Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берлин шайқасының қаһарманы

Берлин шайқасының қаһарманы

Арғы-бергі адамзат тарихы­ның қаралы беттері - ел мен жер үшін болған қанды майдан со­ғыстар. Қаншама жанды жалма­ған қырғындар адамдардың бейбіт қатар, қалыпты өмір тіршілігін бұзды. Жап-жас бозбалалардың арман-мақсаттарын күл-парша етіп біржолата жойды. Жер-жаһанды, күллі дүниені қан-қасапқа айналдырған гитлершіл неміс фашизмі бейбіт, тыныш өмірге енді ғана иек арта бастаған Кеңес Одағының басына үлкен қатер төндірді. Әскери техникасы самсаған, бақайшағына дейін қаруланған фюрьер армиясына қарсы қазақтың арыстай-арыстай ұлдары мен қаракөз қыздары қасқая соғысып, шыбын жандарын қиып, олардың қанды жолын бөгеп, кері қайтарды. Өлім мен өмір арпалысқан ажал аузында, жан алып, жан беріскен жанталаста елдің болашағы сынға түскен.
Отқа оранған ел аймағын қор­ғауға он сегіз жасында қолы­на қару алып аттанған түбіт мұртты бозбалалардың бірі - дария жағасындағы Райым ауылы­ның тумасы Жұмахмет Бұхар­баев болатын. Бір отбасынан үш жауынгер, яғни тете өскен ағалар Әбілда, Молдахметтің соңын ала шақыру қағазы оның да қолына тиген еді. Соғыста жүрген екі ары­сының амандығын тілеп отырған кеуана анасы көз жасы көл болып кенжесі үшінші ұлын да қызыл вагонға жылай-жылай мінгізіп жіберіп, бір Алладан құлын мүшесіне сызат түспеуін тілеп қала берген. Соғыс қасіреті сол - үлкен екеуі сонау Еуропа­ның бір пұшпағында жаумен айқаста ерлікпен қаза тауып, мәңгілік жер құшағына енді. Бүгінде олардың есімдері Қам­баш стансасындағы "Боздақтар" тақтасында қашалып жазылып тұр. Олар сүйген сұлуларын құшып, ұрпақ өрбіте де алмай қыршын кетті. Әсіресе Әбілда ағасы жастайынан елге танымал болған, қара домбыраның құла­ғында ойнаған дәулескер күші еді. Соғыс болмағанда айдынды өңірден қазақ өнерінде де  соқта­лы орны бар жампоз өнерпаз аттанар ма еді. Міне, қанқұйлы соғыс салған жойдасыз ылаң, соғыс әкелген зұлматты қасірет, соғыс қалдырған кесірлі кесапат.
"Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жоқ пенде өлмейді" дегендей, Бұхарбай әулетінің кіші баласы Жұмахмет Ұлы Отан соғысынан он екі мүшесі сау, аман-есен келіп, ел-жұртына қосылып, айналасын қуантады. Жастай көрген соғыстың алапат шайқастары, есепсіз адам өлімі жас жігітті ерте есейтіп жіберген екен. Өзі күні кеше ғана қанды қырғынның ортасында болып, қолына қару ұстап қатысып кел­ген майдан жайлы көп ашылып айта бермейтін. Мүмкін жүрегіне ауыр тиетін болғандықтан да, сондай ауыр күй кешкен болар. Қалай дегенмен де, адам қаны су болып аққан соғыстың ойын емес екені анық-ты.
Берекелі бейбіт өмір ауанын­да уақыт зымырап өтіп жатты. Соғыс ардагері Жұмахметтің кеудесіндегі бір-екі орден-ме­дальды да көп жұрттың көзі шала қоймаған. Өйткені ол мара­паттар тағылған костюмін тым-тым сирек иығына жамылатын.
Жеңімпаз жауынгер туралы кей кездесулерде, Жеңіс күнгі мерекелік шараларда қысқаша өмірдеректері оқылатын. Онда былай деп жазылатын: "Азамат Бұхарбаев Жұмахмет 1925 жылы Райым елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жылы Райым ауыл­ындағы сегізжылдық мектепті тәмамдаған. 1943 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Ол Польша­ны, Венгрияны азат етуге қатыса­ды. Фашизмнің ордасы Берлинге дейін барып, сол жерде отшашу шашып, Жеңіс тойын тойлайды.
Ауылға аман-есен келген соң, 1950 жылы Қамыстыбас станса­сы­на көшіп келіп, Бөген ауылында ауылдық кеңестің хатшылығы қызметін атқарады. 1966 жылы педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, 1958-1988 жылдар аралығында Қам­баш ауылындағы №21 орта мектеп­те тарих және әскери дай­ындық пәнінен шәкірттерге үз­бес­тен 30 жыл бойы білім берген. 1988 жылы зейнет жасына жеткен соң, ауылдағы ардагерлер кеңесін басқарған, елге ағалық еткен.
