Ұланақтың ұрпағына ұран болған Ақпан баба
Ата-бабаларымыз заманында «Толарсақтан саз кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» дегендей, жаугершілікте өмір бойы отбасы, бала-шағасынан жырақтап, айлап ат үстінде жүріп, осыншама ұланғайыр жерді қорғап, бізге мұра етіп қалдырған. Қайтпас жүректі талай марғасқа ерлер туған ел, туған жер үшін қасық қаны қалғанша жанын ортаға салған ұрыста атағы жер жарып, ерлігі аңызға айналған.
Солардың ішінде бірі де бірегейі әрі әулие, әрі батыр Ақпан бабамыздың есімі қазір менің немерелерім Нұрсұлтан, Мәдиге дейін есептегенде он бес ата аралыққа жеткен бүкіл Ұланақ (Қаракесек) ұрпақтарының ұранына айналған.
Сондай атағы жер жарған Ақпан бабамыздың бүгінгі кезге дейін бізге жеткен деректерге сүйенсек ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүріп, Жоңғарлармен болған бір соғыста баласы Мандамен бірге ерлікпен қаза тапқан, сүйектерінің қай жерде қалғаны белгісіз болып келген еді. Осыдан жеті жыл бұрын ойда жоқта Ақпан бабамыздың сүйегі жатқан жер Қармақшы ауданындағы Қорқыт баба қорымынан табылды.
Осы хабарды есітісімен кезінде көп ізденіп, өзінің білгенінше «Кіші жүз Алшын. Ұланақтан (Қаракесек) бесіктегі ұлға шейін (шежіре, тарих)» атты кітап жазып, баспадан шығарып, таратқан Көмек ағамыз іздеп барып, тауып, басына белгі көк тас апарып қойған еді. Ал, өткен жылы Ақпан баба ұрпақтары бастамашы болып, ауызбіршілік танытып, өз қалталарынан қаржы жинап, бар құрылыс материалдарын алып, бір топ ағайындармен Өткелбай бастап Қорқыт баба қорымында елеусіз, ескерусіз жатқан Ақпан баба мен баласы Манданың сүйегі қалған жерге төртқұлақ бейіт салып, басына «ХVІІ- ХVІІІ ғ.ғ. Ақпан-әулие, батыр, Қаракесектің Ұраны және баласы Манда батыр. Қоюшылар Ақпан ұрпақтары. 2012 жыл» деп ойып жазылған мрамор тақта-тасты бейіт алдына салынған арнайы тұғырға орнатып қайтқан болатын.
Сонан бері Ақпан бабамыз жатқан жерді бір көріп қайту менің үнемі ойымда болғанымен сәті түспей жүрген еді. Биыл Ақпан бабамызға оның ұрпақтары құран бағыштап, ас бергелі жатқан қарсаңында жолға жиналып едім, барып қайтуға тілек білдірушілер көбейді. Сонымен маусым айының 19 күні, сәрсенбінің сәтінде түс ауа жиналған біз Жұбатыр, Серікбай ағаларымызды алдымызға салып, Өткелбай, Серік, Ғанибек, Күләш, Күлзипа бәріміз жолға шықтық. Мен де барамын деп құлшыныс білдіріп жүрген Аманкелді ініміздің табан астында мүмкіндігі болмай қалып, оның айтқан тапсырмасымен Байқоңырдан баласы Әнуармен бірге Алпысбай ініміз қосылды. Біз Қызылорда қаласынан арнайы келген екі баласымен Бөрібай және Баймұратпен «Қорқыт ата» мемориалды кешені басында кездестік. Жолай Жосалыдағы Қорқыт баба қорымында он жылдам астам шырақшы болған Талғатты алдыртып, Ақпан бабамыз бен баласы Манданың сүйегі жатқан жерге салған бейіт басында болып, Құран бағыштадық.
Бабамыздың бейіті қалай табылды?
