүмкіндік бар деген сөз.
Ал биылғы жылдың басында Қызыл­орда қаласының сол жаға­лауында ерекше қажеттілігі бар аза­маттарға арналған Инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілді. «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры­ның демеушілігімен салынған бұл нысанның құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайды. Мұнда волейбол, күрес және жалпы дене дайындығына арналған арнайы залдар жасақталған. Бір мезетте 150 адам спортпен шұғылдана алатын бұл орталық – спорттың баршаға ортақ екенін, дене мүм­кіндігіне қарамастан әр азаматтың белсенді өмір сүруге құқылы екенін дәлелдейтін тағылымды жоба.
Сыр өңіріндегі спорт инфра­құ­рылымын дамыту мұнымен шек­телген жоқ. Бүгінде облыс орталығында құрылысы қарқын алған ең ірі жоба­лардың бірі – құны 20 млрд 500 млн теңгені құрайтын көпбейінді «Қы­зылорда Арена» спорт кешені. Аумағы 25 мың шаршы метрді қамтитын бұл алып кешенде олим­пиадалық стан­дартқа сай 50 метрлік жүзу бассейні, олимпиадалық спорт түрлеріне ар­налған жаттығу залдары қарас­ты­рылған. Сонымен қатар, Әлем және Азия ойындары секілді халық­аралық жарыстарды өткізуге мүм­кіндік беретін 2500 орындық әмбебап зал, ау­қымды жиындар, форум және кездесулер өт­кізуге арналған соңғы үлгідегі 300 адамдық зал қарастырылады.
Спорттың шын мәніндегі дамуы тек кәсіби аренадағы жетістікпен өлшенбейді. Оның шынайы өлшемі – халықтың дене белсенділігіне, са­лауат­ты өмір салтына бет бұруы. Бұл тұрғыдан алғанда да Сыр өңі­ріндегі көрсеткіш көңіл қуантады.
Сыр спортын дамыту аясындағы жүйелі жұмыстар мен жан-жақты қолдаудың нәтижесінде өңір спорт­шылары кейінгі жылдары толайым табысқа қол жеткізді. Атап айтқанда, Әлем және Азия чемпионаттарында жеті медаль жеңіп алып, оның бесеуін алтынға, біреуін күміске, біреуін қолаға айналдырды. Ал ҚР чем­пионаттары мен кубоктарында сыр­бойылық саңлақтар 149 медаль ен­шіледі. Оның ішінде 54 алтын, 43 күміс және 52 қола жүлде бар. Сондай-ақ былтырғы жылдың қорытын­дысымен Қызылорда облысы үздік спорт өңірі атанды.
Сыр өңірі қашанда «нар тәуекел» деп, намысты қолдан бермеген жұрт. Бүгінгі спорт саласындағы серпіліс – сол қайсар рухтың заманауи көрінісі. Ертең осы залдар мен стадиондардан ел абыройын асқақтататын талай чемпионның шығары анық.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»
09 сәуір 2026 ж. 53 0