Қарт жауынгер 2001 жылы 76 жасында дүниеден озды". Бар болғаны осы. Ал шындығында сұрапыл соғыс ардагерінің өмір­баяны асқан қаһармандылықтың, парасаттылықтың нағыз үлгісі еді. Қаламы жүйрік журналист-жазушы кездескенде оның өмірі­нен үлкен бір кітаптың, соғыс және бейбітшілік заманның эпо­пея­сы туындары әбден мүмкін еді. Және ол кітап бейбіт сүйгіш қазақ жұртының соғыс деген ажал ара­нына қарсылығының айбатты үні болар ма еді.
Саналы ғұмырында майдан даласында басынан өткерген қан­ды кезеңдерді абыз қарт жақ ашып, көп айта бермегендіктен де болар, бір жылы Қамбаш ауылын дүр сілкіндірген қызықты жәй да болған екен. Жылда Жеңіс күні басқа ауылдар сияқты Қамбашта да бұл күн тұрақты аталып өтіп жатады. Сол бір мерейтойлы жыл­да, яғни 1995 жылы соғыстың аяқ­талғанына 50 жыл болғанда Ел Президентінен теміржол станса­сы­на мынандай сөздермен бастал­ған құттықтау жетеді:
"Құрметті Ұлы Отан соғысы­ның офицері Жұмахмет Бұхар­баев!.." деп басталатын құттық­таудан "Офицер" деген керемет сөзді көздері көрген ауылдағылар айран-асыр қалады. Сөйтсе ша­ғын стансада өздерімен бірге еш елеусіз қарапайым тірлік кешіп жатқан ақсақалдың кәдімгі әске­ри шенді білдей офицер екендігін бірінші рет естіп тұр. Содан ауыл­дастары қаһарман қартты бәрі қосыла құттықтап, бір марқайып қалады. "Біздің Қамбаштың батыр офицері" деп төбелері көкке жетеді.
Бүгінде жеңімпаз жауынгер­дің естияр ұрпақтары ардагер әкенің құжаттарына, Ресей архив деректеріне, "Память народа" сияқты әскери сайттарға үңіле от­ырып қаһарман әкенің ерлікке толы жауынгерлік жолын бірша­ма толықтыра танып отыр.
Райым ауылындағы орталау мектепті бітіріп, арман асуына беттейтін жылдары сұм соғысқа тап болған Жұмахмет ел басына күн туса, ер етігімен су кешер" де­гендей, әскер қатарына шақыр­ылып, Арал аудандық әскери комиссариат арқылы 1943 жыл­дың ерте көктемінде, наурыз ай­ының басында ол мінген қызыл вагон отқа оранып жатқан Батыс­қа қарай емес, тура Шығысқа қарай тартты. Әскери полигонға түсіріліп, 1 мамырда әскери ант қабылдады. Орыс тілін жетік мең­герген, білімді, көзі отты жасты командалық құрам өкілдері Таш­кент қаласындағы офицерлер дай­ындайтын училищеге жібереді. Осы оқу орнында бір жыл үш ай оқып, соғыс ісіне маманданып, әскери тәртіпті шексіз меңгеріп шығады. Енді, әрине, беталысы жауған оқ пен қызыл жалын отқа оранған майдан даласы болары анық.
Қызыл Армия бұл кезде жау дивизияларын бірінен соң бірін талқандап, Еуропа жеріне дейін індете қуған. Училищеде лейте­нант шенін алған Жұмахмет Бұх­ар­баев 1944 жылдың күзінде І-ші Беларусь майданы құрамындағы 5-екпінді армиясының атқыштар взводының командирі ретінде зұлым жаумен Польша, Венгрия жерінде бетпе-бет айқасқа түседі. Қиян-кескі шайқастарды басынан өткерді. Әсіресе фашистік Рейх­тың аждаһалы ордасы - Берлин үшін шайқаста тас қамалға айнал­ған қаланың әрбір шақырымын алу бірнеше айға созылып кетіп жатқан. Қақыраған қаланың тас­тақты көшелерінде адам қаны судай боп аққан.
Берлинді алу шайқасында қайсар лейтенант Бұхарбаев Жұм­ахмет ерен ерлігі үшін ІІ-дәрежелі "Отан соғысы" орденін өр кеудесіне жарқыратып тақты. Осы орденнің әскери архивте қатталып қалған марапаттау парақшасында: "...Берлин қаласы­ның орталығындағы көшелердегі ұрыстарда көрсеткен табандылы­ғы, ерлігі мен өз взводын басқа­рудағы қырағылығы үшін берілді. Ол 1945 жылы 29 сәуірде коман­дованиеден алған тапсырмасымен - жаудың автоматшылар тобын дереу жойып, олар орналасқан ин­женерлікпен дайындалған қорған­ыс-бекінісін алды. Бұйрықты ор­ындау барысында жаумен жанта­ласқан ұрыста өз взводымен бірге немістің 22 солдаты мен офицерін жер жастандырды. Осы ұрыста жау пулеметін және үлкен көлем­дегі оқ-дәрілерін қолға түсірді.