немесе Райымбекұлы Көмек ағамыздың әңгімесі
немесе Райымбекұлы Көмек ағамыздың әңгімесі
Біздің әкелеріміздің айтқандарынан құлағымызда қалғаны Ақпан алдын болжайтын көріпкел, аруақты әулие, батыр болған. Жаулардың қай жақтан келе жатқанын білген. Кімнің үйінде ауру барын, келіндерінің ұл әлде қыз туатынын алдын ала айтқан. Ақпанның аруағына сыйынып, бала көтергендер болған.
Бәйгеге ат қосқанда, тойда күреске түскенде, соғыста жауға қарсы шыққанда Ақпан, Ақпан деп ұрандап, Ақпанның аруағына сыйынатын болған. Ақпанның қысылғанда пайда болатын аспанда бұлты болған.
Ақпанның әулиелігінің бір мысалы: Ақпан жолы түсіп, Тілес баласы Ақайдың үйіне келіп отырғанда оның бәйбішесінен жарқыраған шырақ көріп, мына келін киелі ұл бала туады. Әулиелік кереметі бір бөлек, бүкіл әлемнің ар-намысын қорғайтын батыр болады. Менің әруақты бұлтым осы балаға қонады. Менің жолымды берсін Алла деп, батасын беріп, ат үстіндегі ердің боз көпшігін балаға тапсырыңдар деп тастап кетеді. (Ақай Ақпанның баласы батыр Мандаменен қатарлас болған).
Ақай атамыз сол Ақпан айтқан баласы дүниеге келгенде азан шақырып, баласының атын Ақтан қойыпты. Ақпан әулиенің алдын болжай айтқаны тура келіп, Ақай баласы Ақтан Жанқожа батырдың үзеңгілес досы, халық батыры атанды, басына Ақпанның бұлты қонды. Жауға қарсы шайқаста Ақпан деп ұрандап, өмірі ат үстінде өткен ерлігі ескеріліп, ел түгел жұмылып, Ақтанның Берсүгірдегі бейітін жаңартып салды. Қазалыда кесене орнатты.
Қай кезеңде екенін Алла біледі. Жоңғарлар Қаратаудан бері қарай келе жатыр, соған қарсы соғысуға барамыз деп Ақпан жасақтарын (сарбаздарын) жинастырып, соғысқа аттанарда баласы Мандаға:
– Шырағым бұл жорыққа сен бармай-ақ қой, келесіде барасың, бұл барғаннан аман қайту неғайбыл. Өлсем мен өлейін, кейін сен қала ғой деп қайталай айтса да, Манда:
– Мен қалсам, қорыққаннан қалды деп халық мазақ қылады, тәуекел, – деп әкесі Ақпанмен жорыққа аттанады.
Ақыры Ақпанның айтқаны тура келіп, сол соғыста Ақпан да, Манда да мерт болады. Екеуін де бір бейітке жерлеген дегенді Наханов Келжан аға айтқан еді.
Менің есебімше Ақпан ХVІІ ғасырдың соңында дүниеге келеді. Оған дәлел: ғалымдар 30 жылда бір буын немесе бір аталық дейді.
Еліміз егемендік алғаннан кейін Ақпан бабамыздың бейітін іздестірумен жүргенбіз.
Біреулер Шымкент жақта, біреулер Түркістан маңында, енді біреулер Қорқыт ата бекеті маңында Ақпан төбе деген жер бар. Ақпан бейіті сол жерде, бұрындары оны әулие, батыр адам деп, бейітке зират етушілер болған дегенді айтқан еді. 2001 жылдың жазында Киікбай мен Құдайберген пойызда кездескен Қорқытта тұратын бір азаматтың Ақпан бейіті Қорқыт қорымында дегенін айтқан еді.
Сәті келіп, 2007 жылдың 10 маусым күні ертеңгісін үйден дәрет алып, Аллаға жалбарынып, Ақпанның аруағына сыйынып, ниет қылып, Қорқыт баба қорымынан Ақпанның бейітін іздеуге шықтым.
