Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАУЫНГЕР ЖОЛДАНБАЕВ

ЖАУЫНГЕР ЖОЛДАНБАЕВ

Екінші дүниежүзілік соғыс алты жылға созылып, адамзат тарихындағы ең қантөгісті шайқас болғанын білеміз. Ондаған мемлекеттер еріксіз тап болған сойқан соғыс қаншама адамның өмірін үзіп, миллиондаған жанға қайғы-қасірет арқалатып, мыңдаған қалалар мен ауылдарды жермен-жексен етті. Адамзаттың санасында үлкен үрей тудырып, оны бастағандарға лағнет айтты. Жарымжан жандар жылдар бойы жан мен тән азабын бастарынан өткерді.Орталық Азияның бір пұшпағында жатқан Арал теңізі жағалауының жұртшылығы да сұрапыл соғыстың барлық тақсіретін бастан өткерді. Жас қыршын өмірлері майдан даласында қиылса, жауынгер ұлдардың аналары мен жесірлері ұлан даланы зарға толтырды.
Ұлы Отан соғысының от пен оғының арасында болған аралдық азаматтардың бірі – Сатқан Жолданбаев еді. Оның бүкіл ғұмыры туған жері аралдықтардың көз алдында жатыр. Белгілі азамат тек неміс-фашизмі және жапондармен болған соғыста нағыз ерлерше арпалысып қоймай, кейінгі бейбіт өмірде де өзінің шарболаттай мықтылығымен, әділдігі және шыншылдығымен мемлекеттің меншікті мүлкін, Арал теңізінің балық өнімін көздің қарашығындай қорғау жолындап қалтықсыз қызмет еткен.
Ол 1924 жылы Көктем-Көгерту алқабында туған. Әкесі Жолданбай – Орынборға керуен тартқан іскер, ауқатты кісінің баласы екен. Еті тірі Жолданбай да сол тірлікті жалғастырмақ ниетте болады. Бірақ Кеңес өкіметі ұйымдастырған зұлматтарға отбасы тап болады. Елді жайлаған аштық, түрлі аурулардан төрт баласы шетінеп, ұлдан Сатқаны, қыздан Шоқаны ғана аман қалады.
Қазақта қара шаңыраққа ие болатын ұлдың орны өзгеше ғой. Жолданбай мен құдай қосқан жары Ақсүйрік Сатқанды алақандарына салып өсіруге тыр­ысты. Молда болсын деген ниетпен діни мектепке берген. Оған басы асау ұлы көнбеді. Ақыры Аралдағы орыс мектебінің табалдырығын аттатқан. Естияр бала көп өзге ұлттың ішіндегі бір қазақ болса да, қатарынан озып үздік оқып бітірді. Сөйткенше соғыс та басталып кетіп, елдің басына екіталай күн туды.
Бозбала жігіт он сегізге толған шағында 1942 жылы 7 қарашада әскерге шақырылып, қолына қару алды. Бір жақсысы, орыс мектебін бітіргендіктен де Сатқан әскер ісін демде-ақ меңгеріп кетті. 1942-1943 жылдары 13-ат­қыштар бригадасының атқышы болды. Ал 1943 жылдың соңынан №18 пулеметшілер батальонының пулеметшісі болды. Неміс-фашистерімен болған шайқастардың бел ортасына түскен. Жауынгер С.Жолданбаевқа №93259 пулемет, №0551 противогаз, №72 күрекше бекітіліп берілді.
Кеңес әскері неміс-фашистерді Еуропаға қарай тықсырып, алдағы жеңісті күнге деген сенімді оята бастады. Алайда Шығыста милитаристік Жапония әлі күш-қуатында қауіп төндіріп тұрған. Кеңес әскери басшылығы Сатқан Жолданбаев қызмет еткен әскери бөлімшені Шығысқа көшірді. Сөйтіп 9 мамырдағы Жеңістен соң, бірнеше ай өткен соң, 9 тамызда Жапониямен соғыс басталды. Пулеметшілер батальоны алғы шепте болды. Кеңес Одағы мен Моңғолия Қарулы Күштерінің Жапонияға қарсы жүргізген соғысы тегеурінді болды. Жапондар басып алған аралдар аймағынан кеткісі жоқ-тын.
Жауынгер С.Жолданбаев бір ай шамасы уақыт ішінде Моңғолия, Қытай елдерінің халқын азаттыққа жеткізген шайқастарда болды. Күші жағынан, әскери техникасы жағынан басым Қызыл Армия бұл майдандағы жеңісті де жақындатты. Қыркүйектің басында Жапония тізе бүкті. Квантун армиясы тас-талқан боп жеңілді. «Миссури» линкорында олар өзінің толық жеңілгендігі туралы актіге қол қойды.
Екінші дүниежүзілік соғысты бастаған неміс фашизмімен жапон милитаристерінің жеңілуіне аралдық жауынгер Сатқан Жолдановтың да үлесі бар еді. Қан майдандағы ерен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі бастаған бірнеше төсбелгілері жеңімпаз солдаттың кеудесінде жарқырап тұрды.
Ұлы Жеңіс келгенімен де соғыс өрті қайта тұтанып кетпеуі үшін көптеген офицерлер мен солдаттар әскер қатарында сақадай болып қала берді. 1947 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің демоблизация туралы қаулысынан кейін ғана елге, айдынды Аралына оралуға мүмкіндік туды.
Бейбіт өмірде Сатқан Жолданбаев бір-ақ салада – балық қорғау мемлекеттік инспекциясында қызмет етті. Білімді жігіт Гурьев балық өнеркәсібі техникумын «Ихтиология және балық өсіру» мамандығы бойынша бітіріп алды. Балық инспекторы ретінде арлы азаматтың «Ең мықты инспектор» деген аты шыққан. Өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарып, мемлекеттік мүддені қалтықсыз қорғады. Озат та үлгілі маман ретінде талай рет сыйлықтар мен сыйақыларға ұсынылып «Еңбек кітапшасында» тізіліп жазылып тұр. Бейбіт күнде де ардагер азамат майдандағыдай тәртіпті бұлжытпай ұстапты. Әке абыройын бүгінде балалары, немерелері мақтан етіп отырады.

Ерғали Абдулла
17 маусым 2025 ж. 38 0