Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал балықшыларын ажалдан құтқарған (Қаһарман ұшқыш Хамит Қалиев туралы)

Арал балықшыларын ажалдан құтқарған (Қаһарман ұшқыш Хамит Қалиев туралы)

Бұл осыдан тура жетпіс үш жыл бұрын болған оқиға еді. Ол жөнінде қырық-елу жыл бұрынырақ белгілі журналист Шәкірат Дәрмағамбетов қалам тербегені есте. Ардагер журналист керек болса сол бір алыста қалған,  қазіргі жас ұрпақтың өңі түгіл түсіне кіре бермейтін «Ержүрек ұшқыш» атты бұрын облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген бұл мақаланы «Арал арайы» атты очерктер жинағына да қосыпты. Біз қызылордалық ержүрек ұшқыш Хамит Қалиев туралы, оның ел-жұрт таң қалған ерлігі жайлы жоғарыдағы кітаптан оқып шығып толығырақ қаныққан болатынбыз.
Біз бұл тақырыпқа қалай тап болдық? Соны айта кетейін алдымен. Осыған дейін мен аты-жөнін құлағым шалмаған (бәлкім, ол кезде жас болған шығармыз) ержүрек ұшқыш Хамит Қалиевтың есімін әуелі бұрын Қызылорда аэропорты авиатехникалық базасының басшысы қызметін атқарған ағамыз Мұрат Омарұлы Себепов деген кісіден есіттім. Ол кісі маған телефон шалып мән-жайды түсіндірген. Сол ағамыздың айтуы бойынша мен Алматы қаласындағы Дмитрий Абасұлы Душимовпен тілдестім. Бұл осыдан 40-50 жыл бұрын Қызылорда әуежайының іргетасын қалаған, ұшқыш болып қызмет атқарған кісі екен.
- Мәке, Хамит Қалиев деген ержүрек ұшқышты есітуіңіз бар ма?!
- Е, ол кісімен бір кездері Қызылорда әуежайында тізе қосып еңбек еттім. Нағыз ұшқыш болатын. Ұлы Отан соғысында талай аспан шайқастарына қатысқан батыр адам.
- Бұрын Қызылорда қаласында тұрған дейді ғой.
- Сондағы бұрынғы Полторацкий көшесінде тұрды. Жасы ұлғая келе әуежайда диспетчер қызметін атқарды. Екі мәрте әуежай үздігі төс белгісін омырауына тақты. Бұл атақ заң бойынша тек бір мәрте ғана беріледі екен.
- Қандай адам еді?
- Айналайын, осы жасқа дейін талай жігіттермен қызметтес, сыйлас болдық қой. Хамит ағамыз тура саф алтын сияқты кісі еді. Ойындағысын бастық демей, басқа демей тура, ашық айтатын. Соған сәйкес әділ, қарапайым адам болатын.
Д.А.Душимовтың өзі де тәжірибелі ұшқыш болған көрінеді. 1963 жылдарғы өлке тұсында Ленинград авиация академиясын ойдағыдай тәмамдаған Мәкең (Дмитрий) туған жерге оралады. О жылдары қазіргідей стандартты, материалдық-техникалық базасы түгел, әуежай жоқ. Тұс-тұстан келген-кеткен ұшақтар қонатын әуежай кәдімгі табиғи қара жер көрінеді. Сонан 1968 жылы 18 тамызда обкомның бірінші хатшысы Х.Ш.Бектұрғанов пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Ә.Асқаровтардың көп күш жұмсауымен сол заманға сай жаңа әуежай ашылып, алғашқы ұшақты зор қуанышпен қабылдаған көрінеді. Ол кездері мұндай мәселе тура Мәскеуде Кремль қабырғасында шешіледі екен. Сол жылы Аралда да әуежай ашылып, облыстағы авиация саласы жаңа қырымен танылып, өркендей бастапты. 1974 жылы облыстағы ұшақтар қатарын «ЯК-40» ұшағы толықтырып, әуе сапарлары бұдан былай Новосібір, Мәскеу, Павлодар және басқа ірі қалаларға дейін жалғасыпты. Сөйтіп облыстық әуежай ұжымы республика бойынша І-орынды бірнеше мәрте жеңіп алыпты.
- Мәке, жаңағы Хамит Қалиевтың кәсіби шеберлігі жөніндегі әңгімені әрі қарай жалғастырсаңыз.
