Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық ризашылығына бөленген қос мекеме

Халық ризашылығына бөленген қос мекеме

Өзіндік тарихы бар Сыр өңіріндегі іргелі ауылдардың бірі – Аманөткел ауылы екендігін барлығы білетін болар.  Атаулы ауылда біршама мекеме жұмыс істеп, қалың көпшілік ризашылығына бөленгені де белгілі. Ендеше бүгінгі мақаламыз Аманөткел ауылындағы мекемелер мен олардың жұмысы туралы болмақ.
Аманөткелде 1964 жылдан бастап қаламызды сумен қамтамасыз ететін су жүйесі мекемесі жұмыс істейді. Мекеме тұрақты түрде Арал қаласын және айналасындағы елді мекендерді, сондай-ақ қаладағы әскери мекемелерді ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған жайы бар. Мұнда 70-ке жуық адам жұмыс істеген. Су жүйесі мекемесіне еңбегі сіңген жұмысшы-қызметкерлерді атап айтар болсақ, Қолғанатов Қолаңбай, Қазиев Беғалы, Өтеғұлов Ерали, Тлеуішов Бимырза, Сариев Әбдікерім, Ибраев Теңізбай, Жалмағанбетов Балтабай, Сералиев Бибіт, Қиынбаев Балтабай, Сүлейменов Сахитжан, Ибраев Әбілқайыр, тағы басқа да азаматтардың еңбегі сіңген екен. Су жүйесі 1987 жылға дейін Арал қаласына су берді. Кейін Арал қаласына Сарбұлақ суы келуіне байланысты Арал қаласындағы әскери мекемелерге, жақын елді мекендерді 1993 жылға дейін сумен қамтамасыз еткен.  Осы жұмыстың арқасында ауыл тіршілігі кеңейіп, көркейіп-көгалданған. Сонымен бірге Аманөткел елді мекеніне Сарбұлақ суы 1997 жылы келген. 1976-1990 жылдары Аманөткелдің әлеуметтік жағдайының артуына сол кездегі ауылдан шыққан азамат, балықшыдан министрге дейін көтеріліп, балық министрі болған Саржанов Құдайбергеннің айтарлықтай еңбегі. Ол кісі министр болып тұрғанда Аманөткелден тоғанды балық шаруашылығы мекемесі және ПМК-4 құрылыс мекемесі ашылды.
1976 жылы Арал рыбпромға қарасты тауарлы көл балық  шаруашылығы ұйымдастырылды. Онда сапалы балық түрлері өсіріліп, жылына 3000 центнерге жуық балық ауланған. Сонымен бірге мал, құс фермасы ұйымдастырылып, өнімдері Қызылорда, Ақтөбе облыстарына дейін таратылды. Шаруашылықта қосымша арнайы жеміс ағаштары да өсірілді. Атаулы мекемеде 60-қа жуық адам жұмыс істеді. Мекеме басшысы болып Жалмағанбетов Балтабай, кейін Жаймағанбетов Кемал атқарған. Сондай-ақ онда еңбегі сіңген инженер-техник Маханбетжанов Қалыбай, бригадирлер Әбілов Жұман, Досаев Ідіріс, жұмысшылар Ермекбаев Нұртай, Ерімбетов Әбжәли, Қайберенов Қайырбол, тағы басқа азаматтар қызмет атқарды.
1984 жылы Аманөткелден Шымкент қаласындағы ПМК-2 мекемесінің бөлімшесі ашылды. 1986 жылы өз алдына дербес ПМК-4 құрылыс мекемесі болып құрылған болатын. Мекемеде 150-ге жуық адам жұмыс істеді. Жұмысшы-қызметкерлерге арнап 50-ге жуық үй салынып, атаулы мекеме жаңа құрал-жабдықтармен және де жаңа техникалармен жабдықталды. Мекемеде бөлімше бастығы, мекеме басшылары болып Байсалбаев Ақмырза, Талапбаев Еділ, Шыманов Ұснадин, Махатов Лайық, Кенегесов Жолдас қызмет атқарды. Сонымен бірге Қуандықов Елубай – жабықтау бөлімі бастығы, Кенжеғұлов Мырзахан – бас механик, Иманалиев Шалабай – бас есепші,  Ералиев Махсұт – механик, Үсенов Құндақбай – мастер, Тәуекелов Қылышбай – қоймашы. Басқа да механизатор, құрылысшы болып ауыл азаматтары қызмет етті.
Байқағанымыздай, ауыл тіршілігін кеңейтетін ірілі-кішілі мекемелер баршылық. Ондағы тынымсыз жұмыс та қарапайым халық игілігіне жарап, ризашылығына бөленген.

А.НҰРЛАНОВА         
24 қараша 2022 ж. 443 0