Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шахмат шеберлерінің қатысуымен тартысты бәсеке өтті

Шахмат шеберлерінің қатысуымен тартысты бәсеке өтті

Қызылорда қаласындағы «Нұрсәт» теннис орталығында классикалық шахматтан Аралбай Махамбетовтың жүлдесіне арналған ҚР балалар кубогының  ресми ашылу салтанаты өтті. 
Он сегінші рет ұйымдастырылған ой сайысына Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен және еліміздің барлық өңірінен келген 400-ге жуық қатысушы өз шеберліктерін танытпақ.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ҚР шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов, бірегей тұлға Аралбай Маханбетовтың інісі Сұлтанбек Маханбетов, басқарма басшысы Бақтияр Артаев қатысты.
Ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы облыс әкімінің арнайы Алғыс хатын табыстап, шахмат шеберлеріне сәттілік тіледі.
-Шахмат — ғасырлар бойы адамзатпен бірге дамып келе жатқан зияткерлік ойын. Шахматты тек спорттық ойын ретінде ғана емес, логикалық ойлауды шыңдайтын тәрбиелік мәні зор өнер деп те айтуға болады. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Шахмат - адамның ақыл-ойын және қарым-қабілетін ұштауға мүмкіндік беретін бірегей спорт түрі» деп ерекше атап өткен болатын.
Әлемнің түкпір-түкпірінде танымал болған бұл ойын күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жоймай, талай жасты тәрбиелеп, олардың зияткерлік қабілетін айрықша дамытып келеді.
Бүгінде біздің облысымызда 17 мыңнан астам адам шахматпен жүйелі түрде шұғылданады. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел мерейін үстем етіп жүрген спортшыларымыз бар. Бүгін қаламызда он сегінші рет ұйымдастырылған сайысқа  бірнеше мемлекеттен және еліміздің барлық аймағынан 20 команда, 400-ге жуық жас шахматшылар қатысуда. Осы ретте, барша жарыс қатысушыларына сәттілік тілей отырып, шын мықты жеңіске жетсін, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, шара барысында ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті Марат Сағынтайұлы құттықтау сөз сөйлеп, федерация атынан естелік сый-сияпат табыстады.
Өз кезегінде бірегей тұлғаның жақын туыстары дәстүрге жалғасқан жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған азаматтарға өз алғыстарын білдірді.
Шара соңында шахмат сүйер қауымға арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Айта кетейік, шахматшылар арасындағы ой сайысы 10 мамырға дейін жалғасады.

@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
kyzylorda-news.kz
03 мамыр 2026 ж. 36 0