Әріптесі, әрі шәкірті Д.А.Душимов ержүрек ұшқыш жайлы кеңірек айтып келелі сөз қозғауға дайын екенін білдіріп былай деді:
- Ұмытпасам, Хамит ағамыз 1911 жылы туған болуы керек. Жоғарыда айтқанымдай сонау бір қаһарман ұшқышпен қоян-қолтық бірге еңбек еткенімді әлі күнге мақтан етемін...
Енді Х.Қалиевтың бейбіт күнгі ерлік істерін рет-ретімен баяндайық. Журналист Ш.Дәрмағамбетовтың «Ержүрек ұшқыш» атты мақаласынан отыз екі жыл бұрынғы СОКП Орталық комитетінің органы «Правда» газетінде «Самолет балықшыларды тапты» деген тақырыпта қысқа үкіметтік хабар жарияланады. Соны кейінгі жас ұрпақ ұқсын, білсін деген ниетпен сөзбе-сөз келтірейік. Онда былай делінген:
«Алматы. («Правданың» өз тілшісінен). Осы жақында аса күшті дауыл үстінде адамы бар мұзды жағадан бөліп Арал теңізінде алып кетті. Ол адамдарды құтқару үшін Қазақстанның азаматтық әуе флотының тәжірибелі ұшқыштары Қалиев, Захарченко жолдастар басқарған самолет жіберілді. Ұшқыштар оларды теңізден тауып, үлкен қауіпке бел байлап кішігірім аққан мұзға қонды, сөйтіп балықшылар апаттан құтқарылды.
Азаматтық әуе флотының басқармасы ұшқыштардың бұл ержүрек ісін атап өтті.
«Правда», 2 март, 1948 жыл».
Бар болғаны осы. Бірақ кешегі кеңестік кезеңде «Правда» сияқты шартарапқа белгілі бас басылымға атың шықса, аспандағы ай мен жұлдыздарға қолжеткізгенмен пара-пар болатын.
Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, жасанған жау тылын аспаннан талай рет  тас-талқан еткен Хамит Қалиев майданда да нағыз ержүрек ұшқыш атаныпты. Елге омырауы жауынгерлік орден-медальдарға толы оралыпты. Оның ішінде майдангер ұшқыш омырауындағы жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальінің орны ерекше көрінеді.
1943-1945 жылдары жау тырнағынан азат етілген Шығыс Украина, Донецк қалаларында қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында өзінің сенімді серігі- сүйікті ұшағымен орасан зор еңбек сіңіреді. Тіпті сонан бірер жыл өткенде өзі қызмет бабымен ауысқан Орал азаматтық әуе флоты басқармасының бұйрығымен Татарстан республикасының астанасы Қазан аспанында самұрықша сан рет самғайды.
Мұнан соң майдангер ұшқыш қайтадан Қызылорда облыстық азаматтық әуе флотының жергілікті аспандарында ұша бастайды.
1947 жылы  Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің кезекті сайлауында үкімет тапсырмасын орындау кезіндегі ерекше қызметі үшін осы кеңестің мақтау қағазымен марапатталған. Отыз алты жастағы қаһарман ұшқыш Қалиевты бір жылдан кейін алда қандай қауіп-қатер күтіп тұрғаны әлі белгісіз болатын.
Біз әңгімеміздің әу басында айтқандай 1948 жылғы қарлы-боранды ақпан айында Арал ауданындағы бұрынғы Шевченко атындағы колхоздың (қазіргі Қаратерең ауылдық округі) екі балықшысы мұз жарылып, сеңмен ұлы теңізге ығып бара жатқандығы туралы суыт хабар облыстық  азаматтық әуе флотының басшыларына келіп түседі. Сонан олар дереу теңіздегі мұз үстінде ыққан аталы-келінді Баймахан Көшкінбаев пен Балпан Баймаханова сияқты қос балықшыны құтқаруға санитарлық кішкентай ұшақтың командирі Х.Қалиев пен авиатехник Захарченконы аттандырады.
Дереу аудан орталығына ұшып келген олар тиісті орындардан мән-жайға толық қанығып алыстағы Қаратерең ауылына келіп қонады. Бұл жерде ұшқыш жігіт мұз үстіндегі балықшылардың ыққанына бесінші тәулік болғанын есітіп жалма-жан аспанға көтерілді. Бағыты мұз ағып бара жатқан ашық теңіз. Күн дауыл. Әуелі Көкарал балықшылар ауылына келіп қонғанда мән-жайға қаныққан жергілікті адамдар олардың Барсакелмес аралының маңына барып қалғанын айтады.
