Бейбарыс баба – ұрпақ мақтанышы
Биыл тарихта үлкен жетістіктері үшін аты қалған әміршілердің бірі әрі бірегейі, қыпшақтан шыққан мәмлүк сұлтаны аз-Заһир Бейбарыс әл-Бундуқдаридің туғанына 800 жыл толды. Ол – барша мұсылман жұртына ортақ тұлғалардың бірі, Мысырдың, күллі Ислам жұртының дамуына өзіндік үлес қосқан сұлтан.
Бейбарыс Жамақұлы (1223-1277ж.ж.) – түркі әулеті Бахриден шыққан мәмлүктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оның шыққан тегі – қыпшақ. Кейбір тарихи деректерде Бейбарыстың руы Беріш деп аталады. Соңғы зерттеулер бойынша Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екендігі анықталған.
Жазба деректерге көз салсақ, жетім қалған жас бала өзге де тұтқындармен бірге Мысырдың сол кездегі курд текті сұлтаны Салих Наджм ад-Динге сатылған. Сосын одан әмір Алауддин Айдекин әл-Бундуқдари сатып алады. Бейбарыс жаңа қожайынының лақабымен Бейбарыс әл-Бундуқдари деп аталады. Көп ұзамай Бейбарыс бұл әмірдің барлық дүние-мүлкін, құлдары мен күңдерін тәркілеген патша Нәжмуддин Аййубтың қол астына өтеді. Мұнда ол әмір Ақтайдың басқаруындағы бахри мәмлүктер жауынгерлерінің қатарына қосылады. Уақыт өте Бейбарыс әскерлер арасындағы жауынгерлік шеберлігімен ерекше көзге түседі. Әсіресе, әл-Мансурадағы крестшілермен шайқаста Бейбарыс бастаған мәмлүктер жасағы дұшпанды тас-талқан етіп жеңіп, Франция патшасы ІХ Луисті тұтқынға алады. Сонымен бірге әмір Ақтаймен бірігіп ел ішіндегі бүліктерді басуда үлкен еңбек сіңіреді.
Бейбарыс Шам шаһарларының бірінен біріне өтіп, көшіп-қонып жүреді. Мысырдағы сұлтан тағына Сейфуддин Құттыз отырған соң Бейбарысқа бас амандығын беріп, оны ел билігіне араласуға шақырады. Сөйтіп Бейбарыс Каир шаһарына қайта оралады. Расында да Бейбарыс соғыс өнерін өте жетік меңгерген қолбасшы еді. Ол көптеген әскери жорықтарда жеңіске жетіп, шынайы шеберлігін дәлелдеп шығады. Солардың ең үлкені 1260 жылы моңғол басқыншыларымен болған Айн Жалұт шайқасы. Осы жеңістен кейін Бейбарыстың әскер арасындағы, жалпы жұртшылық арасындағы беделі, атақ-даңқы арта түседі.
Кейін Бейбарыс Құттыздан кейінгі Мысырдың сұлтаны атанады. Оған «әл-Мәлик аз-Заһир» – «Жеңімпаз патша» деген лақап ат беріледі. Билік басына келген жаңа әміршінің алдында елді дамытып, өркендету міндеті тұрды. Шынында да оның тұсында Мысырда тұрақтылық орнап, ел шаруашылығы алға басып, өркендей түседі.
Осындай елге деген жанашырлығына қарамастан Бейбарыс сыртқы жауларға аса қатал болатын. Сонымен бірге ішкі жауларды, олардың бүліктері мен көтерілістеріне қарсы аяусыз күресті. Сол бүліктердің ішіндегі ең үлкені Димашықтағы Аламуддин Санжар әл-Халаби бастаған көтеріліс болатын.
Бейбарыс сұлтанның дәуірі жетістіктерге толы. Ол мәмлүк мемлекетінің негізін қалап, моңғолдар қиратқан Бағдадтағы аббасидтер халифатын қайта қалпына келтіруге тырысты.Сондай-ақ сұлтан Бейбарыс біраз аймақтарды бағындырып, Хиджаз аймағына дейін жетті. Өзінің дұшпандарын, мәмлүк мемлекетінің дұшпандарын ойсырата жеңді.
