Халық зердесіндегі қасірет құрбандары
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының басынан кешірген азабын айтып жеткізу қиын. Осынау қайғы-қасіретті көз алдыңызға елестетсеңіз, тұла бойыңыз түршігеді. Сол зұлматты зобалаңның айқын мысалы өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік биліктің қылышынан қан тамған қанқұйлы саясатының салдарынан көрген қазақ халқының қайғы-қасіреті аласапыран ауыр жылдардағы жүргізілген төңкеріс, күштеп ұжымдастыру, алапат аштық пен жаппай қуғын-сүргінге ұшырату кесірінен ел көлеміндегі тұрғындардың жартысына жуығының қанды қисаптар құрбанына айналып кеткендігі шерлі тарихымыздың ащы шындығы.
Бүкіл ел көлемін қамтыған зұлматты оқиғалар тарихы тереңнен тамыр тартатын, ежелден құт-береке қонған қасиетті Арал аймағын да айналып өткен жоқ. Туған өлкеміздің өткен тарихына зерделеп көз салсақ әлі де болса жете зерттелмей, ашылмай, айтылмай жүрген ақиқат деректерінің бар екеніне еріксіз ден қоясың. Нәубетті жылдардағы қуғын-сүргін мен қайғы-қасіреттің жазылмайтын жара сияқты адамдар санасынан ешқашан да өшпейтіні анық. Жауыздық құрбандары болған сол ата-бабаларымыздың қасіретті оқиғаларға толы тарихының сабақтары мен тағылымы ескі қателіктерді қайталамас үшін де аса қажет. Өскелең ұрпақ оны білуге тиіс.
Осы пікірімізге дәлел ретінде құт қонған Қарақұм өңіріне байланысты шерге толы шерменде болып, саяси қуғын-сүргінге ұшырап жазықсыз жапа шеккен арыстар жайлы әртүрлі дерек көздері арқылы жинақталған мәліметтерді жариялауды жөн көрдік. Өйткені ондағы әрбір шаңырақтың басынан кешірген тауқыметі бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының көрген қасіреттің де көрінісі екендігі анық.
Туған өлке тарихына зер салсақ, сол бір зұлматты жылдардағы кеңестік биліктің халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ауыл шаруашылығын түбегейлі күйретіп, соңын алапат ашаршылыққа, өңір тұрғындарының туған жерлерін тастап үдере көшіп, босқыншылыққа ұшырауына қарсы ашық қарсылықтарын көрсетіп, қаһармандық үлгісін көрсеткен «Қарақұм көтерілісі» болған еді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1930 жылы 10 айға созылған көтеріліске мұздай қаруланған қызыл әскерлерге қарсы қарабайыр құралдармен (шоқпар, сойыл, айыр, балтамен) қарсы тұрып, кеуделерін оққа тосып жанкешті айқасқа шыққан шаруалардың дені осы өңірдің тұрғындары болған еді. Олардың жалпы саны 3000-ға жуық деп көрсетілсе, негізінен 1928 жылы бұрынғы таратылған болыстықтардың орнына құрылған №8 Ұзақбайсор ауылдық кеңесінің құрамында болған қыр тұрғындары еді. Бұл қазіргі Қарақұм, Жіңішкеқұм, Атанши ауылдық округтерінің аумағын қамтиды. Алайда күші басым жаудың әртүрлі айла-шарғыларына алданып, әрі стихиялы сипат алған «Қарақұм көтерілісі» күшпен басылды. Қазақ даласын отарлау саясатын ұстанған Голощекин билігі «шыбындай» қырылған қазақ трагедиясына көңіл бөлмей, аса қатыгездік танытты. Үкімет әскерлері Қарақұмды сүзіп шығып, ақ-қарасын айырмай ауыл