Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық өнімдері 12 елге экспортталады

Балық өнімдері 12 елге экспортталады

Сыр бойының басты байлығының бірі балық десек, бүгінде Аралдың балық өнімдері әлемнің 12 мемлекетіне жөнелтілуде. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мәлімдеді.
Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында тұратын жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық аулаумен тығыз байланысты. Нақты кезеңде облыста жылдық қуаттылығы 12,5 мың тонна өнім шығаратын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Балық өңдеу зауыттарының 4-інде еуропалық сапа стандартына сәйкестігін растайтын «Еврокод» белгісі бар. Олар – жеке кәсіпкер «Игіліков», «СПК Қызылорда Балық», «Арал СДО» және «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС-ның зауыттары.
Өткен жылы балық аулау көлемі 7193 тоннаны құрапты. Ауланған балықтың басым бөлігі зауыттарда өңделіп, алыс және жақын шетелдерге жөнелтілген. Арал ауданында «Арал СДО» ЖШС, Қазалы ауданында «СПК Қызылорда Балық» ЖШС және жеке кәсіпкер Игіліковтің балық өңдеу зауыттарында өнімдер терең өңделуде. Бүгінде балық өнімдерінің 14 түрі экспортталуда. Айтар болсақ, былтыр 4 220 тонна балық өнімі 12 мемлекетке (Ресей – 2065 тонна, Польша – 337,3 тонна, Грузия – 160 тонна, Украина – 100 тонна, Нидерланды – 682,8 тонна, Әзербайжан – 40 тонна, Қытай – 620 тонна, Қырғызстан – 9,9 тонна, Литва – 31,6 тонна, Германия – 152,3 тонна, Венгрия – 16 тонна, Беларусь – 5 тонна) экспортталды. Осылайша, балық экспортының көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 10 процентке артқан.
Өңірде балық аулайтын шаруа­шылықтар мен өңдеу кәсіп­орын­дарында мыңдаған адам еңбек етеді. Ал балық өндеу кәсіпорындарында 500-ден астам адам тұрақты жұ­мыспен қамтылған.
Аймақта балық шаруашылығында маңызы бар Кіші Арал теңізі мен 207 көл тізімге енгізілген. Жергілікті балықшылар аталған су айдындарынан балықтың 18 түрін аулауға көңіл бөліп отыр.  Былтыр 8042 тонна ауланып, республикалық бюджетке 132 млн теңге қаржы түсті.
– Бүгінде Кіші Арал теңізі то­лықтай және 182 көл конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді. Бұған қоса, қазіргі уақытта 25 көл резервте тұр, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Айдос Аяғанов.
Бұған қоса, балық өңдеу зауыттарын қосымша шикізатпен қам­тамасыз ету мақсатында өңірдің ак­вамәдениетін дамыту жұмыс­тары да жүргізілуде. Мысалы, облыс­тағы 10 тауарлы балық өсіру шаруа­шылығында былтыр 143 тонна балық өсіріліп, нарыққа шығарылды. Биыл оны 155 тоннаға дейін көбейту жос­парланып отыр. 2017-2022 жыл­дарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өңірлік бағдарла­ма­сына тауарлы балық өсіру шаруа­шы­лықтарын өркендету шаралары енді. Осы өңірлік бағдарламаға сәйкес, 2022 жылы тауарлы балық шаруашылықтарының санын 30-ға және өндірілетін балық көлемін 477 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Жағымды жаңалыққа келсек, осы жылы 3 тауарлы балық өсіретін шаруашылық құрылды. Балық жеміне кеткен шығындардың 30 проценті мемлекет тарапынан субсидияланады. «Үстіміздегі жылы осы мақсатқа облыстық бюджеттен 4,2 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні Шиелі мен Жаңақорған аудандарындағы екі шаруашылық – «Ғабит» және «Ислам» шаруа қожалықтары 2,1 млн теңге қаржыны толық игерді» дейді бөлім басшысы.
Аймақта балық шаруашылығының дамуына алғашқы кезеңі жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының тигізген пайдасы мол. Жобаның бі­рінші кезеңі елеулі нәтиже берді. Ол әсіресе, балық шаруашылығының өркендеуіне жол ашты.  Қазір Арал өңірінде балық аулау көлемі жыл санап артуда, 2000 жылмен салыс­тырғанда 20 есеге өсіп, 400-ден 8000 тоннаға жетті.
Жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі «Көкарал» су тоспасы, «Әйтек» су құрылысының кешені және Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынғаны баршамызға белгілі. Сөйтіп, теңіздегі балық қоры молайып, сол маңды мекендеген халықтың игілігіне айналды. Кіші теңіздегі судың көлемі 15,6 млн текше метрден 27,1 млн текше метрге дейін ұлғайған. Енді жобаның екінші кезеңінде су көлемін одан әрі молайту жоспарланып отыр.
Бір сөзбен айтқанда, «Көкарал» бөгетінің салынуы аймақтағы ба­лық шаруашылығының дамуына оң жағдай туғызды. Су маржанын аулау көлемінің өсуі өңдеу сала­сының дамуына мүмкіндіктер жасады. Сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қолайлы жағдай туып отыр. Күннен күнге көкжиегін кеңейткен кәсіптің келешегі бұдан да зор екендігіне ешкім шүбә келтіре алмаса керек.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»
10 қыркүйек 2020 ж. 788 0