Автобуспен Байқоңырға Ашықбаев Аманкелді бөлмеме келіп, маған Ақпан батырдың бейітін іздеуге Қорқытқа баратын көлік тауып бер деп едім (оған Алланың нұры жаусын!), өзінің «Иномарка» машинасын берді. Күйеу балам Сағымбаев Теңел екеуміз машинамен жүріп келе жатқанда бір трансформатордың алдында көлемі 60х40х20 сантиметр шамасындағы плита көктас кездесе қалды. Құдай біздің ниетімізді қабыл қылған шығар, Ақпанның әруағы қолдаған шығар, бұл тасты бейіт табылса, басына белгі қылып қояйық деп, машинаға салып алдық. Қорқыттың кесенесіне келіп, шырақшысы Талғаттан:
– Бұл маңда Ақпан батырдың бейіті бар ма? – деп едік, ол ойланбастан:
– Бар, білемін,- деді. – Бір бейітке екі адам жерленген, екіншісінің аты есімде жоқ.
– Манда емес пе? - дедім мен.
– Манда, Манда,- деді ол.
Бұл бейітке Қуатбай деген азамат жыл сайын келіп, зират етеді. (Қуатбай Ақпан батыр баласы Мандадан тараған ұрпақтарының бірі Нағымет шалдың баласы. Ол Байқоңырда тұрады).
Сендерге бейітті көрсетейік дегесін Сырдарияға қарап жүріп, темір жолдан өтіп, бейітке келсек, расында бір бейітке 2 адам жерленген екен. Біреуі Ақпан, екіншісі Манда болуы керек, Келжан ағаның айтқанындай.
Апарған тасты бейітке қойып, шырақшы Талғатқа аят оқытып, суретке түсіріп алдық. Мынау сол сурет. Қорқыт бабаның бейітінен 1000 метрдей жерде, дария жиегінде екен, оған барып, аят оқыттық шырақшыға.
«Алладан шын ниетіңмен тілесең, қабыл қылады» деген Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-дың Хадисінде, рас екен. Алла тілегімізді қабыл қылып, 300 жылдай белгісіз жатқан Ақпан бабаның бейіті бір күнде табылды. Ойымыздағы орындалды. Қуанышымыз шексіз болды.
Шырақшы Талғаттың әңгімесі
Қорқыт баба жатқан қорымда көп адамның сүйегі жатыр. Мен 2002-2010 жылдар аралығында шырақшы болған кезімде біраз нәрсеге куә болдым. Батыр әрі әулие Ақпан осында жерленгенін Төретамнан келіп, үнемі Құран оқытып тұратын Қуат ақсақалдан есіткенмін, кейін Көмек ағамыз келіп, басына белгі көк тас қойды.
Уақыттарың болса аралатып, көрсетейін. Елін, жерін қорғауда ерлікпен қаза тапқан небір жаужүрек батырлар, көріпкел, аруақ қонған әулиелер, көптігінен малының санын түгелдей алмайтын байларды осында әкеліп қойған. Мына Сырдарияның жарқабағындағы жиектегі Қорқыт бабамыздың бейітінің орнына белгі қойылған. Күні кешеге дейін үй тамы тұратын, көзіміз көрді, кейін құлап қалды.
Бізді солай қарай апарып, көрсетті, әрі қарай қорымды бірге түгелдей дерлік аралап шықтық.
Тарихи деректер бойынша өзіміз туып, өскен Қазалы ауданындағы Жанкентте дүниеге келіп, ажалы жетіп, осы арада мәңгілік орнын тапқан Қорқыт бабамыздың бейітінің орны темір арматурамен қоршалып, мінәжат етіп келгендер отыратын бірнеше тақтай орындықтар қойылып, мрамор тас-тақта орнатылыпты. Онда «Қазақстан Республикасы. Қорқыт Ата мазарының орны. Орта ғасыр дәуірі. Ескерткіш мемлекет қорғауында» деп жазылған екен.