Ұрыста тұрыс жоқ. Ойланып-толғануға уақыт аз. Бәрінен адам өмірі қымбат. Сондықтан майдангер ұшқыш Хамит Қалиев ертеңіне, яғни 21 ақпанда таң атысымен жанындағы серігі Захарченконы қалдырып, ажал тырнағындағы адамдарды құтқару мақсатында жалғыз ұшады. Өйткені, ол кездегі «кукурузникте» екі-үш адамдық ғана орын болатын. Артық жүк ала алмайсың.
Сонан соғыс жылдары жаңбырша жауған оққа қарамай «ПО-2» ұшағымен талай-талай жауынгерлік тапсырманы күндіз түгілі қараңғы күнде де тайсалмай орындаған ержүрек ұшқыш мұзбен ыққан балықшылардың бағытымен іздерінен қуа жөнеледі. Ыққан мұз Барсакелмеске соқпай өтіп барады екен. Онан өтсе аржағы аса қауіпті болмақ. Бірте-бірте төмендеп екі айналып алақандай сең үстіне асқан шеберлікпен қонады. Өйткені жау тылында қалған жаралы жауынгерлерді мұндай жерлердің талайына қонып құтқарған тәжірибесі мол. Сол тәжірибесін сонда қалай жүзеге асырғанын ержүрек ұшқыш кейінгі жас әріптестеріне жалықпай айтып отырады екен.
... Иә, сең үстіне батылдықпен қонған ұшқыш енді өзі ажал құрығынан құтқаруға келген қос балықшыға тұра ұмтылады. Байқайды, екеуінде де әл-дәрмен жоқ. Жылай беретін көрінеді. Аяқтарын баса алмайды. Жел соққан қамыстай жиі-жиі құлай береді. Сонан амалы таусылған ұшқыш екеуін де сүйемелдеп әкеліп ұшаққа әрең көтеріп мінгізеді. Енді көкке қайта көтерілуі керек. Сеңнің көлемі бар-жоғы 150-200 метрден аспайды. Мұз үсті оның үстіне бір тегіс емес. Кедір-бұдыр, мұндай жерден көтерілу мүмкін еместей көрінеді. Дегенмен халқымыздың «Қыранның қырандығы қанатында, жігіттің батылдығы жүрегінде» деген даналық тәмсілін еске түсірген қаһарман ұшқыш батылдығын бойына жинап соғыста жасаған тәжірибесіне сүйенеді. Ұшақтың артқы жағын мұзға батырыңқырап, алдыңғы жағын көтеріп моторға оталдырады. Сөйтіп көзді ашып-жұмғанша көкке көтеріліп, ажал тырнағынан өзі құтқарған қос балықшыны ағайын-туыстарымен аман-есен қауыштырады.
Ержүрек ұшқыш Хамит Қалиевтың бейбіт заманда жасаған мұндай ерліктері бір бұл ғана емес. Тағы бірде мұз үстінде ыққан екі адамды құтқару жайында облыстық азаматтық әуе флоты басқармасына 1952 жылы шұғыл хабар жетеді. Осы хабар бойынша басқарма басшылығы бұл мәселеде тәжірибесі мол ұшқыш Хамит Қалиевке Арал қаласындағы теңіздегі ауа райын зерттеу мекемесінің апатқа ұшыраған ғылыми қызметкері мен оның он екі жасар баласын құтқару тапсырмасы жүктеледі.
Қызылорда қаласынан ол ұшақпен аспанға көтерілгенде қыстың күні ашық, ауа райы жаймашуақ болатын. Теңіз үстіне ұшып келгенде әжептәуір тұман бары тәжірибелі ұшқыштың көзіне тез шалынды. Сонда да штурвалда отырып-ақ бойын тез жинаған ол ілгері ұмсына көз тікті. Бір кезде ашық теңіз үстінде бөлек-бөлек ығып бара жатқан айсберг сияқты сеңнің бірінің үстінен қарайған қос ноқат кәнігі ұшқыштың көзіне шалынды. Ойлануға  уақыт жоқ, тез шешім қабылдаған ұшқыш батылдық танытып мұз үстіне қонып, әкелі-балалы адамдарды ажал тырнағынан құтқарады.
