Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем кубогы: аңыздардың соңғы сапары

Әлем кубогы: аңыздардың соңғы сапары

Жаһан жұрты алаңдаған төртжылдықтың басты додасы түйінделді. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын көрермен көптен күткен чемпионды да анықтап, демін алды. Ал бұл әлем кубогы біздің есімізде несімен қалды?
Тосынсыйлар тізбегі
Әлем кубогын асыға күтудің көп себебінің бірі – сенсация. Арыға ұзамай ХХІ ғасырдың алғашқы мундиалынан бастап айтар болсақ, 2002 жылы 4 жыл бұрын әлем чемпионы атанған Францияның топтан шыға алмай қалуымен басталып, нүктесі Түркияның ІІІ орын, Оңтүстік Кореяның жартылай финалымен түйінделді.
2006 жылы бұл үрдісті Аустралия жалғастырды. Бразилия, Хорватия, Жапониямен бір топқа түсіп, 1 жеңіс, 1 тең ойын, 1 жеңіліспен 1/8 финалға өтіп, сол кезеңде 90+5 минутта болашақ әлем чемпионы италиялық Франческо Тоттиге 11 метрлік айып добынан 1 гол жіберіп, жарысты аяқтады.
2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасының сенсациясын тағы да Италия жасады. Әлем кубогының иегері ретінде алаңға шыққан олар топта ІV орын алып, жарысты ерте аяқтады.
2014 жылы осы жолды жалғаған Испания чемпион болып келіп, чемодандарын өзгеден ерте жинап қана қоймай, топтың алғашқы ойынында 4 жыл бұрын өздері финалда жеңген Нидерландыға 5:1 есебімен жол берген. Бұл жылы Коста-Рика мен Уругвайға жол берген Англия мен Италия да топтан тоқтады. Англия соңғы орын болса, 2006 жылы тек Франция мен Ювентус, Реал Мадрид клубтарының ғана аңызы емес, жаһан жанкүйерлерінің сүйіктісі Зинедин Зиданның наласына қалған Италия ІІІ орын болды. Ал жартылай финалдағы алаң иелері Бразилияның болашақ чемпиондардын 7:1 есебімен жеңілуі нағыз сенсация еді.
2018 жыл. Көршілес Ресейдегі біріншілікте Германия чемпиондардың жолынан жаңылмады. Чемпионат басталмай тұрып ІІ дүниежүзілік соғысты еске түсірген болжамшылардың "Немістер ешқашан Ресей жерінде жеңіске жетпеген" дегені ақиқатқа айналып, шешуші ойында Оңтүстік Кореяға 2:0 есебімен есе жіберген Германия чемпиондық атағын қорғау бұлай тұрсын, Швеция, Мексика және Оңтүстік Кореядан кейін топта соңғы болды.
Ал Катардағы додада Франция чемпиондардың жолын жоққа шығарды. Олар ақтық сында ғана сүрінді. Есесіне Францияны тұсаулаған Аргентинаның Сауд Арабиясына алғашқы кездесуде жол беруі кіші сенсацияға баланса, үлкен сенсация Марокконың жорығы болды. Жартылай финалға дейін жүрісінен жаңылмаған олар әйгілі Криштиану Роналдуды да жылатқан еді.
Ал мұхит асқан биылғы әлем кубогының сенсациясы әуелі ойындардың уақыты мен Парагвай вингері Алмиронның екі елі ауызы төрт елі қақпақ болған алақаны үшін берілген қызыл қағаздан басталды.
Ал ең бастысы – Жозимар Жозе Эвора Диаш. Қысқаша айтқанда – Возинья. Бұл атау португал тілінен аударғанда "әже" деген атауды білдіреді екен. Бала кезінде жақындарымен сөзге келіп қалса әжесіне шағымданатын болғандықтан әзілдеп осылай атаған екен.
Әңгіме онда емес, әңгіме "әженің" "ата" болған шағындағы ерлігі жайлы. Қара құрлықтан алғаш рет әлем кубогына жолдама алған Кабо-Верде бірінші кездесуде азулы Испаниямен 0:0 тарқасып, айды аспанға бір-ақ шығарса, алғашқы әлем чемпионы Уругваймен 2:2, Сауд Арабиясымен 0:0 ойнап, Уругвайды артта қалдырып, плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алды.