адамдарын шетінен ұстап абақтыға жатқыза бастайды. Қолға түскен 586 адамның «үштік» қаулысымен 175-і атуға, 172-сі 3-10 жыл мерзімге түзеу колонияларына айдалды. Тарихшылардың пайымдауынша, жылға жуық уақытты қамтып, өліспей беріспеген қыр сарбаздарының қатарында жеті мыңға жуық көтерілісшілер болса, олардың ұрыс даласындағы қанды шайқастарда өлім жазасына кесілгені бар үш мыңдай сарбаз, басқа да жазықсыз жандар құрбан болған деген мәліметтер айтылады. Қыр өңірі тұрғындарының наразылық көтерілісі күштеп басылғанмен, кейін де ондаған жылдар бойы жалғасып тоқтамағанын біздің қолымыздағы деректер айғақтайды. Олардың біразына ауыр айыптаулар тағылып, Кеңес үкіметіне дұшпандық саясат жүргізген «халық жаулары» ретінде өлім жазасына кесілді, ұзақ жылдарға сотталып, жазықсыз жапа шекті. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тарихымыздың қастерлі парақтары айқара ашылып, зобалаң жылдарында орын алған заңсыздықтарды ашық жариялауға мүмкіндік туды. Жаппай қуғын-сүргін зұлматтарына ұшыраған адамдарға қатысты әділеттілік салтанат құрды. Уақыт тасасында қалып, ұмыт болған бұл оқиғалар келер ұрпақ санасынан өшпеуі тиіс. Өйткені қазақ халқының қазіргі ұлттық түлеуі мен жаңаруы тарих шындығының ұмытылмауын қажет етеді. Осыған орай халық қаһарын танытқан атақты «Қарақұм көтерілісінен» кейінгі жылдарда да әділеттілік үшін күресте қанқұйлы билікке қарсы күресін тоқтатпай, жазықсыз жазаланған Қарақұм тұрғындары жөнінде мәлімет беріп отырмыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, саяси қуғын-сүргіндер зұлматына ұшырап, жазықсыз құрбан болғандарды ұмытпау, олардың есімдерін қастерлеу – ұрпақтар міндеті.
Сталиндік қуғын-сүргін зобалаңына ұшырап, жазықсыз жапа шеккен қарақұмдықтар: (1931-1942 жылдар)
Тұрымбетов Өтепберген, Сарыбөпеев Берсүгір, Ақжанов Балапан, Сатаев Өмір, Сатаев Өміртай, Сатаев Өмірбай, Торжиев Қалжан, Ақкүшіков Ыбырай, Малайсариев Ержан, Дәрібай ахун, Малайсариев Ермағанбет, Бәкубаев, Бижанов Жалғасбай, Атарманов Назибек, Мәмбетов Айтжан, Жайсықбаев Омар, Силақов Қуанышбай, Қожасов Аяған, Баянасов Тыныштықбай, Қаракөзиев Қазанғап, Арықбаев Қайымша, Силақов Қойшыбай, Аманбаев Кішкенебай, Кішкенебаев Саржан, Алтыбаев Әуесбай, Қалниязов Сенбі, Аманжолов Аяпберген, Қалыбаев Ержан, Пірманов Бозғұл, Дандаев Қартбай, Лекеров Көбеген, Қараманов Муса, Молжігітов Жолдыбай, Жолдыбаев Байғазы, Дүйсенбаев Нұрыш, Ақтанов Әбдіраман, Текеев Аманжол, Тұяқов Бейіс, Жолаев Ешпан, Малаев Бәйділда, Құлсариев Әмірхан, Жасымов Жанпейіс, Сүйкімбаев Шұңғыл, Дәуқараев Жоламан, Қарабалаев Мұқыш, Мырзабеков Қарибала, Қарбалаев Ташау, Дәуқараев Серекеш, Бердіқұлов Садық, Боранбаев Смайыл, Жұмабаев Қосмағанбет, Ерімбетов Махамбет, Қапашев Қошқарбай, Жазықбаев Төрахмет, Қосқұлов Күйек, Аманов Иса, Оразбаев Қыдырқожа, Құрмашов Қуеке, Ибрагимов Балхаш, Оразбаев Еңсеп, Көрпебаев Төлепберген, Тілеуов Нысанғали, Әлмағанбетов Жұқаш, Сәркеев Бөкеш.
Үргенішбай ҚУАТОВ,
ардагер ұстаз, өлкетанушы