Егемендік алып, өзімізге еркіндік тигелі бері дінге бетбұрыс жасалып, ата-бабаларын іздеушілер көбейді. Осында Қазақстанның әр түкпірінен келеді, - дейді Талғат ініміз.
– Табын Сәрке батыр жатқан жерге белгілі азамат, қазір Парламентте депутат Баймаханов Қожахмет бастап келіп, басына белгі қойды. Онда «Сәрке батыр» – ХVІІ–ХVІІІ ғ.ғ. Ұлт-азаттық қозғалысы қолбасыларның бірі» деп жазылыпты. Жалағашта ұрпақтары ас берді. Жаугершілікте жүріп, қалмақтармен соғыста ерлікпен қаза тапқан Сәрке батырды киізге орап әкеліп, осында жерлеген екен.
Шөмекейдің Қаратамыры Пішанұлы Төребай бидің қойылған жеріне ұрпақтары келіп, көзтартарлық биік күмбезді үй салып, Қармақшыда ас беріпті. Үйтамның қабырғасына орнатылған мрамор таста көрнекі етіліп «Қаратамыр Пішанұлы Төребай би (1848-1911 ж.ж.)» деп жазып, төменгі жағында атақты Базар жыраудың арнау өлең жолдарын келтіріпті:
Билігің бар дауға сай
Ерлігің бар жауға сай.
Басынан бұлт аспайтын,
Хан Абылай тауындай.
Туысыңның кемі жоқ,
Тау жолбарысы сияқты-ай.
Ұстасқан қолды қиятын,
Болаттан соққан сияқты-ай.
Базар жырау
Қазіргі үстімізден өтіп жатқан теміржолды салып жатқан кезде, Қорқыт баба қорымы тұсына келгенде жұмысқа түрлі кедергі көбейіп кетіпті. Техника жүрмейді, жол бұзыла береді. Орыстар не істерін білмей қатты сасыпты. Тұрғылықты адамдардан сұраса, аруақты жерді баспай, жолды аулақтау салу керек. Тәңірге жалбарынып, мал сойып, құдайы бермесеңдер болмайды дейді. Онда ол оңай шаруа ғой деген орыстар шошқасын соя бастағанда Төребай би бастаған аузы дуалы ақсақалдар тоқтатып, халал мал шалып, тасаттық жасаған соң барып, жұмыс онан әрі кедергісіз жүріп кетіпті. Осы жерден сәл әріректе «Шошқа сойған» деп аталатын бекет бар. Бәлкім осыған байланысты қойылған ба, кім білсін.
Төребай Орынбор қаласында сол кездерде қазақ даласына билік жүргізіп отырған губернаторға екі мәселемен арнайы барып, рұқсатын алып қайтқан екен. Біріншісі – тұсындағы стансаны Қорқыт бабаның есімімен атау жайлы. Екіншісі – Қазаққа Орынбор қаласына дейін мал айдайтын жол (полоса) сұраған. Өйткені, мал өсіріп, бар тіршілігін соның арқасында шешіп отырған қазақтар Орынборға апарып сату үшін мал айдаса, жолда отырғандар «менің жерімнің үстінен өтпейсің, жайылымымнан малың шөп жемесін», тағы басқа мың сылтаудан қиындық көріп, көп шығынға ұшырап, тонауға түсіп, ақырет-азап көреді екен. Төребай би екі мәселені де губернатормен тіл табысып, оң шешіп, рұқсат қағазын мөр бастырып әкелген көрінеді. Міне, елі үшін еткен ердің еңбегі.
Төребай би кеткен соң қасындағылар губернаторға:
– Сіз қазақты жек көріп, қабылдай бермейтін едіңіз. Осы жолы Төребай бидің айтқанын екі етпей, бәрін бірден орындадыңыз ғой. Себебі не? – деп сұрапты. Сонда губернатор:
– Өте сұсты, білгір, сөзгер адам. Кіріп келгенде маған үлкен қорқыныш пайда болды. Айтқанын істемеске амалым қалмады, – деп басын шайқай берген екен.
Жезқазғаннан арнайы ұрпақтары келіп, Орта жүздің Майгелді байының басына қойылған үлкен төрт қырлы мрамор тастың бір жағына «Найман-Бағаналы Мәйгелді бай. ХVІІ ғасыр. Ұрпақтарынан. Қазан 1998» десе, екінші қапталына:
«Арғы атаң Бағаналы ер Қаптағай,
Атыңды Алаш білер Мәйгелді бай.
Ұлытауды мекендеген Бағаналы
Ұрпақтар дұға оқыды өзіңе арнайы» - деп ойып жазыпты.
Мәйгелді байдың малының есебі жоқ, жылқысының өзі 90 мың бастан астам атақты адам болған. Кезінде жауға шапқан батыр жауынгерлерін көлік, тамақпен қамтамасыз етіп отырған Мәйгелді бай Абылай ханның қамқорлығында болған деген халықтың айтуымен бізге жеткен сөз бар.
Сондай-ақ осы қорымда жерленген он екі ата Байұлының Алтыны Уәлі биге де ұрпақтары келіп, басына белгі қойып, ас берген екен.
Ана көрініп тұрған кейін салынған үй там ел аузында аңызға айналған Қырық қыздың ізінен Қорқыт бабаны іздеп келген қырық бірінші қыздың басына қойылған белгі.
– Ал, қырық қыздың тарихын айтыңызшы, – дейміз біз Талғатқа.
– Ол былай болған дейді. Қорқыт бабамыз дүниені кезіп, қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрі» шыққан соң, өлімнен қашып құтыла алмасын білген ол құдіретімен су бетінде қалқыған кілем үстінде отырып, күңіреніп тартқан күйі Арқадағы қырық қыздың құлағына жетіп, олар Қорқыт бабаны іздеп шықпақ болады. Сол кезде бір аяғын сылтып басатын бір қыз да бұларға ермек болады. Оны олар мазақ қылып, тастап кетеді. Бұған налыған қыз бір ешкісін жетектеп, ол да өз бетінше жолға шығады. Жол азабына шыдамай қырық қыз да жолда қайтыс болады. Ал, ақсақ қыз жаяулап-жалпылап, жолай жетегіндегі ешкісінің сүтін қорек етіп, Қорқыт бабамыздың қобызының әуенімен осы төбенің басына жетіп, қайтыс болыпты десе, біреулер Қорқыт атамен кездескен екен дейді. Оны құдай біледі.
Мен мұның бәрін бірнеше жыл осы қорым басында шырақшы болғанда еліміздің түкпір-түкпірінен ғалым да, көнеден қалған ұлағатты сөздерді, шежіре білетін қариялар, діни адамдар, түрлі салада қызмет жасап, елге танылған азаматтар да ата-бабаларының жатқан жерін іздеп келіп, құран бағыштап, белгі қойып, ас берді. Солардың әңгімесінен есте қалғандары ғой Сіздерге баяндап беріп жүргенім.
– Талғат, осыншама үш жүздің атақты батыр, әулиелердің сүйегі осы қорымда қалай қалған. Әлде осы жерде соғыс болған ба, – деймін мен.
– Оның анық-қанығын білмедім. Меніңше Қорқыт бабаның мазары тұрған соң, кейін әр тайпа өзінің батыр, әулиелерін іздеп, қайтыс болғандарды осында әкеліп жерлеуі мүмкін. Мысалы, Табын Сәрке батыр Жезқазғанмен екі ортадағы далада болған соғыста қайтыс болған, оны киізге орап, сақтап осында әкеліп, жерлеген дейді.