Топтан кейінгі тартыс
Біз әлем кубогы жолында алғаш рет 1/16 кезеңді көрдік. Мұнда жұртты елең еткізген жалғыз ойын азулы Германияның көштен қалуы болды. Неміс мәшинесін тоқтатқан Парагвай болды. Осы айналымдағы пенальти сериясына жеткен үш ойынның бірінде басым түскен Парагвай 1/8 финалда Францияға есе жіберді. Алайда 1/8-дің нағыз эмоцияға толы бұл кездесуге емес, Аргентина мен Мысыр арасында өтіп, даудың себепшісі болды. 2 доп үстемдігімен жеңіп тұрған Салах бастаған жігіттер шешуші сәтте білгенінен жаңылып, ойын соңында Мессидің мерейі үстем екенін мойындайды.
Ал дәл осы Лионельмен мансабы барысында тұрақты түрде басты қарсылас атанған Португалия аңызы Криштиану Роналду Испанияға жол берді. Ойынның 90 минуты түгесіліп, қосымша 5 минуттың алғашында өз қақпасына дос жіберген әйгілі 7 нөмірлі ойыншы тағы да жанарына жас үйірді. Бірақ бұл жолы ақырғы рет.
Еріксіз жанкүйерлерімен жылап қоштасқан тағы бір аңыз, бүтіндей бір буынынң футболға қызығушылығын оятқан бразилиялық Неймар да алып денелі викинг Эрлинг Холландтың қос голынан кейін мундиальды тастап кете барды.
Бірақ ширек финалда сол Норвегия мен Англия матчында 2-1 есебі тіркеліп, Бразиялия ойыншылары сезген ауырлықты сезінді.
ФИФА тұрақты түрде реитинг жаңартып, үздік құрамалар өзара орын ауысып жатады. Соңғы жаңартылған көрсеткіш бойынша Испания көш басында, одан кейін Аргентина, Франция және Англия болатын. Міне, осы сараптау өзінің дәлдігін дәлелдеді. Себебі жартылай финалда осы 4 құрама тартысты. Нәтижесінде үшжолақтылар мен тұманды альбион өкілдері жартылай финалда сүрінді.
Осы қос құрама арасындағы тартыс бізге сағы сынып, нақты мақсаты жолында жігері жасығандай әсер қалдыр. Алғашқы 45 минутта өз қақпасына 4 гол соқтырған Франция толықтай берілді деп ойладық. Бірақ екінші тайм олар үшін сәтті басталды. Нағыз интриганы сезіндіріп, көрерменге драма ұсынды. Осылайша теннисте жиі кездесетін 6-4 есебі тіркеліп, Англия ойыншылары қола медальды мойынға тақты. Ал Франциялық сұрмерген Киллиан Мбаппе осы мундиальдың сұрмергені атанып, футбол патшасы атанған Пеленің рекордын қайталады. Қанжығасында – 10 гол. Ал Олисе бұрын-соңды тіркелмеген 7 нәтижелі пас беріп тағы бір рекорд жаңартты. Осының өзі құрама тұтқасында соңғы ойынын өткізген, ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де әлем кубогын жеңген Дидье Дешамның шәкірттерінің мықтылығын көрсетіп тұр.
Ал ақтық сын пиренейліктердің айқын басымдылығымен өтті. "Не белбеу кетеді, не бел кетеді" деген ойын күттік. Алайда белбеу де, бел де кетпеді. Тек Испанияның үстемдігін ғана аңғардық. Чемпиондыққа әбден лайық ойын көрсетті. Аргентинаның 90 минут шыдап келген қорғанысы 106 минутта сыр беріп, жалғыз доптың авторы қосалқы құрамнан ойынға қосылған Барселона шабуылшысы Ферран Торрес болды. Осылайша Испания 2008 жылы Еуропа, 2010 жылы әлем чемпиондары атанған аға буын өкілдерінің ізін жалғады. Ал Ламин Ямаль 19 жасында осы екі атақты қатар иеленген алғашқы жас ойыншы болып тарихта қалды. Ал Месси құрамамен қош айтысты.
Иә, чемпион ауысады, ал тарих өзгермейтіндей болып жазылады. Ал біз 2030 жылы Қазақстан құрамасының да әлем кубогы тарихында атын жазғанын қалаймыз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
21 шілде 2026 ж. 52 0