Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әулиелігі көпке аян Шаяхан ата

Әулиелігі көпке аян Шаяхан ата

Әр өңірдің өзіндік тарихы мен сол маңды мекен еткен тұлғалардың әлдебір қасиеті болады. Сол арқылы еліміздегі әрбір өңірдің ерекшелігі ескеріліп, қасиетімен дараланып тұратыны белгілі. Мұндай өңірлер аудан төңірегінде де көп деп ойлаймын. Мәселен, өзім тұратын Көктем ауылы. Бұл ауылдың топырағынан ел қорғаған батыр да шыққан, сөз қорғаған ақын да шыққан. Сонымен қатар Құдайдың қалауымен бойына қасиет қонып, әулиелік дарыған тұлғалар да туған. Солардың бірі және бірегейі – руы Жақайымның Бердіңқұлының Марты, Өтебек баласы Шаяхан ата.
Шипа болған көктен жауған жауыны,
Ерекше ғой біздің Көктемауылы,
Талай мықты әулиені тудырған,
Туған жердің топырағы, бауыры, – деген өлең жолдары осындайда ойға оралады. Көп ауылдың ішінен ерекшеленіп,елдің аузында жүретін ел мен жерді есітсек, ең бірінші құлағымызға Көктемдеген ауылдың аты естіледі.Себебі осы ауылдың шығыс бетінде ауылдан он екі шақырым жерде әулие Шаяхан атаның қорымы бар. Үлкендер Шаяхан ата XVIII ғасырларда өмір сүрген деп айтады. Ел аузынан тарап, бүгінге жеткен қисса-дастандардың,таңғаларлық оқиғалардың ішінде осы Шаяхан ата туралы да көптеген деректер айтылады. Жас болса да бойындағы ерекше әулиелік және емшілік қасиетімен Сыр өңіріне танылған бабаның рухына тағзым ету және мәңгілік жай тапқан осы өңірдің ерекшелігі жайында көптеген таңғажайып оқиғалардың болып отырғаны әлі күнге ел аузында айтылып жүр. Осы әулие атамыздың рухына ауылымыздың адамдары Құран бағыштап, әруағына сыйынып тұрады. Сол әулиелігімен, емдік қасиетімен Арал өңіріне танымал болған.
Он сегізінші ғасырда өмір сүріп, өмірден кеткеніне ұзақ жыл өтсе де бұл күнде ауыл адамдары атаның әруағына Құран бағыштап, дұға тілеп тұрады. Қорымың басына түнеп, Алладан Шаяхан атаны себеп қылып дертіне шипа сұрап, тәнін мазалаған ауруынан талай адам жазылып кетіп жатты. Әрине күпірлік пен шүкірліктің арасын ажырата білетін мұсылман баласымыз. Алайда атаның қасиеті жөнінде таңғалатын талай әңгімелерді естіп жүрміз. Солардың бірі қорым қасынан өткенде атаға дұға бағыштамаған жолаушының көлігі істен шығып немесе басқа да келеңсіз жағдайға тап болған кездер көп болған.Бұл баба жатқан мазалы жердің пендеге көрсеткен ескертуі екені белгілі. Қазіргі уақытқа дейін осы маңды білетін кез келген жолаушы қорым жанына тоқтап, дұға тілемей өтпейді. Біле тұрып, ескерусіз өтіп кетсе жол бойы әлдебір кесірге тап болатынын талай мәрте естідік.
Сол бабамыздың емдік қасиеті жайында да ел аузында көптеген ескі әңгімелер бар. Ауылымызда Орынбасар есімді сынықшы апамыз атаның басына шырақ жағып, қасиетінен шипа іздеген талай адамды қорымға жаяу алып барып жүрді. Ауырып келгендері Алланың қалауымен, атаның әулиелігі арқылы дертінен айығып, тіпті құрсағына бала бітпей жүрген келіндер жақсы жаңалықпен қауышып, талай әкелер ұрпақ сүйді. Көктем ауылы қоныс тепкелі бері атамыз жайлы жақсы әңгімелер айтылып, Құдайдан берілген қасиеті жөнінде көптеген оқиғалар елдің аузында жүр.
Қасиет қонған киелі өңірге біз де осы жолы отбасымызбен барып, Шаяхан атамыздың басында болдық. Сол маңда жатқан өлі әруақтардың рухына Құран бағыштап, еліміздің тыныштығын тілеп, отбасымыздың амандығын сұрадық. Бұл да біздің баба рухына сыйынып, Аллаға жасаған құлшылығымыздың бір көрінісі деп ойлаймын.
А. ЖАХАНОВА,
№227 негізгі мектеп мұғалімі
04 қаңтар 2023 ж. 3 860 0