Кейін белгілі болғандай әлгі екеудің бірі – он екі жасар бала жылдар өте келе ержетіп Қызылорда облысы әкімінің орынбасары сияқты лауазымды қызмет атқарған, Сыр бойы экономикасының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері Алексей Константинович Донской болып шығады.
«Ұлық болсаң кішік бол» демекші о кісі ержүрек ұшқыштың отбасымен бертін келе араласып, шынайы тілектес бауырлар болғанын көзі көргендер жыр қылып әлі күнге айтып отырады.
Қырандар қияда ұшады. Оның ел құлағы шалған бейбіт күндерде жасаған мұндай ерліктері өткен ғасырдың елуінші жылдарының алғашқы ширегінде аз болған жоқ еді. Тіпті бір жолы, нақтырақ айтқанда 1953 жылдың аптап жазында шетсіз-шексіз Қызылқұмда адасып кеткен екі Өзбекстан азаматын әрең іздеп тауып алып, ажал тырнағынан  құтқарғанын да аға ұрпақ өкілдері, әсіресе Қызылорда облыстық азаматтық әуе флотының ардагерлері бес саусағындай жақсы біледі. Сол жолы Хамит Қалиев Өзбекстан ССР Жоғарғы кеңесінің грамотасымен марапатталып, омырауында «Аэрофлот үздігі» төс белгісі екінші мәрте жарқырайды. Мұндай атақтың екінші мәрте берілуі мүлде сирек, тіпті бұрын-соңды болмаған құрмет көрінеді.
Ұзақ жылдар Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң бейбіт заман ұшағының штурвалын басқарып, құрметті демалысқа шығар қарсаңында, яғни 1964-1975 жылдар аралығында халық шаруашылығы жұмыстарында авиацияны пайдалану жөніндегі аға инженер қызметін мінсіз атқарып, бұл орайда зор үлес қосқан болатын.
Бұл реттегі Хамаңның облыстағы егістіктерге әуеден тыңайтқыш себу, шегіртке, обаға қарсы күресу, алыс аймақтарға санитарлық көмек беру, жергілікті кеңестердің сайлауларының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауы бір бөлек әңгіме арқауы болмақ.
Біз әңгімелеп отырған қаһарман ұшқыш Хамит Қалиев кім? Енді соған қарай ойысып, оның өмір жолдарына аз-кем шолу жасайық.
Х.Қалиев Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы кішкентай ғана Айнакөл атты ауылда қарапайым шаруа отбасында 1911 жылы 15 қаңтарда жарық дүние есігін ашады. Бұл тып-тыныш, елден, қаладан жырақ ауылдың тыныштығын оқта-текте аспанда гүрілдеген ұшақ дауысы бұзатын. Ойын баласы түгіл, о кездері ертегі-аңыздарда көп айтылатын ұшатын кілем тәрізді ұшақ  дегенің үлкендер үшін де аса таңсық болса керек.
Бала Хамиттың да осы бір темір қанатты құспен самұрықша самғауды армандағаны айдай ақиқат. Өйткені аспан төсіне ақ жолақ із қалдырып көкжиекке сіңіп кеткенше әлгі айырпланды ұзақ-ұзақ көзімен талай мәрте ұзатып салғаны анық.
Отызыншы жылдардың алғашқы шенінде ауылдастарымен бірге теміржол депосында жөндеуші слесарь болып жұмысқа қабылданған Хамит  осымен қабат рабфак курсында оқып өз білімін шыңдайды. Уақыт өте келе аттестат қолына тиген ол достарымен бірге Ташкент теміржол институтына оқуға аттанады. Оқуға қабылданып ойдағы арманы орындалғанмен оның ойынан бәрібір көк аспанда самғаған ұшақтар шықпай қояды. Сөйтіп Ташкент теміржол институтының бірінші курсын тәмамдаған соң албырт жас әуелі айдап Ресейдің  Балашов авиаучилищесіне оқуға қабылданады. Бұл оның жиырма төрт жастағы жалындап тұрған шағы болатын. Алайда Хамаңның ойынан сол кездері ұшқыштар дайындайтын атағы күллі кеңестер еліне кеңінен жайылған Тамбовтағы азаматтық әуе флотының мектебі шықпай қояды.
Енді не істеу керек? Бірге оқып жүрген бірлі-жарым қазақ жігіттерінен Тамбовқа оқуға түсу жайы сөз болғанда олар оның аса қиын екенін, ол үшін Мәскеудегі Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы И.В.Сталиннің орынбасары Тұрар Рысқұловқа жолығып, жолдама алуға болатынын айтады.
Хамаң осыдан соң он ойланып, жүз толғанады. Әу, Тұрар Рысқұлов болса шексіз биліктің бір шетін ұстап, орысың мен ойратыңды, қазағың мен қырғызыңды алақандай аузына қаратқан үлкен мемлекеттің биігінде отырған кісі. Қайдағы Сырдың қара сирағын қайтпек ол? Алды-артын күзеткен күзетшілері бар ондай мәртебелі кісіге ол қайтіп жоламақ, қалай сөйлеспек?
Қазақта «Талапты ерге нұр жауар» деген тәп-тәуір тәмсіл бар. Бұған адам бойындағы өжеттікті, батылдықты, жүректілікті және қосыңыз. Бұл төртеуі түгел болса алмайтын қамалың, бармайтын алысың болмайды. Осыны ойға тұтқан Хамит Қалиев 1935 жылы 24 жасында Кеңестер одағының астанасы – Мәскеу қаласына келіп, Кремльдің қақпасын бірнеше күн торуылдап жүріп әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловпен ақыры кездесудің сәті түседі.
Өзінің газеттерден көрген суреттері бойынша оны әуелі көзәйнегі мен бармақ басындай қап-қара мұртынан таниды.
Күзетшілерінің ортасында автокөлікке отыруға ыңғайлана берген мемлекет қайраткері сонадайдан «Аға» деп амандасқан тұсқа қарап, төл тілінде сөйлеген жігітке жылыұшырай қарайды. Бұйымтайын сұрайды. Бұл болса Тамбовтағы авиамектепке оқуға түссем деген арманын бір-ақ ауыз сөзбен білдіреді.
Сөйтіп мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың тікелей қамқорлығымен Тамбов авиамектебіне оқуға қабылданып, аты-шулы 1937 жылы үздік бітірген Хамит Қалиев авиамектеп жолдамасымен әуелі Тәжік ССР-і Ходжент азаматтық әуе флотына келіп, алғашқы ұшу сапарын аса қауіпті осынау таулы аймақтан бастауына тура келеді. Бұл жерде 1939 жылға дейін ПО-2  ұшағымен көкке самғаған ол сол жылдан бастап 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанша Шымкент әуежайында ұшқыш болып азды-көпті тәжірибе жинақтайды.
Ел басына күн туған 1941 жылдың шілде айында жиырма сегіз жастағы тәжірибелі ұшқыш тура алғы шепке аттанып, айрықша авиатоптың қатарын толықтырады. Кейінірек бұл топ бірінші, сәл кейін  жүз жиырмасыншы авиаполктің құрамына еніп, төрт жыл бойы жау ұшақтарына көк төсінде қырғидай тиеді. Тіпті кеңес әскерлері Шығыс Пруссияның табалдырығынан аттап, Инстенбург қаласының төріне шыққанда бұл полкке жауынгерлік тапсырманы орындауда батылдық көрсеткені үшін «Инстенбургтің гвардиялық ерекше авиаполкі» атағы беріледі.
Бұл кезде бірінші әуе  армиясының құрамында жауынгерлік тапсырмаға сәйкес Хамаң АН-2 әскери ұшағымен 3  мың жаралы жауынгерді алыстағы жау тылынан азат етілген кеңестік жердегі лазареттерге тасымалдайды. Мұнан басқа байланыс офицерлерін, қажетті дәрі-дәрмек, қансыраған жауынгерлерге қан жеткізуде күндіз-түні, қарлы-боранды қыста, жазғы нөсерде, көктемгі-күзгі қолайсыз ауа райына қарамай ұшудан талмайды.
