Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аңыздың арманы

Аңыздың арманы

«Qatar – 2022»футбол сүйер қауымның асыға күткен тойына айналғаны біз айтпай-ақ баршаға белгілі. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, мұнда өтетін әлем біріншілігінің жарнамасы да жаһанды қызықтырып қойды. Бұрын-соңды болмаған жаңалықтарға толы чемпионатта расында көпшілік күткен дүниелер артығымен орын алды. Офсайдты анықтау құрылғысы, бейнебақылауды әдеттегіден еселеп артуы, футболшыларға жасалған жағдайдан бөлек, зағиптар үшін арнайы дайындалған құрылғылар жайлы баспасөз беттері жарыса жазды.
Мұнан бөлек әрбір әлем біріншілігінде орын алатын сенсациялар мен жеңістен басты үміткерлердің жарыс жолынан ерте шығып қалуына да куә болдық. Басты жаңалық Марокконың мәрені төртінші болып аяқтауы. Расында әлемнің үздік құрамалары бір топқа түскенде Мароккодан мұндай жетістік күтпегені анық. Бірақ топта Ресейдегі әлем чемпионатының жарық жұлдыздары Бельгия мен төрт жыл бұрын күміс медаль иегері атанған шақпақ жейделілерді кейін қалдырған олар көш бастап шықты. Одан кейін Испанияны жарыстан шектетіп қана қоймай, Роналду бастаған Португалияны жеңді. Осылайша аты аңызға айналған Португалияның жетінші нөмірлі ойыншысы жүлдесіз қайтты.
Әлем мойындаған үздік ойыншылардың барлығы әлем чемпионы атануды арман етті. Бірі жетті, бірі жете алмай жатты. Роналдумен қатар осы арманның жетегінде жүргендердің бірі Леонель Месси болатын. Аргентиналық сұрмергеннің де бұл жарыс соңғы додасы болуы әбден мүмкін. Себебі келесі жаһан үздіктері бақ сынайтын жарыста ол 39 жасқа келеді. Сондықтан барын салатыны Катарға келмей тұрып сөз етілді.
Бір қызығы, топтық кездесуде Мессиден жеңіс күткен барша аладоп десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер үшін күтпеген нәтижемен аяқталды. Капитан 11 метрлік нүктеден есеп ашқанымен Сауд Арабия құрамасынан 1:2 есебімен жеңіліс тапты.
Мудиальды сәтсіз бастағанда Ресейдегі әлем біріншілігіндегі Германияның топтан шыға алмай қалған сәті көпшіліктің есіне түсі. Айта кетейік, немістер бұл жолы да топтан аса алмай сүрінді.
Бірақ Месси бастаған жігіттер жүрісінен жаңылмады. Мексика мен Польша құрамасын 2-0 есебімен тізе бүктіріп, плей-офф кезеңіне кедергісіз өтті. Бұл жолы да аустралиялықтарды 2-1 нәтижесімен тізе бүктірсе, ең тартысты ойын Нидерланды құрамасына қарсы өтті. Кездесудің 83-минутына дейін 2 гол басымдыққа ие аргентиналықтар соңғы сәтке дейін табандылық танықтан нидерландықтармен 2:2 есебімен тең тарқасып, футбол лотореясында басым түсті.
Жартылай финалда Хорватия қақпасына жауапсыз 3 доп соққан олар ақтық сында төрт жыл бұрын ғана әлемді мойындатқан Франциямен жолықты.
Кездесу әдеттегідей Скалони баптаған аргентиналықтардың басымдылығымен басталды. Есепті 2:0 есебіне жеткізгенімен франциялық желаяқ Мбаппенің 2 голы кездесуді сақтап қалды. Қосымша уақытта Месси мен Мбаппе бір голдан соғып, 11 метрлік пенальти сериясынан Аргентина чемпион атанды.
Осылайша араға 36 жыл салып Аргентина әлемнің үздігі атанса, 20 жылдан соң әлем чемпиондарына арналған кубок Латын Америкасына аттанды. Ал аңыз ойыншы арманына жетті.
О.ЖОЛДАСОВ
20 желтоқсан 2022 ж. 1 665 0