Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚ өкілдері арасындағы облыстық турнир

БАҚ өкілдері арасындағы облыстық турнир

Бір айға жуық уақыт бойы әлем халқының назары мұхит асып келеді. Америка аталатын қос құрлықтың солтүстік бөлігіне бүйрегі бұрған жұрт әлемнің 48 құрамасы бақ сынасқан әлем кубогының жеңімпазы кім болар екен деп алаңдап жүр.
Алайда жаһанның №1 спорты саналатын аладоп бәсекесі өзге аймақтарда түбегейлі тоқтап тұр деуге болмайды. Әр аумақта өзінің сүйікті ұжымдарына қолдау білдірушілер ішкі біріншіліктің қызу тартысын талқылап жатқан тұста Арал ауданы да футболсүйер қауымның қызығушылығын өздеріне тарта білді.
Жоғарыда біз айтқан спорттық бәсекелердің барлығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері еңбек етіп келеді. Бірақ жасыл алаңда доп теуіп емес, доп тепкендердің тамашасын жарыса жазуда. Ал Қамбаш көлі жағасындағы жағдай бұл чемпионаттардан тіпті ерекше. Себебі, журналистер қауымы әдеттегі өздеріне үйреншікті дағды бойынша ақпарат қуған жоқ, доп қуды. Енді сол жайында жаза кетейік.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ауданға қарасты біз айтқан Қамбаш көлі жағасындағы Аққұмшық жағажайында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында жағажай футболынан облыстық турнир ұйымдастырылды. БАҚ саласы қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік байланысты нығайту және кәсіби мерекені лайықты атап өту мақсатында ұйымдастырылған мұндай жарыстар бізге жат емес. Осыған дейін де тілшілерді басқа қырынан сынап көруге мүмкіндік берген турнир бірнеше мәрте өткен еді.
Бұл жолғы тартысқа толы додаға облыстың әр өңірінен келген 5 команда қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Қызықты әрі тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша І орын «Меншікті тілшілер» командасына бұйырса, ІІ орынды «Qyzylorda» телеарнасы командасы еншіледі. Ал жүлделі ІІІ орын жарыс қожайындары жергілікті «Толқын» командасына бұйырды.
Тартысты турнирге куә болған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев өрнекті ойын үлгісін көрсеткен жеңімпаз командаларды құттықтап, арнайы дипломдар, кубоктар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.
Сонымен қатар, жарыс барысында жоғары ойын өрнегін көрсетіп, ерекше шеберлігімен көзге түскен ойыншылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Спорттық шара достық пен ұйымшылдықтың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың жарқын көрінісіне айналып, қатысушыларға ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 шілде 2026 ж. 36 0