Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізінің тарихы мен қасиеті

Арал теңізінің тарихы мен қасиеті

1. Арал теңізі кезінде көлемі жөнінен әлемдегі төртінші көл саналған.
2. Арал теңізінің мөлдірлігі Форель шкаласы бойынша Эгей теңізінен кейінгі екінші орынды иеленген.
3. Осыдан жарты ғасыр бұрын Арал жағалауында 2 балық комбинаты, 10 балық зауыты, 70-ке жуық балық қабылдау бекеттері болған.
4. Арал теңізінде 30-дан аса кәсіптік бағалы балық түрлері ауланған. Олардың қатарында бекіре, қаяз, жайын, ақбалық, шемайке, тісті, алабұға, шортан, сазан, айнакөз, тыран, торта, табан, қызыл қанат, шабақ, мөңке, дөңмаңдай, камбала т.б. айтуға болады.
5. 1960 жылдардың ортасына дейін Арал қаласынан Орта Азияның Нүкіс, Мойнақ, Шаржау қалаларына жолаушылар таситын кеме қатынасы жұмыс істеді. Қазақстаннан Өзбекстанға тасымалданатын тауардың 70 пайызы, Түркіменияға жеткізілетін жүктің 25 пайызы көрші елдерге Арал теңіз порты арқылы шығарылатын еді.
6. Осыдан 100 жыл бұрын Аралда жоғары сапалы сульфат өндіре бастады. Ал 1932 жылы Арал ауданында 173 тұз өндіруші трест ұйымдастырылып, олардан жылына 262 мың тонна тұз өндірілген.
7. Бұдан тура 100 жыл бұрын Арал балықшылары аштыққа ұшыраған Еділ бойы тұрғындарына В. И. Лениннің хатына орай көмек ретінде 1 тәулік ішінде 14 вагон балық жөнелтті.
8. Осыдан 500 жыл бұрын Әмудария өзені Каспий теңізіне, ал Торғай өзені Арал теңізіне құйған көрінеді.
9. Ежелгі замандарда Арал теңізі әлемдік мұхитпен жалғасып жатқан. Оған теңіз түбінен табылған киттер мен акулалардың сүйектері мен тістері айғақ.
10. Арал теңізі 19-ғасырға дейінгі тарихи дереккөздерде Кердер, Жүржан, Казвин, Хорезм, Абдуда, Жент, Әудек көл, Көкше теңіз деп аталып келген.
11. Өткен ғасырдағы Арал теіңізінің ең терең жері – 68 м, ұзындығы – 426 км, ені –  284 км болған.
12. 1731 жылы Ресей елшісі Қ.Тевкелевтің Кіші жүзді Ресей қоластына қосуға жанұшыра ұмтылған қитұрқы әрекетіне қарсы тұрған Арал маңының тумасы Жақайым Байғара батыр тәуелсіздік жолында құрбан болған алғашқы қазақ екені тарих беттеріне мәңгі таңбаланды.
13. Арал теңізі жағалауында ҚР алғашқы премьер-министрі Ұ.Қараманов, Арал трагедиясын биік мінберден алғаш қозғаушылардың бірі, КСРО Халық әртісі Р. Бағланова, Арал теңізінің тағдырын алғаш және бүкіл шығармашылығына арқау еткен абыз қаламгер, ҚР Халық жазушысы Ә.Нұрпейісов, "құрыш қазақ" атанған тарлан ақын З. Шүкіров, көк теңізді шығармашылық шабытының қайнар көзіне балап өткен аса дарынды қазақ ақыны Т.Айбергенов, қазақтың алғашқы фантаст жазушысы, профессор А.Мархабаев, т.б. белгілі әдебиет пен өнер қайраткерлері дүние есігін ашқан.
14. Арал теңізі жағалауында 18 ғасыр ортасына дейін тәуелсіз Арал хандығы өмір сүрген.
15. Қазақстандық Арал жағалауы тұрғындарын басқалар "ақұдайлар" деп атайды. Аралдықтардың тілі қазақ тіл ғылымында аралық говорға жатады.
16. Қазақстанның әрбір азаматы Арал теңізіне қарыздар. Дәстүр бойынша солай. Себебі, елімізде Арал тұзының дәмін татпаған тұрғын жоқтың қасы.
17. Арал теңізінің табанынан ортағасырлық Кердері қаласы табылған. Ол – Алтын орда кезеңінде гүлденіп, Ақсақ Темір тұсында шапқынға ұшырайды. Кейінірек су астына кеткен.
18. Арал теңізі ортасындағы Барсакелмес аралы шетел ғалымдарын ынтықтырған аңыз мекен. 2007 жылы питерлік зоолог ғалым, аралдағы жәндіктерді ұзақ жыл зерттеген марқұм Д.Пириюлин өз аманаты бойынша осы елсіз аралға жерленді.
19. Арал теңізі жағасындағы Беларан даласында осыдан көп жылдар бұрын қазақ әдебиетінің бүгіндері жасы жүзді алқымдаған ата жазушысы, әлем таныған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ескерткіш кесенесі тұрғызылды.
20. 2021 жылдың 29 қыркүйегі күні Алматыда Арал теңізін қорғау мәселелеріне арналған Халықаралық Конгресс өтті. Онлайн форматында ұйымдастырылған маңызды жиынға әлемнің бірнеше елдерінен қатысқан эколог ғалымдар мен қоғам белсенділері және Арал тағдырына жанашыр ұйым өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салды.
Серікбай Қылышбайдың парақшасынан алынды
12 қазан 2021 ж. 12 626 0