Бұл ұрыста ол өзін батыл офи­цер ретінде көрсетіп, жау офи­цер­інің көзін жойды" деп жазыл­ған ұсынысқа 899-атқыштар пол­кінің командирі, полковник Ар­темьев қол қойған.
Қазақтың намысты жас офи­церінің қанды шайқастағы көзсіз ерлігі осылайша командалық басшылар тарапынан нағыз қа­һар­мандық деп жоғары бағалан­ған.
Қаншама қасарысса да, Қызыл Армияның тегеурінді соққылар­ына төтеп бере алмай, он күннен кейін өз ордасы Берлиннен айыр­ылған гитлершілдер біржолата  жеңіліп, төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталды. Ұлы Жеңістің алғашқы айлар­ында кешегі соңғы шайқастарда ерекше көзге түскен офицерлер мен жауынгерлер, әскери бөлім­дер мемлекеттік марапаттарға ие болып жатты. Солардың қатар­ын­да жеңімпаз лейтенант Жұм­ахмет Бұхарбаевқа "Берлинді алғаны үшін", "1941-1945 жылдар­дағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" ме­даль­дары құрметпен табысталды.
Адамзаттың басына қанды дүрбелең тудырған Екінші дүние­жүзілік соғыс аяқталды. Жеңістен соң тура бір жыл өткен соң, 1946 жылдың 29 мамырында Герман­иядағы Кеңес Үкіметінің оккупа­циялық әскери тобының Бас Қол­басшысының №0514 бұйрығы­мен лейтенант Жұмахмет Бұхар­баев әскер сапынан босатылып, Еуропа төрінен алыста қалған елі Қазақстанға, кең сахаралы туған жеріне қайтты.
Атамекені, жағалауын дария толқыны шайған Райым ауылына оралып, бейбіт өмірге араласты. Осындағы ауылдық кеңестің төра­­ғасы болды. 1954 жылы таң­дап сүйген өмірлік жары Фатима­мен бас қосып, көтерген шағын отауы аз жылда үлкен шаңыраққа айналды. Берекелі әулетте Гүлжа­һан, Ысқақ, Серік, Гүлайым, Сә­бит, Гүлсім, Гүлсара, Ғабит, Гүл­марам атты тоғыз ұл-қыз дүниеге келіп, шаңырақтың кере­гесін кеңейтті, шатыққа бөледі. Соғыс көрген арда азамат бейбіт күннің нұр шуағына бөленгендей болды.
Әулет басшысы ұлағатты ұс­таз болғандықтан да, ұрпақтары­ның дені педагогтік жолды, білім соқпағын таңдап, бүгінде жер-жер­де, алыс-жақындардағы білім ұялар­ында жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүр.
"Мен соғыс арда­герімін" деп ешқашан ел алдында айтпаған, "Мен батыр офицер­мін" деп ешқа­шан кеу­де кермеген ас­ыл аза­мат­тың бір игі­лікті, өз көңілін тын­ш­ытқан жұм­ысы Қамбаш ауыл­ында соғыста құр­бан бол­ғандарға арнал­ған белгі-тақта ашыл­ғанда соған қос бауыры, қан майданнан орал­маған ағалары, арманда кет­кен боздақтар Әбіл­да мен Молд­ахмет Бұхарбаев­тар­дың қасиетті есімдерін жаз­дырғаны екен. Сол ескерткіштің жанынан әрбір өт­кен кезінде қос ағасын көргендей бір сәт кідіріп, екеуіне сәлем бер­гендей ернін жыбыр­латып, тағзым рәсімін жасап өтеді екен. Елін қорғаған ерлер ешқашан ұмытыл­масын деп кейінгілерге аманат етіпті.
Бейбіт заман көшінде, білім ұясында абыройлы қыз­мет етіп, кейін ауылдың абыз ақсақалы болып жүрген Жұм­ахмет ағаны аудан­да­ғы әскери комиссари­ат, оның командирлері М.Митленко, Құлмұра­товтар, басқа да тиісті органдар ешқашан на­зардан тыс қалдырмап­ты. Оның әскери билет­інде мөрленіп жазылған­дай, ардагер офицерге 1975 жы­лы "Аға лейтенант", 1995 жылы "Капитан", 2000 жылы "Майор" әскери шендері беріліп, ІІ-дәре­желі запастағы офицер ретінде ескеріп отырған екен.
Міне, Қамбашта ғұмыр кеш­кен осы ауылдың тұңғыш офиц­ері, парасат биігіне көтерілген білімді де білікті педагог, бүкіл өмірін халқына арнаған тура­шыл тұлға, майор Жұмахмет Бұхарбаевтың кезекті Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ақ параққа түс­кен азды-көпті өмір соқпағы осындай. Ал біздің білетініміз оның жолы - ұрпаққа өнеге, оның есімі елге аманат.
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
10 тамыз 2026 ж. 91 0