Бірде осында келген қариялардан есіткенім, Бұқарбай батыр қартайған шағында тәубеге келіп, атақты Қалжан Ахуннан:
– Мен кезінде елді, жерді қорғамақ болып жаугершілікте жүрдім, әйтеуір мұсылмандық діни парызымды өтей алмадым. Бұл қалай болады? –деп сұраған екен. Сонда Қалжан Ахун:
– Пенденің жасаған әрбір ісі Аллаға аян. Шын тәубеге келген пендесін жақсы адамдардың жанына жерлесе де шарапаты тиеді, – депті деген де бар.
Міне, Қорқыт баба қорымында бір мезет болғанда біздің көріп-білгендеріміз осы болды. Қазақтың кең даласындағы әр төбенің тарихын ашсақ, ата-бабаларымыздың не бір керемет істеріне көзіміз жетсе, ұмытылмай ұрпақтан-ұрпаққа қала берер еді-ау деген ой келеді.
Осындайда ұлтының азаттығын аңсап өткен Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ» атты өлеңіндегі айтылғанына ғасырдан асса да әлі күнге мәнін жоймай, ұранға айналған:
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты,-деген жолдар жадыңа орала береді.
* * *
Иә, Қаракесектің Ұланақ ұрпақтары тағы бір аты аңызға айналып, тарихта аты қалған Ақпан бабасымен қауышқандай болып, оның өткен өміріне үңіліп, қастерлеуде. Қызылорда облысының Қазалы, Арал аудандары, Қызылорда, Байқоңыр қаласы, Тасбөгет ауылынан шыққан Ақпан бабамыздың ұрпақтары ауызбіршілік, ұйымшылдық көрсетіп, ардагер ағамыз Көмек Райымбекұлының бастамасын қоштап, қолдап, Жанқожа батыр атындағы ауылға жиналып, ас бергелі жатыр. Ұрпаққа өнеге боларлық іс емес пе?!
Өткенді білу алдағы болашақ ұрпағымызға өнеге. Тарихты зерделей берсек, шынында да елі үшін, жері үшін өмірін ат үстінде өткізген, ата жаулармен айқаста ерлікпен қаза тапқан Ақпан батырдың орны өз алдына бөлек. Ол «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» қырғынын басынан кешірген. Сарысу өзені бойында төрт мың қолды бастап, қалмақтарға соққы берген. Ақпан батыр Аңырақай шайқасында адам таңқаларлық ерлік көрсеткен. Батырдың ата жауымен айқастағы ерлігі елінің есінде сақталған. Оның куәсі ретінде Арыс пен Шымкент аралығында «Ақпан бекеті», Ташкент маңында «Ақпан арық» сияқты жер аттары тарихта қалған. Кейін Қоқан басқыншыларымен соғысқа да қатысқан. Бір сөзбен айтқанда, Ақпан батыр кезінде Қаракесектің батырларын бастап, қазақ жерін қорғаудағы соғыстардың ортасында болып, батырлығымен де, аруақтылығымен де көзге түскен. Сондықтан да Қаракесектер Ұланақтан шыққан батырларды:
Батыр-би көп шығыпты Ұланақтан,
Бұрыннан ұран болған батыр Ақпан.
Жақау батыр, Баласы Қасаболат,
Ұраны кейінгілер батыр Ақтан.
Бекежан, Құжыр, Көкен, Қаушабасар,
Арынғазы, Тоқтар, Жартай, Жазықбайлар,
Қиымбай, Ораз, Тәжімбет, Қарнық билер,
Қосуақ, Сайым, Таңатар, Бұрхан билер, – деп жырға қосқан.
Қорыта айтсақ, бұл әрі батыр, әрі әулие Ақпан бабамыз жайлы деректердің басы ғана. Олай болса бүкіл Қаракесекке (Ұланақ) ұран болған әруақты Ақпан батырдың өмірі, аңызға айналған ерліктері жайлы тарихи деректерді зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізу уақыт еншісінде. Осыны әрқайсысымыз естен шығармай іздене бергеніміз абзал, білгенімізді бүгінгі ұрпаққа жеткізуге асығуымыз керек.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі