Головкин - Роллс жекпе-жегіне арналған деректі фильмнің үшінші бөлімі шықты

"40 күн" атты фильмдерді DAZN айтулы жекпе-жектер алдында түсіреді. Боксшылардың жаттығу лагерінің ұзақтығына байланысты осындай атау берілген. Боксшылардың кездесуі 8 маусымда Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden алаңында 164 фунтқа дейінгі аралық салмақта өтеді. Головкин үшін бұл - DAZN стриминг сервисімен келісімшарт аясындағы алты жекпе-жектің алғашқысы. Сонымен қатар, ол алғаш рет жаңа бапкері Джонатан Бэнкстің жаттықтыруымен жұдырықтасады. Бұл бокс кешінің андеркартында қазақстандық Әли Ахмедов (14-0, 10 КО) және Бахтияр Эюбов (14-0, 12 КО) өнер көрсетеді. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша бокс кеші 9 маусымда өтеді. Қазақстандық көрермендер жекпе-жектерді тікелей эфирден тамашалай алады.