Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вон әулетінің тарихы

Вон әулетінің тарихы

Кеңес басшылығының бұйрығы бойынша Қиыр Шығыстың корей халқы 1937 жылы Орта Азия мен Қазақстанға күштеп көшірілді. Тыңшылық маниясына ұшыраған партиялық элита тұтас халықтарды сатқындыққа айыптады.

Бұл тұста Арал ауданындағы «Қасқақұлан» елді мекеніне келген Вон отбасы туралы айтпақпын.

Әжем Күлзарипа Байжанованың айтуынша, Мәскеуден бұйрық келіп немістерді, корейлерді, татарларды және т.б. этнос өкілдерін Арал теңізі арқылы баржа кемесімен әкелген. Аралдың тұрғындары оларға қол ұшын созып, көмектескен. Балықпен, сүтпен тамақтандырып, киім бөліп берген. Сол кездегі корейлердің ұрпақтары – Вон Константин Петрович және Вон Виктор Иванович.

Вон Виктор Иванович «Қасқақұланда» дүниеге келіп, әкесімен бірге «Қаратерең» ауылына көшкен. Әкесі ауылда балық қабылдайтын тресте қабылдаушы болып жұмыс істеген. Кейін Байқоңыр қаласына көшіп, өнеркәсіптік кәсіпорындарда 30 жылдан астам жұмыс істеген В.Вон тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мемлекеттік-унитарлық кәсіпорнының директоры болып тағайындалды. Еңбекқор және жауапты, өз жұмысын ұқыптылықпен әрі мұқият атқаратын кісі еді. Өз ісіне адал, қаланы таза ұстауға үлес қосқан. Оның еңбегі көзге түспесе де, қала тұрғындары үшін өте маңызды жұмыс. Нағыз еңбек адамы болған кісі, кез келген ауа райында өз ісін адал орындайтын. Зейнетке шыққан соң Виктор Иванович Мәскеу қаласына көшіп кеткен. Қазір сонда ғұмыр кешіп жатыр.

Вон Константин Петровичтің де отбасы Байқоңыр қаласында өмір сүріп, қарттық жасқа келген соң, балаларымен Оңтүстік Кореяға көшті. Менің ойымша, бұл тарих бізге халықтар арасындағы достық пен сыйластықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Сол заманның өзінде халық жанашырлығын көрсетіп, адамшылық қасиетін танытып бір отбасыдай өмір сүрген. Қазір корейлер Қазақстанның бір бөлшегі болып, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл – біздің мемлекетіміздің көпұлтты және біртұтас ел екенін дәлелдейтін жарқын мысал.

Бота ЖАНЕНОВА,
М.Мәметова атындағы  Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің 1-курс студенті

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
16 наурыз 2025 ж. 63 0