Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мейірім үшін түр мен тіл таразы емес...»

«Мейірім үшін түр мен тіл таразы емес...»

1 мамыр жақындағаннан-ақ өзге ұлт өкілінен кейіпкер іздейтініміз рас. Себебі белгілі, бұл күн – Қазақстан халқының бірлігі күні. Кейіпкер іздегендегі мақсатымыз сан тараптан ағылып, қазақ топырағында тоғысқан тағдырларды көпшілік санасында және бір жаңғыртсақ дейміз. Өзегі талып жеткен халыққа құшағын жайған, бүгінде алып бәйтерекке айналған халқымыздың татулықтан алған тартуын көрсетсек дейміз. Осындай оймен қала тұрғыны Виктор Чумаштың үйіне арнайы барғанбыз. Аулада күйкі тірлікпен қыбырлап жүр екен. Сәлем-сауқаттан соң, келген себебімізді айттық, ол иегімен үйді меңзеді. Осылай жылышырай сәлеміміз сұқбатқа ұласып кетті.
М.ҚҰРМАНӘЛІ

Біз білетін анықтамада Виктор Чумаш – молдаван ұлтының өкілі, мұғалім. Қаладағы №13 Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Арал қаласында туған. Алайда, әңгімемізді әріден қозғау үшін Чумаш әулетінің биографиясынан бастағымыз келді. Сондықтан кейіпкерімізден әке-шешесі қазақ жеріне қалай келгенін, Арал топырағына қалай тұрақтағаны жайлы сұрадық. «...Ата-әжем өмірден ерте өтіп, әкем 9 жасында жетім қалған екен» деді ол тамағын бір кенеп алып. «Бір көкесі болыпты, алайда жасы ұлғайған, әкеме қарайтын шамасы болмапты. Соғыстың алдындағы қиын кезеңдер ғой. Содан соғыс алдында 1939 жылы балалар үйіндегі балалармен бірге әкемді де Ресейдің Тольятти қаласынан қазақ даласына көшіріп жібереді. Осылайша тағдырдың жазуымен әкем теңіз толқыны іргесінде шалқыған Арал қаласына айдалып келеді. Одан кейін соғыс басталды. Әйелдер мен өрімдей балалар жұмысқа тартылғаны белгілі. Міне, сол лекпен әкем 11-12 жасынан бастап балық комбинатында механикалық цехта жұмыс істеген. Кейін Аманөткелде де еңбек етті» деді ол бізбен әңгімесінде. Ал анасы өзінің әке-шешесімен бірге Орынбор қаласынан көшіп келген екен. Жұмыс бабымен болса керек, кейіннен осында тұрақтап қалған. Бала күннен Арал топырағына сіңіскен соң анасы да осында жұмыс істеген. 20 жылдай балық комбинатта болса, 25 жылға жуық қалалық ауруханада тазалықшы болған. Ол кез Аралдың аты әлемге жайылып тұрған шақ. Теңіз бетінде қайнаған тіршілік. Жұмыс көзі көп. Балық тонналап тасымалданатын уақыт қой. Виктор ағамыздың әке-шешесі балық комбинатында жұмыс істеп жүргенде танысқан екен. Осылай тағдырдың табыстыруымен бас қосып, шаңырақ көтереді. Өмірге 4 бала әкеледі. – Сол төртеуден қазір жалғыз өзім қалдым. Бір ағам мен апам кішкентай күнінде қайтыс болыпты. Ал 1955 жылғы ағам кейініректе өмірден озды. Ол 72 жылдары Тольяттиге кетіп, сол жақта үйленіп, қалып қойған. Одан қыз бен ұл бар. Қазір балалары сол жақта тұрады. Хабарласпағаныма көп уақыт болды. Әкем 1984 жылы қайтыс болды. Ал анам кейінірек 2001 жылдары өмірден озды. Екеуі де осында, өскен топырағында жерленді, – дейді кейіпкеріміз. Қаладағы №14 мектептен 11 сыныпты аяқтаған ол одан кейін Шымкенттегі дене шынықтыру техникумын бітірген. Бұл саланы таңдауының себебі де бар. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ жүйрік атанған ол талай қашықтыққа жүгіру сайысында жүлделі орындарға ілігіп, спортқа деген қызығушылығы арта түскен. Сол арманмен Шымкентке аттанады. Кейін туған жерге қайта оралып, жұмыс істеп, сосын әскер қатарына шақырылады. Борышын өтеп келген соң, мектепке мұғалім боп орналасады. Бүгінде №13 мектепте еңбек етіп келе жатқанына 36 жылға жуық уақыт өтіпті. Өз саласында жеткен жетістігі де аз емес. Оқушылары талай сайыста топ жарып, жүлдеге ілініп жүр. Бұл мамандығына деген адалдығының жемісі болса керек. Бүгінде жұбайы Жанат екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, бақытты отбасына айналып отыр. Өткен ғасыр қазақ сахарасы үшін сынаққа толы жыл болды. Ұлы дала төсінде талай тағдыр, қаншама халық мидай араласып жатты. Соның ішінде Сыр өңірін, Арал айдынын паналап келген қаншама ұлыс бар. Жат жерден келсе де, жергілікті халық мейірімін аяған жоқ, барымен бөлісті. Сол мейіріммен көктеген қаншама ұлт өкілі бүгінде осында тұрақтап, тамыр жайды. Осындай жандардың бірі – Виктор Чумаштың отбасы. Қуғын-сүргінмен қудаланып келмесе де, буыны қатаймай жатып тағдыр сынына ұшыраған әкесін Арал топырағы аш қалдырған жоқ. Керісінше, бақытты күндерін өткізді. Осы үшін кейіпкеріміздің де алғыстан өзге айтары жоқ. – Ең алдымен елімізде бірлік, береке болсын. Қазақ жеріндегі әрбір ұлт өзін осы елдің патриоты деп санайды. Себебі халқымыз қиыншылықта көп көмектесті. Елімізде жаманшылық болмасын деп тілеймін, – деді ол ағынан жарылып. Сосын, – мен сөйлеуге келгенде қиналамын. Ойымды әрі қарай өзің толықтырып жіберерсің, келтіріп, – деді бізге күле қарап. Біз де бас изедік. Ауыздан сөз боп шықпағанымен, кеудесінде ыстық ықылас, жылы лебіз жатқанын сездік. Адамдар арасындағы, халық арасындағы мейірім үшін түріміз таразы бола алмайтынын түсіндік.
01 мамыр 2020 ж. 642 0