Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралозавр: Ежелгі динозаврлар әлемі

Аралозавр: Ежелгі динозаврлар әлемі

Мезозой эрасының тіршілік әлемі – алып динозаврлар тұқымдасы біздің өңірде де мекендеген десек, бірі сенсе бірі сенбес. Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің солтүстік шығысында 1957 жылы КСРО Ғылым академиясы Бозтөбе түзілімдеріне жүргізілген экспедиция барысында динозаврдың тұмсықсыз бас сүйегінің қаңқасы табылған. Бас сүйекті палеонтолог Анатолий Рождественский зерттеп, сараптамалар нәтижесінде динозаврдың болжам жасын (93,9–89,8 млн жыл) анықтады. Аталған бас сүйек қаңқасы Арал маңында табылғандықтан, палеонтолог-ғалым А.К.Рожденственский динозаврдың осы бір тұқымдасын Аралозавр деп атады.
Аралозавр – қазіргі Қазақстан жерінде өмір сүрген динозавр туысының гадрозавр тұқымдасына жататын үйрек тұмсықты динозавр. Шамамен Бор кезеңінде өмір сүрген динозаврдың атауы «Арал аймағының кесірткесі» деген мағынаны білдіреді. Аралозаврдың болжамды ұзындығы 8-9 метр, биіктігі 2 метр шамасында болған. Салмағы шамамен 5 тоннаны құрайды.
Ол иілген доға тәріздес тұмысығымен ерекшеленеді. Аралозаврдың бұл доғалы тұмсығы басқа гадрозавридтерге, соның ішінде жақын туысы – грипозаврларға қарағанда жақсы дамыған. Тағы бір ерекшелігі – бас сүйегінің артқы жағы кең, жақ бұлшықеттері үлкен болып келеді. Табылған бас сүйек қаңқасында 1000-ға жуық кішкентай тістерінің болуы байқалған. Тістер өсімдіктерді шайнау үшін пайдаланылды. Бұл шөпқоректі динозаврларда жиі кездеседі, яғни өңірімізде жыртқыш емес, зиянсыз шөпқоректі бауырымен жорғалаушылардың алып түрі болғандығы нақтыланған. Аралозаврдың көздерінің алдында кішкентай үрленген шарларға ұқсас дөңгелектер болған. Ғалымдардың айтуы бойынша, олар осы қос шарды үрлеу арқылы зор дауысын шығарған. Олар оны шар тәрізді үрлеп, жыртқыштарды үркітуге немесе серіктестерді шақыруға пайдаланған болса керек. Бұтақтарды, жапырақтарды және гүлді өсімдіктерді тіссіз тұмсықтарымен кесіп, артқы азу тістерімен шайнаған. Аралозаврлар ұя салуға қолайлы жерлерде балапандарына қамқорлық жасап, қорғау үшін табынмен (үйірмен) бірге жүрген. Артқы аяғы алдыңғы аяққа қарағанда жуан, ұзынырақ және күштірек болған. Ал алдыңғы екі аяғы әлсіз, қысқа, тек талдан қорегін алуға пайдаланған бола керек.
Сыр өңірінде мекендеген алып бауырымен жорғалаушылар қатарында динозаврдың тағы бір түрі – Арыстанозавр да бар. Атауы Сыр топырағындағы Арыстан-баба құдығымен тікелей байланысты. 1972 жылы Бозтөбе түзілімдерінен табылған алып кесірткенің тістері мен жамбас сүйегі Арыстанозаврға тән екені анықталды. Кейін ол Кератопсияға тиесілі болуы мүмкін деген болжам жасалды. Нәтижесінде көп жыл бойы жалғасқан түрлік сәйкестігі бар пікірталас ғалымдар арасында тартысты болжам жасауға себеп болды. 2004 жылы соңғы құрал-жабдықтар көмегімен нүктесі қойылып, гадрозаврларға жататыны нақтыланды. Болжамды биіктігі – 5-6 м, ұзындығы – 15 м, салмағы – 56 тонна болатын шөпқоректі деген анықтама берілген.
Гадрозаврлар, яғни үйрек тұмсықты динозаврлар қатарына жататын Сыр бойында «Батырозавр» да мекен еткен. Батырозавр – Бор дәуірінде жойылып кеткен тағы бір алып шөпқоректі динозаврлар тұқымдасы. Жалпы атауы түрік тілінен аударғанда «жауынгер батыр» сөзінің қосылуы арқылы жасалған. Бұл атау белгілі кеңестік палеонтолог және және азиялық гадрозавроидтарды зерттеген Анатолий Константинович Рождественскийдің құрметіне берілген. Азия территориясында гадрозавр тұқымдастарын жете зерттеген палеонтолог-ғалым А.К.Рождественскийдің орасан еңбегі бағаланып, өз ісінің батыры санаған ғалымдар аталмыш динозаврға «Батырозавр» атауын берген. Шамалық ұзындығы – 5-6 м. Зерттеу барысында үлкен бармақ, төменгі жақ, жартылай ми корпусы, 60 шақты тіс, екі сүйегі табылған. 2012 жылы бельгиялық палеонтолог Паскаль Годфруа және оның әріптестері топтық ғылыми зерттеу анықтамасын жасаған.
Мезозой эрасының бор кезеңінің екінші жартысында жер шарының тіршілік әлемі және физгеографиялық жағдайы күрт өзгерістерге ұшырап, ірі жануарлардың жаппай қырылуы басталды. Оның себебі әлі толық ашылған жоқ.
Сыр топырағында алғаш 1957 жылы табылған аралозаврдың бас сүйек қаңқасы КСРО ғалымдарының Орталық Азия жерінде жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізуге қызығушылығын арттырды. Зерттеу жұмыстары осылай Аралозаврмен қатар, Арыстанозавр және Батырозаврларды анықтады.
Ләззат ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкер
08 қазан 2024 ж. 145 0