Тіпті бірде майдангер ұшқыш аса бір қиын сәтте, тас қараңғы түнде жау шебіндегі жазғытұрғы балшықты, шалшықты ну орманнан ашық алаңқай тауып қонуына тура келеді. Ол былай болған еді:
... Жолсыз және балшықты жерлерге тап болған кеңестік армияның үлкен тобының алды адам айтқысыз қиындыққа кезігеді. Не ілгері, не кейін жылжуға мүмкіндік мүлде жоқ еді. Осындай кесапатты кезеңде армия қолбасшысы, даңқты генерал Н.Е.Берзарин ауыр жараланып қалып, оны дереу алғы шептен құтқаруға ПО-2 ұшағымен Хамит Қалиев жау шебіне қарай ұшып шығады. Бұл сәл кейін, 1945-1946 жылдары азат етілген жау ордасы – Берлин  қаласының алғашқы коменданты болатын жаужүрек майдангер генерал осы еді.
Көз түрткісіз қою түн. Кабина ішіндегі құрылғының әлсіз жарығымен қонатын, баратын нүктесін тізесіндегі карта бетінен жобалап келе жатқан ұшқыш көп ұзамай ну орманға тап болады. Мұнан бұрын да түнде ұшып жауынгерлік тапсырманы талай рет мүлтіксіз орындаған тәжірибелі ұшқышқа армия қолбасшысы үлкен сенім артқан болатын. Сөйтіп ол бұл жолы да ну орманның ішіндегі балшықты алаңқайға ПО-2 ұшағын асқан шеберлікпен қондырып, ауыр жаралы атышулы генералды бір сағаттың ішінде жаудан азат етілген арт жақтағы тылға аман-есен жеткізіпті.
Бұл ержүрек ұшқыштың Ұлы Отан соғысы жылдарында жасаған талай ерліктерінің бір сәті ғана еді. Бейбіт күндерде талай адамдарды төніп келген ажал тырнағынан қалай, қайтіп құтқарғанын жоғарыда айтып өткен болатынбыз.
Бір айта кетерлігі, атақты ұшқышты мәңгі есте қалдыру мақсатында шәкірті Дмитрий Абасұлы Душимовтың ұсынысымен Қазақстан Республикасы азаматтық әуе академиясында болашақ ұшқыштардың оқу-жаттығуына арналған есімі алтын әріппен жазылған ұшақ бар екенін басылым оқырмандарының естеріне сала кеткіміз келеді.
Қаһарман ұшқыш Хамит Қалиев 1994 жылы Қазақстан Республикасы азаматтық әуе флотына сіңірген ұлан-ғайыр ұзақ жылғы қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Осының алдында 1985 жылы 23 желтоқсанда сол кездегі Қорғаныс министрінің тікелей қолдауымен І дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынылып, бұл марапат ержүрек ұшқышқа тоқсаныншы жылдары табыс етілген болатын. Қызылордалық жауынгер ұшқыш Х.Қалиевтің Ұлы Отан соғысы жылдары қиын жағдайда қалған алғы майдан шебінен тылдағы далалық госпитальдарға 3 мыңнан астам жаралы жауынгерлерді ұшақпен тасып жеткізгендігі туралы дерек те осы құжаттардың беттерінде мен мұндалайды. Осы арада айта кететін бір жайт, Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатындағы мерекелік мұрағат картотекасының 23-шкаф, 13 жәшік, 199-құжатнамада бұл деректер сақтаулы тұр.
Ұзақ жылдар Қызылорда облысының бейбіт аспанында ұшқыштық ізі қалған, талай ерліктің тақырыбына өзек болған Хамит Қалиевтың әулетін ұшқыштар ұясы десе де болғандай. Оның ізін жалғаған Болатбек және кіші ұлы Бақытжандар 1976-1990 жылдары ұшақ штурвалын шебер меңгерген мұзбалақ ұшқыштар болса, сүйікті немересі Рашид та авиация саласының саңлағы.
Батырын ұлықтаған ел бақытты. Кешегі ерлердің есімін ұлықтау бүгінгі ұрпақ парызы. Ендеше кезінде табиғат апатына душар болған аралдық балықшыларды ажалдан құтқарған ержүрек ұшқыш Хамит Қалиев есімін Арал қаласындағы бір көшеге еншілесе нұр үстіне нұр болар еді. Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран екенін естен шығармайық.
Біз осы мақаланы дайындау барысында үлкен азаматтық көмек көрсеткен облыстық азаматтық әуе флотының ардагерлері Мұрат Себепов пен Уәлихан Ашековке шын жүректен алғыс айтамыз.
Толыбай Абылаев
29 желтоқсан 2020 ж. 909 0