Аушвиц-Биркенау концлагері
Әлемде анасынан күнәсіз сәби ретінде дүниеге келіп, шегі жоқ жамандық жасап, күнәhар ретінде өмірден озған жандар жетерлік. Тарих беттерінде сан мыңдаған жылдар бойы жаңғырып тұрған түрлі зұлымдық оқиғалары жан түршіктіреді. Шексіздікке қол жеткізем деп шектен шығып кеткендер, қызығып жүріп қанға батқандар қаншама. Бүгінде сол мейірімсіздік пен жамандықтың символы ретінде Аушвиц-Биркенау концлагері саналады. Польша елінің Краков қаласынан бір сағаттық жерде орналасқан, біз тарихтан Освенцим деп оқыған концлагерь.
Еліміздегі Карлаг, Алжир концлагерьлерін естігенімізден денеміз түршігіп, адамдар осыншама қатыгездікті қалай жасайды дейтінбіз. Ал Аушвиц мүлде бөлек, құдды 1940-1945 жылдар аралығындағы өлім зауыты дерсің.Қақпасына “Еңбек сізді азат қылады” деген жазу ілінген, әлемдегі ең үлкен концлагерьге 5 жыл бойы күн сайын 10 эшелон тұтқынды төгіп отырған. Әр эшелонда 40-50 вагон болса, әр вагонда кемі 50-100 адам күн сайын өлім қақпасынан өтіп отырды. Егер күнде мыңдаған тұтқынды қамаса, лагерьде ине шаншар орын қалмас еді. Сол үшін келген адамдардың 70%-ын бірден газ камераларында өлтіріп, сосын денесін крематорийде жаққан. Лагерьде 2 газ камерасы және крематорий орналасқан. Осы орындарға 1944 жылы 2 мамырда темір жол арқылы келген 26 мың адамды бір күнде өртеген.
Адамдарды небір қисынсыз жұмыстар жасатқан. Мысалы, қақаған қыста өзеннен мұз ойғызған. Болмаса аттың орнына соқаға жеккен, жер жыртқызған. Әлі құрығанда атып тастаған.
Сонымен қатар Аушвиц-Биркенау лагерінде дәрігер зертханасы болған. Зертханада адамзат тарихындағы ең сұмдық зерттеулер жасалған. Мысалы, егіздердің біреуі қиналғанда оның егізіне қалай әсер ететіндігі, жас сәби анасын ембесе, қанша күнде өлетіні секілді аяусыз зерттеулер жасалып отырған. Уақыт өткен сайын адамдарды қинаудың жаңа тәсілдерін ойлап шығарып отырған лагерьден 40 мың тонна әйел шашы табылған. Бұдан бөлек, киім толы 35 үлкен қойма, 110 мың жұп аяқ киім, 40 кг көзілдірік, 4 мың чемодан табылған. Байқасаңыз, Аушвиц концлагері зауыттан кем емес пайда әкелген, фашистер ай сайын кемі 2 млн марка таза пайда тапқан. Күніне киімнен бөлек 12 кг алтын тауып отырған. Алтынның көбі тұтқындардың неке жүзіктері мен өлген адамдардың тістері болған дейді зерттеушілер. Жаңа орынға көшеміз деген қуанышпен жүктерін жинап күн сайын ағылып келіп жатқан еврей халқы концлагерьге сыймай қалған жағдайда, вагондардан түсірген уақытта газ камераларына 6,7 мың адамнан өртеп отырған. Газ камералары мен крематорийлерге толып кеткен жағдайда мыңдаған адамдарды ормандарға апарып өртеген. Ал олардан қалған күлді суға төккен немесе егістікке пайдаланып, өсіп шыққан қияр мен қызанақтан салат істеп жепті-мыс.
Қызығы, мұндағы тұтқындар үшін ең тамаша жұмыс қандай болды десеңіз – әжетхана тазалау. Иә, ең керемет жұмыс – нәжіс тазалау болды. Себебі қыста жылы орында жұмыс жасайды және үстерінен жағымсыз иіс шығатын болғандықтан, ең қатал деген күзетшілердің өзі ұруға жиіркенген.
Күніңді қорлықпен өткізіп кешке баракқа барып демалайын десең, бұрын 52 жылқы сыйған атқорада сенімен бірге демалатын мыңдаған адам күтіп тұр. Онда да қаптаған бүргелер, егеуқұйрықтар адамдардың құлақтары мен балалардың жұмсақ аяқтарын кеміруге дайын. Үш қабаттан тұратын суық ағаш сөрелерге төсенішсіз 4-5 адамнан жатқызып, осылай фашистер жер бетін тозақтың кіші үлгісін жасаған.
Аушвиц-Биркенау лагерін 1945 жылы 20 қаңтарда Кеңес әскері азат етеді. Кеңес әскері жоспардан 4 күн ерте келіп, 7,5 мың адамның өмірі мен лагерьде жасалған жауыздық жайындағы айғақтарды сақтап қалды.
Бүгінгі күнде бұл жер тәкаппарлық адамды қандай күнәға жеткізетінін ұқтыратын жер, қорлықтың соңы неге әкеліп соқтыратынын көрсететін жер. Дегенмен мұның да бір астары мен себептері бары анық. Бірінші себеп – қорлық. Германия мемлекеті бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тауып, бүкіл айып Германияға тағылып, әлемге миллиардтаған қаржы өтеуге мәжбүр болды. Осыдан кейін Германия халқы ауыр жағдайға тап болып, елдің экономикасы нашарлайды. Сол кезде ұлтшылдар осы жағдайлардың бәріне кінәлі адамды іздеді. Ақыр соңында айыппұлды біз төлейміз деген келісімге келген неміс президентінің тегі еврей болып, бүкіл халық «еврейлер немістерді құртпақшы» деген наразылық тудырады. Осылайша Аушвиц-Биркенау лагерінде 1,4 миллион еврей өлім құшты.
Сол қорлық тәкаппарлыққа ұласты, бұл екінші себеп. «Мен үстеммін, сен төменсің» деген ой немістерді азғындыққа әкеліп соқтырды. Кезінде Ібілісті де қазіргі халіне түсірген осы тәкаппарлық емес пе, «құмнан жасалған адамға мен қалай бағынамын» деген. Осы екі қасиет адам бойында болмағанда, мұндай зұлмат заман болмас па еді, 1.4 миллион еврей халқы өмірге келгеніне өкінетіндей қорлық көрмейтін еді. «Мен бақытсыз болсам, басқалары да қайғы-мұңмен өмір сүруі керек» деген ой адам баласының ойына келмесе, кешегі Аушвиц болмас еді!
Дайындаған А. ТӨЛЕГЕН,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті