Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Мен тәй-тәй басқан жанмын, ал ол - биік шыңға жетіп алған": Елеусінов Головкинді жер-көкке сыйғызбай мақтады

"Мен тәй-тәй басқан жанмын, ал ол - биік шыңға жетіп алған": Елеусінов Головкинді жер-көкке сыйғызбай мақтады

Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов өзіне қатысты айтылатын сыни пікірлерге көзқарасының қандай екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол Геннадий Головкин мен арада ешқандай реніші жоқ екенін айтты

«Жағымсыз пікірлерді көп кездестіріп жатамын. Халықтың бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Бір адамға жағасың, екіншісіне жақпайсың. Кейбір адамның, тіпті, сенде жұмысы жоқ. Бұрын жас болған кезімде сондай нәрселерге көңіл аударатынмын. Қазір олай жасамаймын. Кейде керісінше мұндай сындардың мотивация беретін кездері болады. Мақтай бергеннен еш пайда жоқ. Бәрі жақсы-жақсы дей берсе, шынымен де, жақсы жүр екенмін деп ойлайсың. Жалпы бұл жүйкені құртатын нәрсе емес», - дейді Данияр Елеусінов. 
Әрі қарай ол Головкинмен арада болып жатқан түсінбестікке қатысты пікір білдірді. Кішігірім кикілжің болғанын да жасырмады. 
«Басында өзім де сенбеген едім. Бастапқыда жекпе-жегім 22 мамырда болуы керек еді. Усик Такамның андеркартында шығамын деп жоспарладық. Кейін ол жарақат алып қалып, жоспарымыз жүзеге аспады. Осы жағдайдан кейін менеджерлерім мен командам Геннадий Головкиннің 8 маусымда жекпе-жекке шығатынын естіп, бізге ұсыныс жасады. Сөйлесіп, менеджерлерім ешкімнің қарсы еместігін айтты. Басында Том Леффлердің өзі қарсы болмаған еді. «Өзінің жерлесі. Жарайды, жақсы» деп айтқан екен. Біраз уақыттан кейін поштамызға қағаз түрінде бас тартқандары туралы хат келді», - дейді ол. 
Десе де, Елеусінов спорттағы ағасына ешқандай реніші жоқ екенін жеткізді. Өзін, тіпті, онымен салыстыруға дәті бармайтынын айтты. 
«Менде ешқандай өкпе-реніш жоқ. Оның өзінде болмаса, басқа қандай себеп болуы мүмкін деп ойлаймын. Промоушен ақшасын төлеп, кешке кіргісі келді. Жоқ, мен өзімді Головкинге бәсекелеспін деп айта алмаймын. Ол өте жоғары деңгейде, тиісті жерге жетіп қойған. Ал мен кәсіпқой бокста тәй-тәй басып келе жатқан жанмын. Онымен бәсекелес болу деген ойда болған жоқ. Ол да олай ойлайды деп есептемеймін. Себебі, әуесқой бокстан кәсіпқойға енді ауысып жатырмын. Мен жаңа тыныспын, ал ол биік шыңдарға жетіп алған. Мен өзімді онымен салыстырып жатқан да жоқпын. Ол жолдан өту біздің алдымызда тұр», - дейді Данияр Елеусінов.
16 шілде 2019 ж. 708 0