Бейбарыстың жетістіктерінің ең маңыздысы ислам мемлекетінің көзін жоюға тырысқан крестшілер мен моңғолдарға қарсы жасаған іс-шаралары. Елдің ішкі тұрақтылығы мен тыныштығын толық қамтамасыз еткен соң сыртқы қауіпсіздігі үшін үлкен әскер жасақтап, крестшілердің әмірліктеріне қарсы жорықтар жасады. Сол арқылы олардың қол астындағы мұсылман аймақтарының біразын қайтарып алды. Ал моңғол шапқыншыларына қарсы Алтын Орда ханы Берке ханмен одақтас болды.
Бейбарыс сұлтан ислам жауларына қарсы қуатты әскер, теңіз флотын құрып, қару-жарақпен жабдықтады. Осылайша крест жорықшылары мен моңғол шапқыншыларына қарсы шайқастарда талай жеңістерге жетті. Крестшілермен ұрыстарда Қайсария, Арсуф, Сафад, Яфа және басқа да қамал-қалаларын бірінен соң бірін алып, ақырында ірі шаһар Антакияны мұсылмандарға қайтарды.
Ал моңғолдарға қарсы жорықтарында әл-Бира, Херран шайқастарында дұшпандарын ойсырата жеңді. Мұсылман аймақтарын бірте-бірте моңғол басқыншыларынан азат ете бастады. Ақыры һижра жыл санауы бойынша 675 жылы Абластин елдімекенінің жанында моңғол әскерін күйрете жеңіп, шешуші жеңіске қол жеткізді.
Елдің ішкі саясатында Бейбарыс сұлтан аса көреген саясат ұстанды. Мұсылман мемлекетінің тұғырын нықтап, өркендеуі үшін көп еңбек сіңірді. Бейбарыстың дәуірінде Мысыр гүлденген елге айналды. Ішкі саясатта ішкі көтерілістер мен бүліктерді басу арқылы елдің іргесін мықтап бекітті. Заң саласында сұлтан Бейбарыс бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді. Мысыр мен Димашықта көптеген медреселер салдырды. Бейбарыс салдырған жәдігерлер әлі күнге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр. Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді.Ніл өзенінің суын есептейтін үлкен құрылғы салдырады. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады.
Бейбарыс ойлы да кемеңгер мемлекет қайраткері, батыр да жігерлі қолбасшы болған. Әуелі ол елдің әл-ауқатын көтерді. Мұсылман текті халықтардың ежелгі жауы – крест тағушыларды талқандап, моңғолдарды Мысырға қарай қадам бастырмаған.
Бейбарыс заманында өмір сүрген тарихшы Вильгельм Тайпольский де оған: «Бейбарыс – жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Цезарьмен терезесі тең тұратын қаһарман» деген баға берген.
Сұлтан Бейбарыс һижри 676 жылы мұхаррам айының 28-күні, миләди 1277 жылдың 2 мамыры күні қайтыс болды. Ол билік басында 17 жылдай болды. Ол қайтыс болған соң орнына ұлы Насируддин отырды. Алайда Бейбарыстың балалары билікті ұзақ уақыт ұстап тұра алмады.
Тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсеткен мәмлүк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана Бейбарыс есімі арқылы ата мекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған Атырау қаласында ерліктің өшпес айғағындай болып биік тұғырға Бейбарыстыңалып тұлға ескерткіші орныққан.
Дүниені дүбірлеткен Бейбарыс бабамыз бүгінгі ұрпақ үшін қашан да мақтаныш. Сондықтан да оның ерлік тарихын жаңғыртып отыру, кейінгі ұрпаққа жеткізу – өз тарихын, Отанын, ата-бабасын сыйлаған жас буынның қастерлі міндеті.
Дайындаған К.Көздібаева