Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қолға алынды

Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қолға алынды

Қызылорда облысы өзінің күрішімен ғана белгілі емес. Арал балығы Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, одан тыс жерлерде, тіпті Еуроодақ елдерінде де танымал, олардың ішіндегі ең құндысы – мұртты табан, сазан, ақмарқа, табан, жайын, көксерке, қаракөз, шортан, алабұға.
Елбасының бастамасымен Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жөніндегі жобаның (САРАТС – 1) бірінші кезеңін іске асырудың арқасында Арал теңізіндегі балықтардың көптеген биологиялық түрлері қалпына келтірілді. Бұл балық шаруашылығының дамуына жаңа серпін берді. Осы уақыт ішінде өңірде балық аулау көлемі 20 есеге, 400-ден 8 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Бүгінде өңірде 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, олардың 4-інде Еурокод бар. Соңғы 5 жылда балықты қайта өңдеу 14%-ға, ал, оның экспорты 2,5 есеге өсті. Балық өнімдері таяу және алыс шетелдің 14 еліне – Ресей, Грузия, Беларусь, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Германия, Польша, Қытай, Чехия, Нидерланды, Австрия, Данияға экспортталады.
Өңірдің балық саласының әлеуеті жоғары. Арал теңізі, Сырдария өзені, 207 балық шаруашылығы су айдыны – мұның бәрі аквамәдениет өсіруде пайдаланылады.
Жүзеге асуы үшін 28 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталған Қызылорда облысының балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы тауарлық балық көлемін 34 есеге арттыруға мүмкіндік береді, ал, балық өнімдерінің экспорты бағдарламаның соңына қарай 4,2 мың тоннадан 8,5 мың тоннаға дейін өседі. 2030 жылға дейін облыста кем дегенде 55 көл-тауарлы балық шаруашылығы, 10 тоған және 4 торлы шаруашылық құрылады, 3 жабық сумен жабдықтау құрылғысы салынады.
kyzylorda-news.kz
05 қараша 2020 ж. 798 0